Темірхан Медетбек: “ӘЛІ ТАЛАЙ АЗАПТАЙДЫ АЛДА СЫН”… немесе бүгінгі заманның ғашықтық ғазалдары

 

Kazybek Isa

Әлемнің небір дуалы ауыздары ақынға, ең алдымен табиғат берген талантпен қоса, мінез керек деп жатады. Мінез болғанда да, қандай бір сұрқия, сұмпайы заманда да табаны таймайтын, қайсарлығы қара тасты қақ жарып шыққан мінез керек. Сондай мінезге ие ақын ғана жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетпейді. Жалбырап жалбаңдауды, алақтап жалтақтауды білмейді. Өзінің өмірлік азаматтық ұстанымынан, яғни, позициясынан ауытқымайды. Қай кезде де елі мен жерінің мүддесін бәрінен биік қояды. Бұл—бәрімізге белгілі ежелгі аксиома.

  Сонымен бірге ақын көбіне- көп өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне тартып туса керек. Ал туған жерінің бар болмыс- бітімін бойына сіңіріп өскен ақын ғана бүкіл елін қамтып сүйе алатын қуатқа ие бола алмақ.

Міне, сондай тайсақтап, жалтаруды білмейтін мінезге де, бойына туған жердің қадір- қасиетін молынан сіңіріп алған да ақындарымыздың бірі көптен бері өзінің табанды жырларымен оқырмандарын тәнті етіп келе жатқан Қазыбек Иса дар едік.

Тіпті әлгінде тәптіштеп айтып өткен мінез дегеніміз де туған жердің табиғатынан сомдалып шығатын болса керек. Сондықтан бірінсіз бірін қарастыру мүмкін еместей. Олар, бейне бір, жұптасып кеткен егіз ұғымдай.

Қазыбек Иса Қызылқұмда туып- өскен ақын. Оның өлеңдерінің жыңғылдай тарамыс, сексеуілдей сіңірлі, құмдай ыстық болып келетіні содан болса керек. Аптаптың астында, керімсалдың өтіндегі шөлді аймақта туып- өскен оның қашан көрсең де мынау тірлік пен өмірге шөлдеп, еріні кеберсіп, кенезесі кеуіп тұратыны да, сол туған жердің топырағынан сіңген қасиеттен деп білеміз. Ол өзінің кітаптарының аттарын  “Керімсал”, “Қызыл жыңғыл”, “Тәтті шөл” деп атауы да сол табиғи болмыстан. Ми қайнатып аңқа кептіріп жіберердей аптап астында өскен, ылғи да тұла бойын шөл буып тұратын ақынның туған жерге деген махаббаты да соншалықты ыстық.

 

Табаныңда тартылғанда үзеңгі,

Тағдыр салса, басарсың- ау жүз елді.

Қаншама кең болғанменен қара жер

Бір- ақ         жерге бүгесің ғой тізеңді.

 

Еріп кетіп өмір деген көшкінге,

Кешеді елің,

Келсең де сен кеш мүлде…

Кіндік кесіп,

Жүрегіңе жалғаған

Тартылысты жеңе алмайды ешкім де,-

 

дейді ол өзінің “Тартылыс” деген өлеңінде. Ие, жүрегіне жалғанған туған жерге деген тартылыс күшін жеңу мүмкін емес. Ол тартылыс, біле білсек Ньютонның тартылыс заңынан да қуатты. Осындай тартылысқа ие ақын туған жерінің терезесін қағып тұратын көктемнің шулы жаңбырына да, бұтаққа ілінген жемістері қоңыраудай тербетілген күміс күмбірлі күзіне де, қабағынан қар жауған қыраулы қысына да, аңқа кептірген аптапты жазына да елти беріліп, еліге ұмтылып бағады. Оның қылт еткен бұтасы мен жылт еткен шығына дейін көзінен таса етпейді. Ондайда ақын “Қараталға қаптап өскен бүршіктен өлең өсіп кететіндей көремін” деп марқайып, масаттанып кетеді. Әрине, бүршіктен өсіп келе жатқан өлең көре білу, сөз жоқ, поэтикалық қырағылық!

Мен де Қызылқұмды, оның стихиясын бір кісідей білетін адаммын. Дариядан өтсек болды, Қызылқұм басталады. Көп жұрт, бір таңғарарлығы, шөлді кеңістікті ысылдап, сусылдап жатқан құм ғана деп ойлайды. Әрине, ол түсінікті мүлде жоққа шығаруға болмайды. Бірақ барлық жыл мезгілінде солай деу қате. Әсіресе, көктемін айтсаңшы. Оның сол кездегі ду көтеріліп, өзіңді де, көзіңді де қатар арбап түлеп тұрғанын көрген жан жұмақ деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Тек әттегенайы ол “жұмақ” сошалықты шолақ, соншалықты келте. Бірақ сол бір келте қызықты бір көрген адам өмірі ұмыта алмайтыны сөзсіз. Әсіресе, оның қызғалдаққа көміліп жатқан кезін көрсең ғой.

