Алма бақтың ұрысы

Шынайы «досы»- шынысы…
Бітірмесе оны…бітердей болған тынысы,
Намазын бұзып,
Ауырып қалған әкесін
Қолдайды жалғыз кішкентай қызым , дұрысы-
Қоңырөлеңнің алма бағының ұрысы…

Алманы мен де ұрлап ем бала кезімде,
Беріліп кеттік кейін біз
Алмадай тәтті сезімге…
Алкеуде болдым ал бүгін…
Алаяқтарға ащылау,
Алашқа дәрі сөзім де…

Ардақты болса, алманың бүгін шірігі…
Неғылсын бұл ел
Негізі бөлек іріні…
Алмадай қызым тәп-тәтті болып айтқанда,
Ауызды ғана алдайды алма шырыны…

Бай болып бүгін басым да емес салмағың…
Осы ғой өмір…
Бұйрығы бәрі Алланың.
Басқа бір түгіл ағайын білмес қадірің,
Өзі де шығар…
Өзі тәтті де…
Өзегі ащы алманың…

Қызылы ғана көзді алдар…
Алмаға жүрсе алданып,
Ардақтың бар ма,-
Сөзді аңғар…
Тек қана менің періште қызым тіп-титтей,
Жайымды менің сезген бар…

Төрт бүктелсе де,төрде жататын әкесін,
Төре көретін төрт жасар қызым- Әмина деген бақ есім.
Балалық шақтың балдай бір тәтті елесін
Айтады-дағы түзейді әке қатесін…

Тәп-тәтті қызым тақылдатады таңдайды,
Өмірдің шырын емесін аңдай алмайды…
Ащымен қатты ауырып жатқан әкесін
Алыста қалған… алмамен тәтті алдайды…

Ауырған кезде қайғырта түсер қатты елес…
Жүрегің қысса-
Жайына қалар бақ, белес…
Алмадай қыздың алмасы шырын болғанмен,
Ал Өмір бірақ, тәтті емес…

Қоңырөлеңнің қоңырсалқынын мақтап мың
Отырсың жаным,
Ал Қызылқұмда аптап күн…
Ыстық өлкеде туса да әкең, не дейсің,
Ыстығы жетпей өмірдің жүрмін таптап мұң…
Ыстығы түспей бірақ та мына кеселдің…
Аулайсың көңіл алмадай қызым –тәп-тәттім…

Қоңыратта туып,
Қоңыр елге біткен ырысы,
Қоңырөлеңнен қоңыр жыр сезген тынысы…
Қоңыр көкесін қолдайтын жалғыз қоңыр қыз,
Нағашы жұртқа жиендік еткен, дұрысы-
«Қоңырөлеңнің алма бағының ұрысы…»

Әдеттегідей әділетсіздікке күйемін,
Салады сынға
Саңлақ деп ұлым жиі елім…
Мейлі ғой бәрі,
Алмадай әлі піспеген
Ащы болсаң да,
Ей, Өмір, сені сүйемін!..
01.09.2010.

Пікір жазу