ЕЛДІҢ ЕҢ КӨП ІЗДЕЙТІН ДЕПУТАТЫ – САБИЛЯНОВ ЕКЕН…

Өйткені, ол бір ауылға бір-екі рет бармай қалса, сайлаушылары баспасөз мәслихатын өткізіп, сотқа береді…
13 Мам, 2010
«Нұртайдай депутат керек болмаса, бізге беріңдер» дейді өзге өңірдегілер…

«Әлемде талай қызық бар» дегендей, бар қызық Тарбағатайда көрінеді. Бес жылда аудандарында төрт рет болған, және әр барғанда бос бармай, демеушілік жасап кететін депутатын «келмей кеттің» деп, кінәлайтын ауылды, тіпті ауданды көргендеріңіз бар ма? Аякөз ауданындағы Тарбағатай ауылынан келіп, Алматыда 5 мамыр күні баспасөз мәслихатын өткізген Ахметов Төлеубай мен Бекбаев Жанарбектің сөздеріне қарап отырып, «бір-екі рет болмай қалса, елі іздеп шығатын Сабилияновтай депутаты бар бұл қандай бақытты аудан!» деп ойлайды екенсің. Қазір бес жылда әр ауылға емес, ең болмаса аудан орталығына екі-үш рет соғатын депутат бар ма екен… Мысалы, біздің Шардара ауданына Мәжіліс депутаты қанша рет келді деп тарбағатайлық Ахметовтердей санап жүру қайда-а-а, алдымен «аты кім?» деп сұрау керек, көбісі ұмытып қалған… Олар бірақ Сабиляновты беске біледі. Сауалдарын кейде соған жолдап жататындары да бар… Тарбағатайлық Ахметов пен Бекбаевтың «Алтын балық» ертегісіндегі мыстан кемпірдің қанағатсыздығындай мына қылығын естіген өзге аудандардағы өз депутаттарын ұмытып қалған сайлаушылар «Сабилияновты онда бізге беріңдер» дейтіні анық… Біз бұл сөзді босқа айтып отырған жоқпыз. Редакцияға хабарласушылардың көбінің ойы осындай…
Тарбағатайлық екеудің сондағы ұзын-сонар әңгімелерінің түйіні, олардың сонау кеңес заманынан бері «сиыр сарып кеткен су» ішіп отырғанына, сондай-ақ бүгінгі күнгі ауыл арасындағы көлік жолдарының адам айтқысыз екеніне, ауыл, тіптен аудан әкімдері емес, 2007 жылы «Нұр Отан» партиясының тізімімен сайланған Парламент депутаты Нұртай Сабилянов кінәлі көрінеді. Ал енді осыны ұғып көріңіз… «Сабилянов газет оқымай ма, теледидар қарамай ма, неге ол біздің жағдайды ойламайды» дейді, бұл екеуі. Мәселен, «биыл 22-ші ақпанда екі бала су жүргіземіз деп, қазып тастаған шұңқырға құлап кетіп, төрт сағаттай жатыпты. Абырой болғанда екеуі де тірі. Ал өліп қалса қайтер едік?» дейді ғой бұл шіркіндерің. Шынында да Құдай балаларды да… Сабилияновты да сақтап қалыпты… Әйтпесе, ауылдағы олар жазым болса, Астанада ел қамын ойлап, Тарбағатайдағы су құбырына миллиондар бөлгізіп жүрген Нұртай Сабилияновтың қылмысты болатын түрі бар… Иә, әлдекімнің әмірімен ентіге жеткен екеу мен «Жас Алаштың» жазғанына қарасаң, тура солай болатын секілді… Адамда қисын деген болушы еді… бұларға бәрібір ме деп қалдық….

