Өткен аптада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстан Халқы Ассамблеясы өкілдерімен кездесті. Әрине, асты тақырыптардың бірі – мемлекеттік тілдің «жетістіктері» туралы болды. Жетілгені соншалық , Мемлекеттік хатшы мемлекеттік тілдің «дамығанын» мемлекеттік емес тілде… бір кездегі бізді отарлап алған елдің – Ресейдің тілінде «дәлелдеді». Қарқындап алған Қанат Бекмырзаұлы, тіпті, мемлекеттік тілдің қолданылуын жеделдетуді қалайтындарды «арандатушылар» деп айыптады:
«Біз тілдің даму үдерісін ойластырмай, зиянды, жасанды түрде жылдамдатуға шақыратын жекелеген тұлғалардың қазақ тілінің қазіргі жағдайына қатысты әділеттсіз әрі еш негізсіз сындарын, арандатушылық және популистік мәлімдемелерін қабылдамаймыз! Бұл нәзік, шетін салада, тағы да баса айтқым келеді, қандай да бір алаяқтыққа, оның үстіне БАҚ-ты немесе басқа да көпшілік мінберлерді пайдалануға мүлдем жол беруге болмайды» – деді.
Мемлекеттік хатшы «Конститутция мен Тілдер туралы» заңының мүлтіксіз орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуге және кез-келген теріс әрекеттердің жедел алдын алуы үшін Бас прокуратураға, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне, Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсырма берді. Әрине, мемлекеттік емес тілде… Ресей елінің тілінде. Дұрыс дейік, бірақ аталмыш құзіретті орындар биліктің тапсырмасын қалай түсінеді? Мемлекеттік тілді қолдануды аяқ асты еткендерді тәртіпке сала ма… Әлде «тілдің дамуын жылдамдатуға шақыратын жекелеген тұлғалар» мен БАҚ-тарды жазалаудан бастайды ма?…
«Хабардың» да, «Қазақстанның» да қазақ тіліндегі жаңалықтарының тілшілері Мемлекеттік хатшының сөзін мемлекеттік тілге аударып беріп жатты. Ал Мемлекеттік хатшымыздың бетінен өзге елдің тілінде сөйлеп жатқаны үшін қысылудың ұшқыны да байқалмады. Әрине, қысылатын түк те жоқ… Өйткені «ең болмаса мемлекеттік тілдің дамуы туралы мемлекеттік тілде баяндауға нең жетпеді? – дейтін өзінен жоғары-төмен тұрған бір де бір тұлға жоқ екеніне және жуық арада, 2030-ға дейін табыла қоймайтынына да бек сенімді. Шырылдап жүрген «Жас қазақ үні» секілді басылымдарды Мемлекеттік хатшының үстеліне қоятындай көмекшілері есінен адасқан жоқ әзірше…
Айтпақшы, Мемлекеттік хатшыға ренжіп отырған кезде телеарнадан Түркияға ресми сапармен барған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тек қазақ тілінде сөйлегенін көріп разы болып қалдық. Мемлекеттік хатшы менсінбеген мемлекеттік тілдің мерейін мемлекет басшысы өсірді. Иә, Елбасы Түркия Президентімен кездесуде де, Түркия Парламентінде де, баспасөз мәслихаттары мен басқа жерлерде де мемлекеттік тілде сөйлеп жүрді. Айта кету керек, осыдан біраз бұрын Германияға барғанда да баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сөйлегенін байқап қалған едік. Сонда біз де аң-таң, «бұлардың өз тілі бар екен ғой» – дегендей, Германия канцлері Анна Меркель де аң-таң болған еді. Яғни, мемлекеттік тілді жақтап митингі мен акциялар өткізуші халықтың пікірі Мемхатшы Қ. Саудабаев үшін «популистік арандатушылық » болса, мемлекет басшысы Н. Назарбаев үшін назарға алатын елдің қоғамдық пікірі екеніне көз жеткіздік.
Билік биігіне қарасақ, министрлер М. Құл-Мұхамед пен Ж. Түймебаев әкімдер И. Тасмағанбетов, Б. Сапарбаев, С. Үмбетовтерді, депутаттар Б. Тілеухан, Қ. Айтаханов, Р. Халмуратов, Н. Сабиляновтарды ғана қазақ деп айтуға болады. Қалғандарының көбісі орысша ойлап, орысша түс көретіндер тобынан…
Жағдайы бізден көп төмен Тәжікістан президенті Эмолали Рахмонның (Рахмонов емес) мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, тәжік тілін төрге шығарғанын көргенде іш қазандай қайнайды екен-ау. Олардың Парламенті де, Үкіметі де өздерінің тәуелсіз ел екенін баяғыдан сезінеді. Ал біздікі ше? Кеше Республика сарайына жиналған, мемлекеттік тілдің мешеу халіне ашынған төрт мыңга жуық түгел «арандатушылар, популистер» ме екен? Онда елдің бүкіл зиялылары, саяси партиялары, тіпті билік партиясы «Нұр-Отанның» Саяси Кеңесі мүшесі, генерал Мұрат Қалматаев қатысып, мемлекеттік тілдің дамуын жеделдетуді қолдады ғой. Бәлкім, мемлекеттік тілдің 20 жылдағы «жетістігі» туралы «салтанатты жиынның» әуесқойлар түсірген бейнетаспасын Мемлекеттік хатшыға беріп жіберу керек шығар… Мүмкін, ол бейнетаспамен Мемлекеттік хатшы арнайы органдар арқылы сол күні-ақ танысқан болар. Шымбайына батып бара жатқаны мемлекеттік тілдің шын жағдайына алаңдаған елдің жанайқайы болар…
Тілі дүниежүзінде үстемдік ететін елдердің қатарына жататын Германияның өзі мемлекеттік тілге алаңдап жатыр… Украина, Балтық елдері, көрші елдердің бәрін айтсаң ішің удай ашиды. Ең соңы Тәжікістан анау, алдымызға шығып кеткен! Бізден басқа әлемнің барлық тәуелсіз елінде бұл мәселе баяғыда шешілген. Ал бізде 20 жылда орындалмаған заңды 2030-ға дейін күтуге тура келетін шығар. Әйтеуір жұрттың Ыбырайы – Ыбырай да, біздікі …
Қазыбек ИСА