Ойыншықтар

oiynshyq

Көңілім көптен жүрген-ді менің басылып,
Адымды тұсар адасуларға ашынып.
Үйіме келсем үйірілген мұңнан арылмай,
Ойыншық біткен  қалыпты жерде шашылып…

Жүрегім еріп, суретке мынау сүйкімді,
Бойымды билеп алғаны лезде күй түрлі.
Жан ботам менің жатқандай ойнап бөлмеде,
Көзімнің алдын көлбеді сәуле сиқырлы.

Баянсыз болса  басыңа қонған бақ қиын,
Базарлы күндей ажарын тауып жатты үйім.
Ақботам менің алысқан болар армансыз,
Айналдым сенен аунап бір жатқан ақ тиін…

Құлыншағымның  қуыршақтарын  шашылған,
Айналып жүрмін, айналып дүние басымнан.
Өмірдің барлық азабы қашып қасымнан,
Ғажабы мынау  алдымда менің ашылған.

Ессіз көңілдің екпіні менен  тоқтығы,
Көрсетпей келді – ау  көп мұны…
Ойыма енді орала берді  мұң болып,
Ойыншықтарды жинайтын жанның жоқтығы…

Кім шашса дағы тазарып кеудем кірбіңнен,
Ботамды еске ап, боталап көзім  тұрмын мен…
Ойыншықтарды шашатын  сәби көңілі,
Жинайтын жанмен толарын бұрын кім білген?..

Өзімнен көріп, жаныма түскен жараны,
Ойыншық біткен оңдырмай маған қарады.
Қуыршақ қыздың құрмадай өткір жанары,
Қуырып тіпті барады…

Өркеуде  жан ем, ерегісетін тағдырға,
Өмірге мынау  өгейсіп мүлде қалдым ба?
Ойсырап тұрып жеңілдім, өзің ойнаған,
Ойыншықтардың алдында…

5 пікір жазылған

Райгүл үшін пікір үстеу X