САНКТ ПЕТЕРБУРГ САПАРЫ

Көркем екен Питердің күзі деген,
Жүргендей бір Невада жүзіп өлең…
Қасқа жолға Қасымхан бастап шықты,
Мұстафадай мұзбалақ ізіменен…

Алға кеткен ел мынау, асып айла,
Қазақ десең, қаның бір тасымай ма?…
Эрмитажды ерінбей араладым,
Кенесары бабамның басы қайда?…

Тәуелсіз ел тәуба деп, жасын үзбек,
Үміттіміз өрлейді тасымыз деп…
Баспен бірге кеткен бе, басты рухың,
Басы бар ел шығады басын іздеп…

Тарихы бар жүк болар атанға да,
Шабытымен шайырдың шаhар дара..
Эрмитажды келтірген өнерлі орда,
Есенинді өлтірген қатал қала…

Сәулетіне әр үйдің орнаған зер,
Нева жырын бір тынбай толғаған жел,
Жас өмірін Әлия құрбан етіп,
Жамбыл атам жырымен қорғаған жер.

Шоқан данам білігін тыңдаған жер,
Шоқай бабам білімін шыңдаған жер,
Булаговтың бұлғағы бұлай ғой деп,
Дулат көкем «Торымен»* шырмаған жер..

Үлгісімен бекзаттық үстем, дара,
Ала алмайсың Питерді күшпен ғана,
Азаттығын Алаштың арман еткен
Әлихандар іздері түскен қала…

Қыран болса – іздейді қиясын ұл,
Туынды көп, сыйлаған сиясы нұр.
Тұрмыс пенен базары қымбат қала-
«Қылмыс пенен жазаның»**  ұясы бұл…

Шешендермен кеткенде шешіліп ой,
Көсемдердің көрсеткен шешімі бой-
Дүниені өзгерткен дүбірімен,
Төңкерістің кешегі бесігі ғой…

Эрмитажды елге бұл арай дермін,
Кереметті келеді талай көргім…
«Мыс салт атты» тіріліп кететіндей,
Ескерткішке елеңдеп қарай бердім…

Ғұмыр кешкен Пушкиндер жеттім бе елге,
Азық болар аз күнім көп күндерге.
Ақ түніңді көре алмай арман болған,
Аптығымды баса алмай кеттім мен де..

Жүрегіңді сыздатып жоғалар күн,
Сабағына  тарихтың көп алаңмын …
Басым істеп кеткенде.. бір кездері..
Басын іздеп атамның оралармын…

2009 жыл

*Дулат Исабековтың «Тор» драмасы Санкт-Петербург  сахнасында  Орта Азия елдері ішінде алғаш қойылды.                                                                              **Ф. Достоевскийдің әйгілі «Қылмыс пен жазасы» осы қалада жазылды.

1 пікір жазылған

Пікір жазу