Қар жауған күн


Қар жауып тұр,
Жауып бүкіл әлемді,
Ырғағына ынтықтырды мәнерлі,
Көркемдіктің құшағында жүрмін мен,
Көрік етіп көңілдегі өлеңді.

Ғажап өмір,
Көрсем дағы не күйді.
Құштарлығым қалай оған кемиді?
Кең дүниеге кеберсіген ерніме
Ұлпа қарлар қонбай жатып ериді…

Қар жауса да, жан қытықтар жылы кеш,
Қаңтар бүйтіп жиі-жиі жібімес.
Ағып келем ашып тастап кеудені,
Пейілім жоқ пенделікке бүгін еш…

Қыр төсіне түссе дағы екінді,
Қыр көрмедім қыс мінезін не түрлі.
Мұзы да оның мұздата алмас жүректі,
Мәрмәр жүзді мәркия қыз секілді…

Табиғатқа разы боп мүлдем мен,
Тазарамын көңілдегі кірбеңнен.
Қалып жатыр айналамда айналып
Қалың жүзген қар жамылып үлгерген.

Тобыменен түйеқарын томсарып,
Қызыл жыңғыл қырауланды соншалық.
Құм қойнынан Қардың қызы қарсы алып,
Ойнайтындай мойыныма қар салып…

…Құйрығы алдар қу түлкіні қуатын,
Қуатымен сонарға сап жыр атын…
Сұлулықтың суықтығын ойламай,
Қар астында қалқып жүрді бір ақын…

Пікір жазу