Қызыл гүлді қырқаның алабы бау,

           Жанып жатқан секілді дала мынау.

           Ақбоз аттың бауыры қызыл тартып,

           Құйғытады—өртеніп барады ма- ау?..

 

           Қанқызылға малшынған жота мына,

           Жамал етпей жалауын жатады ма?

           Күн мен гүлден қызарған қойшы келер

           От ішінде оттаған отарына.

 

           Басшыларға деген бір өкпесі де

           Басылыпты,

           Сақталсын көп несіне.

           Тоқал тамның басында топ қызғалдақ

           Түсіреді жайнаған шоқты есіңе.

 

           Масатыға марқайған малшы қандай,

           Әу дегісі келеді әнші жаңдай.

           Орақ жайын ойына алу қиын

           Қызғалдақтан қып- қызыл қан шығардай.

 

Қызылқұмның қызғалдақтары-ай! Әттең, суретші болсаң, қолыңа қыл қалам алып, құмдағы қызғалдақтардай боп қып- қызыл болып өртеніп жатқан осы өлеңге қарап отырып- ақ сол қызғалдақтарды бейнелейтін топтама суреттерді бірінен соң бірін тоғытып- ақ тастар ең. Өйткені бұл өлең—тұла бойынан қызуы кетпейтін қып- қызыл бояуы сорғалап тұрған өлең ғой.

Қазыбектің о бастағы алған мамандығы суретші болғандықтан ба, сөзбен сурет салуға құштар- ақ. Содан да ол күзді күнгі тал, ағаштардың |”Сорасы ағып, баса алмай тұр солқылын, Су астында қалғандықтан жалаңаш” екенін көрсе, қысты күні “Ауызыңнан шыққан буыңды уыстап алса болғандай” екенін көз алдына келтіріп қоймайды, сонымен бірге “Қисық бұтақ желменен бұраңдайды Қисық біткен өмірдің жолдарындай” деп қатаң ескертетіні де бар.

Ақын енді Шардара аймағынан, Қызылқұм аумағынан шығып, елінің ұлы кеңістігін аралап бара жатты. “Астында жатқан алтынның буы болар- ау, Адамы түгел ақындай сөйлер толғанып” жатқан Жезқазғанды көріп, “Айдың сүтімен жуынып” тұрған Әзірет Сұлтан кесенесіне түнеп, “Бұлттың төбесінен қараған” Кеген кереметімен кездесіп, “Баян сұлу жуынған бұлақтан” мейірін қандырып, “Буратасының өзіне бұта өсетін” құт мекен Меркімен қауышты. Олардың бәрі де көктемгі желдей аңқылдап келген ақынға құшақтарын айқара ашып, бауырларына басты. Ақын жаны сол сапарлардан еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке шүпілдеп толып, оның сезім пернелерін әуендер мен әуездерге сәл шайқалса төгіліп кетердей етіп лықсытып жіберген еді.

Қазыбек Исаның тарихи тұлғаларымыз жайлы жазған өлеңдері де өзінің терең қатпарларға үңіле білуімен, екпінді тегеуірінімен ерекше естіледі. Ол өлеңдердің негізінен тарихты танып білу үшін ғана емес, ең алдымен одан тағылым алу үшін жазылғанын бағамдаймыз. Мәселен, оның Махамбетке арналған “Қызғыш құс” деген өлеңінде

 

Опасыз неме ақталса

           Опығы неткен зор еді.

           Бассыздар егер көп болса

Басыңа қауіп төнеді,–

 

дейді. Бұл тек Махамбет тағдыры туралы өлең емес. Оның арғы астарында қай заманды болсын ишаралап тұрған үлкен гәп бар. Одан жұмыр басты пенделер тәлім алар ма екен, алмас па екен? Бұл—бәрімізді ойландырып, толғандырар аса қиын сұрақ. Оны одан әрі тарқата берсең, тарам- тарамды тар жол, тайғақ кешулі жолға түсіп кетесің…

Ал Абайға бағышталып айтылған өлеңдегі “Оразбайдың қамшысы күйік емес, Оянбай ел жатқаны қиын екен” деген жолдардың салмағы да еңсеңді езіп жіберердей ауыр. Сондай- ақ оның “Той іздеген тондыларды тоңдырып” жіберді деген бір ауыз сөзінен-ақ Жамбыл рухының қуатын сезінесіз.

