Парсы аруы

Шираздағы түркі аруы, табындырды мені өңің,
Бір меңіңе Самарқанд пен Бұқараны беремін…
Хафиз
Шаганэм сол, қымбаттым,
Қоштасудың қиын осы сәтінде,
Дауысыңды ең соңғы рет тыңдаттың…
Сергей Есенин

 

О, Теhран,
секілді әсем кілемі,
Айналасын қоршаған тау сілемі.
Алматыдан аумайды екен ажары,
Қызылқұмдай қыратының реңі,
Енді сені еске алармын үнемі,
Аруларын аялаған гүл-өңі,
Ақындарын ардақтаған жыр елі!

Парсы аруы бір қарап-ақ арбап ең,
Көз алдымда дөңгеленіп қалды әлем…
Есениннің қайтарар ем есесін,
Тілін білмей тірелдім ғой жарға мен…

Тоқтата алар енді қандай күш мұны,
Теhранның аз болғандай ыстығы,
Қымтап алған хиджабыңдай қап-қара,
Көздеріңнің өртеп жатыр ұшқыны…

Тәкаппар қыз екенсің ғой сен де аса,
Йілмессің Иран түгел толғаса.
Шапур шах та шамасына қарасын,
Шабыты зор мендей шайыр болмаса.

Хорасандық хор қызына ұнайын,
деп ойлап па ем,
енді қалай шыдайын…
Низамидің Аппағындай шырайың.
Тіл жетпесе… сезім тілсіз емес пе,
Қол да жетер…
Қолдаса егер құдайым…

Кездестік біз келелі бұл жиында,
Қызға қарау жоқ болатын миымда.
Қинады ғой қызыл тілім… қиырда.
Шардарада* шалқып өскен шайырға,
Парсы тілін біліп алу қиын ба?..

Өр ақын ем, өлеңде өзге өрнегі,
Сергелдеңге салмақсың ба сен мені…
Шарап ішіп кетер едім шарқ ұрып,
Омар hаям одан пайда көрмеді…

Парсы аруын деп ойлаған қатал кім?
Қара кеште қалың ойға батармын.
Шах Нәдірдің шашылғандай тәспісі,
Жарқырайды шамы түнгі шаhардың.

Суретші ақын сұлулыққа тойған ба,
Кірпігіңді көтер, кәне, ойланба.
Реза шахқа риза болып отырмын,
Мен келгенше пәрәнжіні жойғанға…

Бір жымиып, білдірдің сен не белгі,
Арқаланып кетемін ғой мен енді.
Жанарыңда жазылса егер жан сырың,
Тіл білмеу де… бола алмайды кедергі…

Қарамағын самайыма ақ қылау,
Жамбылда да аз болмаған шапқылау…
Көк көз ақын үшін көкте болсаң сен,
Қаракөздің қарымы одан қаттылау…

Қос қаланы сыйлай салған зор мына,
Хафиз ақын нағыз сақи болды ма…
Алматыны бере алмаймын мен бірақ,
Ташкентті ала қойғын орнына…

Түлеп тұрмын, түсіп тәтті күйге аз күн,
Біраз енді қинайды ғой бимаз мұң…
Құр сөзіңе құмартамын түсінбей,
Құрмасын жеп отырғандай Шираздың…

Бізді бірге көрсе өзгерер түр-өңі,
Сәлделінің атарға жоқ сірә, оғы…
Іздемеймін… Исфаханның анарын-
Хиджабың да жасыра алмай тұр оны…

Шексіздікке жетелейді шекер үн,
Білсең егер қазақ жыры не екенін,
Анық еді маған еріп кетерің…
Айтпай-ақ қой,
Ажарыңнан білемін,
Атың Зиба -әдемілік екенін…

Кетсем бе алып… қазақ құмар тойға аса…
Күнә емес қой… шариғатты ел ойласа…
Күткін мені,
Келер жылы келермін,
Жәннат жеңгең «виза» бермей қоймаса…

Теhран. 03.06.2010 жыл.
*Шардара – парсы тілінде «төрт қақпа» деген сөз.

1 пікір жазылған

  • ПАРСЫ АРУЫН АЛЫП КЕЛУІҢ КЕРЕК ЕДІ, ҚАЗЫБЕК… Жеңгеміз Жәннат сендей мықты шайырға түсіністікпен қарап, тойын өзі жасап берер еді… Мұхтарханның ұйіндегі келінінен кем бе?

әсел үшін пікір үстеу X