Элегия


Күз де келді.
Сарыуайымға салып бәрін жеткеннен,
Өкім айтты өркеуде күз өктеммен.
Ағаштардың иығынан сыпырды,
Киіп келген көйлектерін көктемнен.

Жердің миын шығарғанша тарамас,
Бұлттан ығып бүрсеңдеген тал, ағаш.
Сорасы ағып, баса алмай тұр солқылын,
Су астында қалғандықтан жалаңаш.

Көңілшек көк егілді ерте еріксіз,
Келіншекке көрінді өлке көріксіз.
Сақинасын сипалайды ол, ал қарттың
Сақинасы ұстап жатыр, келіп күз…

Уақыт тағы бір жазынды сызды әйгі,
Өткен күндер жүрегіңде сыздайды.
Сыр тыңдатып… сыртылдатып тамшылар
Шатырларға жыр жазуда күз жайлы.

Күллі бояу көретұғын күреңнен,
Күн көретін көк жүзінен түнерген.
Әрбір күннен бір өзгеріс күтумен,
Қалың ойдың қамауында жүрем мен.

Ашылғанда аласа аспан түндігі,
Жауынның да деген кезде тынды үні,
Ағаштардың көз жасымен ойнайды,
Ала бұлттан сығалаған күн нұры…

Жылынумен шоғына үміт-отымның,
Бір-бірінен аумай өтіп жатыр күн.
Жаңбыр жауып, күн шықса да артынан,
Түк болған жоқ…
Түк бітірмей отырмын.

Күн өтуде,
Қимылдайық енді біз.
Көп кешікпей көмкереді көлді мұз.
Келді деген күз де кетіп барады,
Өмір осы. Ал біреуге соңғы күз…

2 пікір жазылған

  • Күн өтуде,
    Қимылдайық енді біз.
    Көп кешікпей көмкереді көлді мұз.
    Келді деген күз де кетіп барады,
    Өмір осы. Ал біреуге соңғы күз…

    Сыр ақтарған жырларыңа ризамын. Жыр-жаның серігі сияқты.
    Жүрегіңді лүпілдететіп, кетіп қала жаөжайды.

есен үшін пікір үстеу X