Қазыбектің “Сәкеннің соңғы суретін көргенде” деген өлеңі тұнып тұрған драма, тіпті қасіретті трагедия деуге болады. Ия, ол суретті баспасөз беттерінен біз де көргенбіз. Оны көз алдыңа келтірсең- ақ жүрегің кеудеңе симай атқақтап, жаның қан жылайды.

Сұм заманның сұмдығы- ай,

           Көрмегенді көрсетеді бір құдай.

           Сұңқар ақын, сұлу Сәкен суретін

           Көремін деп ойлап еді кім бұлай?

 

Қазыбек сияқты біз де олай ойлаған жоқпыз.  “Туған елдің туы болар ақын, туған елдің тұтқыны”. Сол суретке езіле, егіле қараған ақын қандай күйде болды дейсіз ғой. Жүрегі шошып, жаны торыққан.

Қалай қорықпасын! Қалай торықпасын! Аяулы, ардақты Сәкенді дәл осындай аянышты халге түсірген өзге емес, күнделікті өзінің қасында жүрген, мұңдасқан, сырласқан, бауыр етіндей, жанының жапырағындай болып кеткен бір кездегі жақындары, рухтастары,  ұрықтастары ғой. Олар жеме- жемге келгенде опасыздық етті, сатқындық жасады. Ақыры оны түрмеге тығып тынды. Басқа- басқа, кескекті ердің сойындай, кісілік пен сұлулықтың символындай алтын ұстын Сәкеннің өзіне осыншалық кісәпірлік жасаған адамдарға деген сенімің бола қояр ма екен?! Соны ойлағанда қазірдің өзінде денең мұздап, жаның түршігіп қоя береді. Ақын бұл өлеңнің соңын бұрынғыдан да ширатып, ширықтырып жіберіпті.

 

Жаныңдағы жау екенін біліп пе ең?

           Солар ма әлде сеніміңді үгіткен.

           Жараланған көздеріңмен дәл қазір

           Жасын зорға іріккен—

           Маған да сен қарап тұрсың Күдікпен!

 

Зәрең ұшады! Ондаған жылдар өтсе де суреттегі Сәкен өзін ұстап берген опасыздар мен сатқындарға ғана емес, бүгінгі өзінің ұрпақтары—Маған, Саған, Оған күдікпен қарап тұр. Күдікпен! Адамдарға деген сенімі мен үмітін жоғалтып, оларға күдікпен қараудан өткен ауыр қасірет болар ма?! Одан өткен трагедия жоқ та шығар- ау.       Ақын, әрине, өткен күннің өкінішке толы парақтарын ақтарып, мұң мен налаға батып өтпек емес. Ол да күндердің күнінде жан- жүрегіне қонған сұп- суық қырауды дүр көтеріліп, сілкіп тастамақ. Сонан соң ол жаңа өріске, жаңа айдынға шықпақ. Алға, ертеңге ұмтылмақ. Ойын да, бойын да күш- қуат кернеп бара жатса, енді не етпек.

 

Жүрекке өрнек жүгіртіп жүзікті өлең,

           Аймаңдайға түсті ғой сызық деген.

           Қырға шығып кетемін қызып денем…

           Ақ қауырсын қаламды ақ желкен қып

           Ақ қағаз—ақ айдында жүзіп келем.

Қырық қабат мұз тұрса мұхитыңа

Қызуымен кетердей бұзып кемем…

 

Әрине, бұл—сапар үшін сапар емес. Зор мақсатты, үлкен мұратты сапар. Ол сапар жолында асу- асу белдер, толқынды көлдер, аптапты шөлдер жатыр. Олардан өте шығу оңай емес. Арша етің арса, борбай етің борша болмақ. Арып- талмақсың. Бірақ ол енді алған бетінен қайтпақ емес. Олай болса біз оның:

 

Маңдайын күнге күйдірген,

           Табанын жерге тілдірген

Қаймана қазақ ақысын

Қайтару үшін жүрмін мен,–

 

деген сөзіне имандай сенеміз.

