Көктем – өлең

Түлегендей күйге түстім түнде мен,
Шалдырған соң шалдықтырып шабыт бір.
Түрегелсем түлен түрткен түрменен,
Көктем келіп, тереземді қағып тұр…

Жазбай кетсем, жалым жидіп бір демде,
Жазалайды жайбарақат жай, тегі.
Күміс күмбір күзден күтіп жүргенде,
Қыс та кетіп барады ма, қайтеді…

Кешіккенде менің муза-періштем,
Күттім шыдап, түспесін деп сөз құны.
Көру үшін көркемдікті келіскен,
Кемеліне келу керек көз нұры.

Қыспен бірге күнімді ойлап өткен аз,
Көп өкініп отырамын. Ішім –от …
Көктем келсе, көңіл байғұс көкке мәз,
Уақыт өтіп кеткенімен ісі жоқ…

Наурыз лебі тұманды айдап басымнан,
Қанаттанып кездім бір сәт жер түбін…
Сүйіншілеп қардың құтын қашырған
Бәйшешектің ерлігіне елтідім…

Үмітіме үзеңгі арттым тыншып мен,
Тірлік көзі-көктегені көненің.
Қара талға қаптай біткен бүршіктен
Өлең өсіп кететінін көремін!…

2 пікір жазылған

  • Қара талға қаптай біткен бүршіктен,
    Өлең өсіп кететінін түсіндім…Керемет. Өмірдің әр минуты, әр секундында өлең деген өр бала өсіп келе жатыр, Ага!

    Жақыным

    Аспан жақта асқақтаған сезімді,
    Сұрамайын боз айым.
    Өмір, маған өзімді бер, өзімді,
    Алақаным созайын.

    Күлу үшін…
    Сүру үшін өмірді,
    Қапы қалған қалтаның
    қадыры жоқ…
    Тиын үшін терімді
    сарқып ішті әр таңым.

    Қолым созсам бағынатын биік пе?
    Ақы тілеп алақаным мұңайды.
    Көркім бүгін көңілсіздеу кейіпте,
    Әй-әй көйлек сұрайды.

    Қызыл-жасыл дүниенің сапында,
    Жүдеу тартқан күй құнсыз.
    Жылтыраққа жанары ауған жақынға,
    Құрғақ қасық – сүйкімсіз.

    Қайырылмайды,
    Қайырымы жоқ елігім,
    Құлқынның боп қорегі.
    Теңдесі жоқ менің көктем көңілім,
    Теңгесі жоқ…себебі…

    Үміт-айым – есігімді қағатын,
    Тағдырымды ұсындым.
    Өзімсініп өзегіме қонатын,
    Өлең екен – түсіндім.

  • Гүлжайнар, жырың керемет екен, шабытың шарықтай берсін! «Жас қазақ үні» газетіне топтама бер. Облыстарға байланысты жинақталып жатқан кітапқа да шығуға болады.

Пікір жазу