Сырымды айттым далаға

Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,
Кетіп қалдым бір күнде…
Немкеттілеу ағайын,
Неге кеттім, – білдің бе?..

Өсуіне бауырдың,
Шешіміне қауымның
Қарайлаумен күн кешіп,
Өз дертіммен ауырдым.

Сөз жүгіртіп әр саққа,
Ілінсем де қанша атқа,
Жырды жығып бермедім
Мыңды жыққан мансапқа…

Құм ішінде құмыққан
Күндерімді ұмытпан. –
Шығарып сап құстарды,
Шыққам талай ырықтан…

Жырымды айттым балаға,
Сырымды айттым далаға.
Қайырлаған кемедей
Қалдым кейде жағада.

Қызылқұмның қуатын,
Бойға жинап бір ақын,
Алматыға аттанды,
Алладан деп рахым.

Сыздауын-ай жараның,
Сызданып-ақ бағамын.
Жамырап-ақ келіп ем,
Жалғыз кетіп барамын,
Жалғыз кетіп барамын…

Сәтсіздіктің сабағын
Неге жиі аламын?
Байғұс, нәзік жүрегім
Шыдайды-ау, таңқаламын…

Кеңдігін-ай даланың…
Кемдігін-ай… қаланың…
Қысымынан тірліктің
Қысылып-ақ қаламын.

Қайран тәтті бала күн,
Қайдан сені табамын?
Есейді екем несіне,
Еселеді нала-мұң.

Қиял қысқан жанарын,
Ұялғыштау баланың
Бақытына қызығып,
Бағытыма қарадым,
Қайда кетіп барамын?..

Дүбірі көп мынадай –
Бұлдыр күндер – бұлағай.
Шылбырымды шарт үздім,
Жылқы жылы шыдамай…

Мен не дейін, не дейін,
Неде болса, көрейін.
Баталы ұл арымас –
Ақ батаға сенейін.

Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,
Кетіп қалдым бір күнде…
Немкеттілеу ағайын,
Неге кеттім, – білдің бе?!

1991ж.

2 пікір жазылған

Сәкен үшін пікір үстеу X