Тарбағатайдың талы қисайса да, Сабилянов кінәлі екен…
Даудың басы – «Жас Алашта» жарияланған мақалада Тарбағатайдағы жол мен су мәселелері қозғалып, оның себебін газет тілшісі әдеттегідей Мәжіліс депутаты Н. Сабилияновтың кейінгі жылы ауылға келмегенінен көреді. Өзі заңгер депутат Сабилиянов та әдеттегідей бұның жала екенін дәлелдеп, яғни 5 жылда 4 рет келгенін және демеушілік көмек көрсеткенін, Тарбағатайдың жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін үкіметке сауал жолдағанын (08.10.2008.), су құбырларын қайта жаңарту үшін тағы да 2010 жылы 81,2 млн. теңге қарастырылғанын, (2007-2008 жылдары республикалық бюджеттен 93,1 млн. теңге бөлінген), сондықтан Ерік Рахымның мақаласы шындыққа сай келмейтіндіктен, газеттен өзі туралы кінәлауларды теріске шығаруды талап ететінін, әйтпесе сотқа беретінін мәлімдейді. Өзіне жала жауып қол қойған ауыл адамдарын да сотқа беріп, моральдық шығын ретінде әрқайсысынан 500 мың теңге өндіріп алып, оны Аякөздегі балалар үйіне аударатынын айтады. Нәтижесінде 24 адамның 16-сы Сабилияновтың үстінен жазылған хатқа емес, бос параққа білмей қол қойғандарын мойындап, кешірім сұрайды. Жағдай қиындап кеткенін сезіп, қатары сетінеген «хат жазушылар» жаны қысылғанда жасырын қолдаушыларының «ақылымен» «қорғанудың күштісі -қарсы шабуылға көшу» деп, Сабилияновтың өзін сотқа береді. Басты кейіпкерлері басын ала қашуға мәжбүр болған баспасөз мәслихатының өту «тарихы» осындай.
Мәслихатта «Желтоқсан» қоғамдық ұйымының төрайымы – Гүлбахрам Жүністің: «Сіздер неге осы мәселелермен айналысуға тікелей міндетті, жұмыстары да сол, әкімдерді емес, «айдаладағы» депутатты кінәлайсыздар?» деген сұрағына, екеуі де жауап бере алмады.
Олар журналистердің Сабилянов мырзаның тарбағатайлықтарды ұмытпағанын, соңғы жылдардағы сайлаушылармен кездесулері жарық көрген газеттердегі мақала, фото айғақтармен келтірген дәлелдеріне де ауыз аша алмады.
Сондай-ақ, «Жас қазақ үні» газетінің тілшісі Геройхан Қыстаубаевтың: «Менде Сабилянов мырзаның үстінен шағым түсірген 24 адамның 16-сы өздерін Ахметовтың алдап, ақ қағазға қол қойдырып алғандығы туралы түсінік қолжазбалары бар. Міне, қысқа біреуін ғана оқып берейін» деп, оқып берді: «Тарбағатай ауылының тұрғыны Қабидоллина Майрадан түсінік хат. Көршім Ахметов Ерзат келіп, ақ қағазға фамилиямды жаздырып, қол қойдырып алды. Мен күйеуімнің қолын қойып бергенім рас. Су туралы дегеннен кейін. Сабилянов туралы екенін кейіннен хат келгенде бір-ақ білдім. Біздің Сабилянов мырзаға ешқандай өкпеміз жоқ» деп жазылыпты. «Осыларды ой елегінен өткізген адамға, сіздердің арттарыңызда Сабиляновқа қарсы біреулер тұр-ау деген ой келеді. Бұл туралы не дейсіз?»-деген сұрағына, Ахметов мырза: « Менде ол кісінің бұл жазғандарынан бас тартқан басқа тілхаты бар» деп құтылмақшы болды. Журналистің: «Онда соны көрсетіңізші» дегеніне: «Сотқа өткізіп қойдым. Жоқ» деп, жалтарып, сенімсіз жауап берді. «Мың жарым шақырымнан бүге-шігесінедейін дайындалып келгенде, бар болса, сол тілхаттың көшірмесін ала келмеді дегенге кім сенеді… Ал мына сіздер «қол қойды» деп сыртынан тізімге қосқан Медельбекова атты азаматшаның Тарбағатай ауылында жоқтығына , тек ондай атпен бастауыш сынып баласы бар екеніне ауыл әкімі анықтама берген, бұған не дейсіз?»-деген тілшіге Ахметов «ол қыз кезіндегі фамилия» деп, айдалаға лағып, күлкіге ұшырады.
«Ауылдың қиын жағдайы үшін аудан әкімі кінәлі емес пе, депутатты сотқа берудің қандай қисыны бар?» деген сауалға да, «бастауыш сынып оқушысын да» қатарларына қосып алғысы келіп жүргендер жауап таппады…
Ал Бекбаев тіпті «қуып кетіп», аудандық «Аякөз жаңалықтары» газетінің кемшіліктеріне де Астанадағы Сабилияновты кінәлады. Күйіп кеткен бір журналистің: «Ау, газетке айдаладағы депутаттың не қатысы бар, ол аудан әкіміне қарайды ғой»- дегенінен соң барып, « а-а, солай ма?»-дегендей үнсіз қалды… Сабилияновқа қарсы «компанияның» ойынша, ол ауыл мен ауданның бар шаруасына жауаптыдай. Тарбағатайдың талы қисайып, жұрттың қорасы құлап қалса да, Астанадағы Нұртай кінәлі секілді…
Мәслихат өткізушілердің біреудің зорлығымен келгендей қиналғандары соншалық, «бұлар бірінші рет баспасөз мәслихатын өткізіп отыр» деп, Ұлттық баспасөз клубы төрағасы С. Матаевтың оларды бірнеше рет қорғаштауына тура келді…
Сонымен қатар журналистердің: «Зейнеткер болып табылатын сізге адвокатқа төлеген 300 мың теңгені кім берді? Мұның артында қалталы біреу тұрған жоқ па?!»-дегеніне Ахметов: «Мен 16 жыл мектеп директоры болдым, өзімнің жинағанымнан төледім,» – деп, дайындап келген жауабын берді. Егер ол рас болса, онда «елдің бәрі айлығы аз болса да, неге мектеп директорлығына құмар, неге жас мамандар, ақшасы жоқ мұғалімдер мектепке кіре алмай жүреді» деген сөздердің көбейгені де рас шығар…