Қарап отырсақ, Қазыбек Исаның құлашы кең, қарымы мол екен. Олай дейтініміз, ол  жалғыз-жарым тақырып аясында қалып қоймайды. Бір тақырыптан соң екінші тақырып табалдырығын емін- еркін аттап өте береді. Тағы да ондай қасиет бәрін қамти берейін деген әсіреқызылдық, қомағайлықтан емес, табиғи болмыстан шығып жатады. Содан да сенімді. Сенімді болатын тағы бір себебі, Қазыбек қай тақырыпты жазса да, мүмкіндігінше, оны барынша кеңірек игеруге, мейілінше ақи-тақи қақтап сөйлеуге пейіл. Мен Қазыбекті қанша қадағалап оқып жүрдім дегенмен, оның махаббат тақырыбына жазылған өлеңдерімен көп кездесе бермеппін. Жыр жинақтарын оқып отырып, оның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріндегі аласұрып тұрған сезім арпалыстарының жалынына шарпылып қалғандай болдым десем, тіпті де артық айтқандық емес. Ол жырларды бүгінгі заманның ғашықтық ғазалдары десе де болғандай . Ол ғазалдардағы сүйген аруға деген, яғни махаббатқа деген күйіп-жанып, елтіп-егіліп бара жатқан құштарлық қуаты орасан мол екен. Ол өлеңдер негізінен, күтуден һәм қоштасудан тұрады. Ақын күтуде де, қоштасуда да тағаты қалмай, дегбірі қашып, еркінен айырылғандай елегізе күй кешіп, әлденеге алағызады да тұрады.

 

Көлден ұшқан көп үйрек көкалалы

Көктем болып көліне қонады әлі.

Көзден ұшқан көркем қыз келер ме екен

Көңілімнің соны ойлап көп алаңы, –

 

деп көлден ұшқан көп үйрек пен көзден ұшқан көркем қызды астастыра отырып, жан-жүрегі елжіреп күтумен жүрген ақынның, кездесіп алып, қоштасуы да ауыр- ақ:

 

 Өмір—теңіз,

Тұмансыз- ақ адастық.

Күмәнсыз- ақ тауып едік жарастық.

Жалғыз еді қос жүректің желкені,

Қалай ғана екі жаққа жол аштық.

 

Ең болмаса дауылды күн болса еді,

Енді ойласам, езеді мұң еңсені.

Бұғалық сап буындырып өзімді

Шығарып сап тұрдым қалай мен сені, –

 

деп күйіне сөйлеген ақынның шыныдай мөп-мөлдір шынайы сезімімен қоштасар сәттегі ақынның алқынған жүрегінің оттай ыстық лебін сезінгендей боласың. Жүрегіне мәңгілік тамыр сап алған сол бір сәт енді ешуақытта да көмескі тартып, уақыт сұмның шаң- тозаңына көміліп қалмақ емес. Енді оның бейнесі уақыт пен табиғаттың әр бір құбылыс- қалтарысынан кездеседі де тұрады. Ақын, енді бұдан былай, мейлі қыр кезіп қызғалдақтарға көз салса да, мейлі күмістен құйылғандай жарқырап жатқан көлге барса да, өн бойын аймалап самал соқса да, тамыр- тамырын қуалап құйылған ән тыңдаса да сол бір бейне көз алдында көлбеңдеп тұрып алмақ.

 

Шабындықты тербейді беткейдегі,

Жүрегіңді өртейді, от қой лебі;

Көңіліңнің төрінен көріктіңнің

Көлбеңдейтін сияқты көк көйлегі.

 

Осы әуенді, әкелген далаға мұң,

Жақын тұтып, жансая санағамын.

Ән ішінен, өйткені әлсін-әлсін

Бір қыз маған бұлғайды орамалын.

 

Ақын ол қызбен қаншама қоштастым дегенмен жүрегіне өшпестей боп сіңіп қалған оның бейнесінен қол үзіп кете алмақ емес. Өйткені ақын ол махаббатқа, ол бейнеге алпыс екі тамырымен шешілместей болып байланып қалған. Бір байқағаным, Қазыбек махаббаты кілең бір күрсіністер мен өкініштерден тұратын тағдырлы, драмалық махаббат екен. Тағы да сол бір күрсіністер мен өкініштердің отына өзі ғана күйіп қоймайды, ақынға қосылып айнала тіршілік те қабырғасы сөгілгендей болып қамығып кетеді.

 

Жанарым- ау,

Жаудырап бір соңғы рет қарадың- ау.

Жалғыз тамшы жасыңның салмағынан

Шыдай алмай өксіген дала мынау.

Жалғыз тамшы…

Жанып бір барамын- ау.

 

Күйзеліске түсіп, құса боп тұрған ақынға қосылып даланың өзі өксіп жатса, ондай махаббаттың құдіретіне қалай таңырқамассың?!

