БІР ҚҰШАҚ ГҮЛ

Сегізінші наурыз күні мен саған,
Алматыдан ұшып жеттім-
Шыдар ма жан аңсаған…
Ұшағыма көтеріп мен мінгем-ді,
Құшағыма сыймай тұрған гүлдерді
Сыйлап едім-
Қарап тұрды қанша адам…

Наурыздағы сол бір дала гүлдері,
Әлі күнге сағындырып жүр мені…
Бір күн көрмей қалсам сені қиналам,
Жүрегіме күнде шуақ сыйлаған
Жүзің неткен нұрлы еді!..

Жауқазындар сол бір ерте көктемгі,
Екеумізге қалдырған-ды көп белгі…
Тұнып тұрған сезімді кім тұсапты,
Гүлдер исі жеңілдетіп ұшақты,
Уақыттан бұрын ұшып жеткен-ді…

Майлыкенттің майда жұпар самалы,
Бусандырып жатқан еді даланы…
Екі ғашық содан есін жия алмай,
Сол күндерді, бал күндерді қиялдай,
Бірін бірі ынтықтырып барады…

Сағынышқа айналып әр сапарым,
Ғашықтардың толтырдық біз қатарын…
Әрбір күнім әсер сыйлап не түрлі,
Сегізінші наурыз күні секілді,
Саған жаным, ұшып бара жатамын!..

08.03.2002жыл

1 пікір жазылған

Пікір жазу