Ауылға жанашырлық емес…
азаматқа жала жабушылық…
Анығын айтқанда, елді дауға қалдырып, депутатты заңға жүгіндіріп жүрген мәселе ауыл жағдайы ғана емес. Негізгі мақсат – ауыл мәселесінен бұрын Сабиляновтың атына дақ түсіру екені мақаланы оқыған сауаты бар әркімге белгілі болып тұр. Ауылға жанашырлық емес, азаматқа жала жабушылық деп ашық айту керек. Бес жылда төрт рет бір ауылға барған (ауданды айтпағанда) бір депутатты бүкіл парламенттен тауып бере аласыздар ма? Қақаған аяз бен тасқын судан тарығып отырған жұртты әлекке түсірген «жамау» сөздерді журналист жолдан қосқан секілді… Бұл туралы Нұртай Сабильянов «Жас Алашқа» жазған талап хатында: «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабын ескере отырып, «Жас Алаш» газетiнiң 15 қазан 2009 жылғы №83(15437) санында «Тарбағатайлықтар Астана жаққа емес, Өскемен жаққа елеңдейдi» атты Ерiк Рахымның мақаласындағы маған қатысты шындыққа сай келмейтiн, менiң ар-намысыма, қадiр-қасиетiме нұқсан келтiретiн: «Тарбағатайлықтар Нұртай Сабильяновқа өкпелi»; «Аягөздiктердiң айтуынша, қазiр ауданды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған – Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильяновтың командасы»; «Алайда, Тарбағатай ауылы тұрғын-дарының Сабильяновқа деген өкпесi қара қазандай»; «Сабильянов депутат болғалы бiзге ат басын бұрмады»;«Ал Сабильянов мұның бiрiн де iстеген жоқ. Бiз оған сайлау кезiнде ғана керек екенбiз» деген мағлұматтарды терiске шығаруды талап етемiн. Олай болмаған жағдайда мен өзiмнiң ар-намысымды, қадiр-қасиетiмдi қорғау үшiн сотқа жүгiнуге мәжбүр боламын.» деп тайға таңба басқандай, астын сызып көрсетіп, газеттен осы сөйлемдерді терістеуді талап етуде.
Зорлықпен иіп әкеліп, хатқа қинап қосылған «сөйлемдерді» кез-келген қалам ұстайтын ағайын айқын біліп отыр… «Ауыл жолы, ауыз су қиын екені өтірік пе, оған өкпелеуге бола ма, оны қалай терістейміз?» деп, бұра тартып, түк білмегенсіп, көлгірсудің түкке де қажеті жоқ енді… Біздікі қарапайым халықты адастырмау үшін, редакцияға келген дәлелді айғақтармен оқырманды таныстыру. Кімнің кінәлі екенін халық өзі қорытынды жасап-ақ біліп алады. Өйткені, «Аңқау елге арамза молда болудың» заманы өткен…
Сабильяновқа қарсы «компанияның» тірлігіне қарасаң, олар елге жылда келетін Нұртайдың келмей қалар кезін аңдып, «ұзақ күткенге» ұқсайды. Тіпті, келмеген кейінгі жылы үшін ренжіп емес, кінәлауға себеп табылғанына осылардың естері шыға қуанып отыр-ау, деп ойлауға тура келеді…