Жә, Қазыбек Иса қаламынан қарама- қайшылыққа да, драмаға да толы, бірақ махаббат асқақтығын бар қуат-қарымымен шырқайтын өлеңдер, Құдайға шүкір, жетіп артылады. Олардың әрқайсысына бір-бір үкі қадап, олардың әрқайсысын алқа мен шолпымен жасандырып, әрқайсысын жібек пен  торқаға малындырып қою міндет емес. Оны оқырманның еншісіне қалдырдық.

Жалпы, қазақ поэзиясында өз үні мен жолын белгілеп алған ақынның азаматтық болмыс- бітімі де айқын. Оның ел мен жер туралы, уақыт пен қоғам жайлы ақтарыла сөйлеп келе жатқанына, тегеурінді ұстанымдарына, сөз жоқ, бәріміз де тәнтіміз. Ол туралы да ризашылықпен қалам тербеуге болар еді. Бірақ ол енді басқа әңгіменің жосығы…

 

Темірхан  МЕДЕТБЕК,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

                                                            «Қазақ әдебиеті» газеті, №17 27.04.2012.

                             

 

 

3 пікір жазылған

  • Әсіресе, Қазыбектің махаббат жырларын “Біздің заманның ғашықтық ғазалдары” деп, тап басып тауып айтыпты. Кеш айтылса да, керемет теңеу!

  • Темірхан аға тура портретін жасап, жан-жақты жарқыратып көрсетіпті Қазыбек Исаны. Осыдан 20 жыл бұрын айтылатын сөз еді, 50-ге келуді күтпей-ақ. Жарайсыз, таланттар тамыршысы Темірхан аға!

  • Спасибо Аллаху
    Этот жизнь дается человеку всего один раз по воле Аллаха , нельзя говорит что жизнь жестока или это моя судьба такая, человек сам отвечает за содеянное в своей жизни.
    Всевышний дал человеку все, все необходимое, чтобы жить счастливо, в любви и богатств, а самое главное жить достойно.
    В чем является вся прелесть этой жизни? Конечно в счастливой жизни. В жизни, в котором ты не кому не в долгу, и в котором некто тебе не в долгу. Но мы сами, говоря так, делаем все наоборот.
    Изначально, когда в мире жили и были Адам и Ева, не было несправедливости. Не было горе, на свете не существовало денег, не было жестокости людских. Это все создал сам человек. Нельзя искать виновных. Если ты несчастлив, то ты должен подумать, из а чего ты несчастлив. Может у тебя нет денег или работы. Но от того что ты будишь говорить что у тебя нет денег или работы они сами по себе не появятся, и все не изменится к лучшему. Если тебе нужна работа, то попроси у Аллаха от всего сердца и потом обязательно иди искать работу. И если ты нашел работу, то ты обязательно должен поблагодарит Аллаха. Некогда, некогда человек недолжен, забывать о благодарности Аллаху.
    Наша жизнь в руках Аллаха. Однако Всевышний дал человеку возможности самому за себя принимать решение. Как сказал один великий и умный человек: если ты родился бедным то это не твоя вина, но, а если ты умер бедным, то это твоя вина. Но люди любят винить других, потому что так легче жить и это мы привыкли считать заложенным в своей природе.
    И люди настоящие трусы. Видя чию то несправедливость, нечестность, жестокость, обман человек молчит , про себя говоря я ведь сам то не такой. В такой момент человек ищет оправдания, но это ложно оправдание. И если завтра из а того что ты немок сказать правду умрут или же пострадают люди, то это будить на твоей совести. Человек так привык к несправедливости, жестокости, нечестности, коррупций, что сам предлагает свой деньги и идей.
    Просто я хочу сказать тем людям, которые становятся богатыми нечестным, грязным, жестоким путем, один раз подумайте: кем вы стали? Хорошими людьми или богатыми животными? Ведь из а вас погибают люди, страдает народ, плачут маленькие дети. А если это вас не тронет, то помните одно миссия человека в жизни не заключается в деньгах, в знаменитом имени или же в положении в обществе. Оно заключается в том что, даже плавая на всех богатствах мира остаться человеком, прожить жизнь достойно самому себе. Не забывать, что впереди есть высший и грозный судье и перед Алахом равны все.
    Я борюсь и буду бороться за справедливость, но если у меня нечего не получится, то я не буду отчаиваться. Потому что люди отвечают за свой поступки не переда мной, а перед Аллахом
    Айнабекова Жансая Ешанқұлқызы Абай атындағы ҚазҰПУ 2 курс журналистика тел сот: 87757665177. Қазыбек Иса ағаға

Айнабекова Жансая үшін пікір үстеу X