Базарбек пен кәстөм

Енді оңалып келе жатқан тірлігі,
Достар едік, бірге болған ұрлығы…
Ақ самалдай аңқылдаған көңілі,
Базарбек дос жетіп келді бір күні…

Тұрақты бір болмаса да тұрағы,
Жандар едік жалаулаған жыр-әні.
“Кәстөмдерің көп еді ғой әдемі,
Бере тұршы біреуін”-деп сұрады.

Бұл өмірдің аз емес қой кермегі,
Тергеп едім, біразырақ терледі…
Балапан дос қоразданып қойды да,
“Екінші әйел аламын” деп “ерледі”.

Жігіт еді жібі түзу, ұятты,
Кісінеп тұр кербестідей тұяқты.
“Ұрса берді әйелім” деп қояды,
Түкібаев түк болмаған сияқты.

Базар бастық Базарбектің күйіне,
Келген кезі…
О да Құдай сыйы де…
Кейін бірақ кәстөмімді қайтарды,
Қайтарыпты… тоқалды да үйіне…

Қарлығаштың жазылғанда қабағы,
Шымқалада болдым бір күн қонағы…
Ортамызда… орталанған табағы…
Кәстөмімді киіп алып, шатасып,
Базекең дос сыртқа шығып барады…

Киімдердің ұқсастығын кім білген,
Қарлығаш та қашып кетті сұр мүлдем:
“Кәстөміңе ие бол!” деп, шаңқ етті,
“Күйеуіңе ие бол!” деп, күлдім мен…

Өгізді де өлтіретін өлеңі,
Қайран досым, қызығың да көп еді…
Сені Елуге келді дейді мынау ел,
Оған бірақ досың қалай сенеді?..

Жылдағыдан жылы тартқан күз көне
Күйін тартса, тойламаймыз біз неге?!
Күйеу жолдас болуға мен дайынмын…
Кәстөм сұрап… келіп тұрғын Жүзде де!..

2 пікір жазылған

  • Жақсы жырмен ,сырлы сезімге, би иірімдерін енгізген екенсіз.
    Тамаша…. ризамыз.
    Қаламың қарымды, жырларың шырақты болсын,
    Қазбек батыр, әр таңда сұлулардың қылығын ойлап жатыр.

Нұрбек үшін пікір үстеу X