Кеше жанындағы Жанарбекті жамандаған Ахметов ертең кімге тиіседі?
Айтпақшы, Нұртайды сотқа беріп отырған бұл Ахметовтың 2007 жылы 3 желтоқсанда Нұртай Сабилияновқа жазған нұрлы хаты да бар… Ол « Құрметті Нұртай Салихұлы, Сізді Тарбағатай халқын сыйлап, Аякөз ауданындағы кездесуіңізді Тарбағатай ауылынан бастағаныңызға тағы да рахмет айтып, өз ризашылығымызды білдіремін. Сіз өз сөзіңізде тұрып, нағыз азаматтық, адамгершілік таныттыңыз,»- деп басталып, «Сіздің істеген істеріңізге халық та риза болды. Сіздің халықпен кездесуіңіз өте жақсы мәдениетті бердіңіз, ол үшін де рахмет айтамын. Сізге Алла денсаулық берсін, Алланың нұры жауып, жақсы ісіңізбен халықтың құрметіне бөлене беріңіз!»- деп аяқталатынына қарап, «Бұл кісіні 180 градусқа бұрып жіберіп, жұртты адастырып, газетке арыз хат жазғызған кімдер болды екен» деп таңғаласың…
Хат демекші, Ахметов бұл үшбу хатында бүгін ауыз жаласып, жанында отырған Жанарбекті әкесімен қосып тұрып, әкесін танытып (шын мағынасында) жамандайды. «Жас Алаш» мұндай айғақ тапса, бірінші бетіне күнде шығарар еді… біз де ата газеттен қалыспай, оқып жіберейік, кәнекей. Бірақ бұл жерде Бекбаевтың әкесі Тазабекке айтылған масқара айыптауларды айтпай-ақ, (егер Бекбаевтар қажет деп тауып жатса, салып жібереміз, бүкіл ауыл адамдары туралы жазылған «мінездемелермен» танысасыздар), Жанарбекке қатыстысына ғана тоқталайық: «Мектепте білім беру мүлдем күйреді. Бекбаев Тазабектің ұлы ( жанында отырған Жанарбекті айтып отыр. Қ. И.) инспекторлық тексеруде 25 оқушысының 20-сы, «2» алған тарихшы, сырттай оқып, дипломды сатып алған. Педагог организатор болып бүкіл мектепке қожалық жасап жүр. … Осы ауылдың берекесін алған осы Бекбаев пен Өзбеков. …Өзбеков пен Бекбаевтың халыққа келтірген залалын қалпына келтіру үшін әлі бір елу жыл қажет…»- деп, Төлеубай мырза төпей береді…
Енді осыдан-ақ оқырман қауым кімнің кім екенін біле берсе керек. Кеше Сабильяновтың сенімді өкілі кезінде ауылдастарының көбісін жамандап, іске алғысыз еткен Ахметов енді сол «дипломды сатып алған» Жанарбекті ертіп алып, Нұртайдың соңына түсіп жүр…
Шынында да, пайғамбар жасынан асқан ауыл адамдарының алаөкпе болып шапқылап, әлдебір қалталының шабарманы, қарсылысына жұмсап отырған қол шоқпарына айналып жүргендерін байқау қиын емес еді. Түнгі сағат үште де баласына шейін бастарына диктофон жастап ұйықтайтын Ахметовтердің халі аянышты-ақ… Ел бар, ақсақалдар бар емес пе, кінәлісін кешірім сұратып, екі жақты бейбіт келісімге келтіру керек-ақ..
Мамырдың 6-сы күні Тарбағатайда өткен көшпелі сот отырысына жауапкер Ахметов бармай қалды… Адвокаты бір күн бұрын сотқа хабарласып, «Талдықорғанда көлігіміз бұзылып тұр, ертеңге дейін жетеміз» деген екен. Ертеңіне «Алматыға қайтып кеттік, Ахметов ауырып қалды» деп басқаша сөйлепті. Ал ар-намысын заңды түрде қорғауға мәжбүр болған, заңды сыйлайтын заңгер депутат, талапкер Нұртай Сабильянов Астанадан келіп, сотқа қатысты. Жауапкер де, адвокаты да жоқ болғандықтан сот отырысы кейінге қалды… Әрине, «қызық-шыжық сот процесі туралы» жазғыш тілшінің де төбесі көрінген жоқ…
Сонда сот қарсаңында Алматыға кетіп қалып, ақылшыларының кеңесімен баспасөз мәслихатын өткізіп жүрген Ахметовтың тірлігі алдын-ала сотқа қысым жасаушылық емес пе екен деген ойға жетелейді…
Енді, Ахметовке: «Жас Алашқа» беретін хатымды ауыстырып алыппын»- деп, Нұртай жайлы нұрлы хатын алып барып, ақталудан басқа амал жоқ шығар…

1 пікір жазылған

Әсел Мұздыбай үшін пікір үстеу X