Енді ешқайда бармаймын…

Неменеге жетісіп жиі күлем,
Өмір кешкім келеді бұйығы мен…
Шаруа жасап жүрейін шағын ғана,
Шайтан тірлік шаршатты күйігімен…
Өмір кешкім келеді бұйығы мен…

Құдай берген балалар, баспанам бар…
Енді қандай өмірде басқа мән бар?..
Қара шайға қайғысыз қатық та бар,
Іздегенің табылар тас қаламда әр…

Неге керек бос думан, даурықпа көп,
Өспейсің ғой өнбесті дау ғып та ерек…
Ішіп кеткің келгенмен… ішірткің-у,
Балаларға керексің…
Саулық керек!..

Желеу етіп, желікпей қаны азыңды…
Жазып жүре берсейші қағазыңды…
Құдіретті Құдайға құлшылық қыл,
Қаза қылмай бес уақыт намазыңды…

Енді ешқайда бармаймын,
Шақырмаңдар!
У ішкізіп ұйыққа батырмаңдар…
Жалған шаттық бір сәттік жарға итеріп,
Айрылу не керек ақылдан бар?..
Енді ешқайда шықпаймын,
Шақырмаңдар!

Оңаша бір күн кешіп көрсем деймін,
Даңғаза мен дақпыртқа белсенбеймін.
Жалған тірлік барлығы,
Мен сенбеймін!
Сертім осы! Сенбесең, сенсең мейлің…
Бала күнді баяғы аңсап жүрмін,
Тек ауылға бір барып келсем деймін!..

5 пікір жазылған

  • Әлі көпті өмірде, бар берерің,
    Сен керексің қазаққа, төрелігін,
    Кімдер айтпақ ұрпаққа бүгінгіні,
    Аз қап тұрған құруға тіл мен дінін?

  • Ауыл деген аты бар, қалмады зат,
    Барша ауылың сарғайған күз-жапырақ,
    Келмей-ақ қой көңілің бұзыларды,
    Бірі қырда, бірі ой, жүр сансырап…

  • Ауыл жайы ақыннан қалыс па екен?
    Бала кезден бал татқан таныс мекен.
    Шымкенттен қайтам ба, білмей тұрмын,
    Келмей-ақ қой деген соң Арыс көкем?
    Рахмет, Оңтүстіктегі №1 блоггер Ареке, шынайы пікірлеріңізге!

  • Қой, қой інім, барып қайт «күз-жапырақ»,
    Жүгірген із жас кезде май топырақ,
    Еске түсер, көңілге дем берерді,
    Көз көргендер ұсынар дәм-бауырсақ….

    Ұмытпағай алайда елді-мұңлы,
    Анда-санда келгенде кітап-жырды,
    Ұсына кет, оқысын балауызбен,
    Қирап біткен ауылға бұл демеу-ді….

Арыс үшін пікір үстеу X