САПАР САЗЫ

Жолығып едік жолда біз,
Жол қарап мәңгі өтерміз…

Уайымыңды жасыра алмай реңің,
Күлкіңменен көмкересің, білемін.
Шығарып сап…шығып бара жатқанда,
Шым ете қап… сыздап кетті жүрегім…

Қимадың-ау, бірден кете қоймадың,
Қоштассақ біз…қона қалар бойға мұң…
Әуежайда әуреге әбден түскенде,
Дуылдаған Дубайда да ойладым…

Сағындыру үшін сапар шектірген,
Алла бізді қолдай берсін деп білгем.
Зарыққан соң сөйлесе алмай көп күннен,
Телефонда есіткенде даусыңды,
Теhранда тебіреніп кеттім мен…

Қала берді қашықтық та еленбей,
Шаршап тұрған шайыр шахқа теңелді-ей…
«Шәйға қанып жүрсің бе?» деп сұрадың,
Жоқ болса егер, қазір әкеп берердей…

Тілеуің ғой, жүрсем егер қиналмай,
Үздіккенде үнің болды сый қандай.
Тәтті лебіз балбыратып жіберді,
Тәтті шәйді өзің баптап құйғандай…

Ие болмай кеудеңдегі дүрсілге,
Күнәсізден күмәнданып жүрсің бе?..
Күні қандай болды екен деп күнімнің,
Күнім менің, күнде ойлаумен күрсінбе…

Кейде орынсыз кейбір сенің уайымың,
Күдігіңді жеңсін күшті пайымың.
Арғымақ па ем, ағытқан бар айылын…
Парсы қыздар жинап қойып бар ісін,
Қарауылға ап тұр ма қазақ шайырын…

Теhранда болсын сұлу көп мейлі,
Хиджабы бар, сөзің оңай өтпейді.
Еркін кетсең, елдің заңы шектейді.
Иә, әрине, әдемі екен қыздары,
Ешқайсысы бірақ саған жетпейді…

Қызықтырған қыздары емес, қаласы.
Қазақтардай қазыналы даласы…
Берекесі бетке шығып тұрған соң,
Жоқ болар-ау сырт сыбайлас шамасы…

Ел байлығын елге сыйлап үлгірген,
Өркендеген өлкелерді кім білген…
Құдіретін ұқтым игі діннің де ең…
Мінсіз «Милад* биігіне шыққанда,
Мұнарада мұңға батып тұрдым мен…

Бес күн маған бес жыл болып көрінді,
Көкке самғап көтердім ғой көңілді…
Жер-жаhанды шарласаңда қаншама,
Ерекше аңсап ораласың еліңді…

Күту жайлы күні бойы ән ғылып,
Сағынысып өтерміз-ау мәңгілік.
Ұяға ыстық ұшып келе жатырмын,
Ұшқыр көңіл ұшақты артта қалдырып!..

Алматы-Теhран-Дубай-Алматы
05.06.2010.

*Боржий милад –әлемде биіктігі жөнінен төртінші орындағы мұнара

1 пікір жазылған

  • ПАРСЫ АРУЫН АЛЫП КЕЛУІҢ КЕРЕК ЕДІ, ҚАЗЫБЕК… Жеңгеміз Жәннат сендей мықты шайырға түсіністікпен қарап, тойын өзі жасап берер еді… Мұхтарханның ұйіндегі келінінен кем бе?

Әсел үшін пікір үстеу X