ӨМІР-ӨЗЕН

Processed by: Helicon Filter;

 

Арғы беттен тапқаннан соң айымын,

Күні бойы соған жету жайы – мұң…

Өзенге емес… қайғыға бұл батады…

Қайықшы  шал қалдырмаса… қайығын…

 

Ұлы Сырдың жағасына жабысып,

Отырады кеткендей бір бағы ұшып…

Бітпейді деп бүгінменен бұл өмір,

Жұбатады толқындар да жарысып…

 

Қалғансырдың*  қалақтай бір жігітін,

Күттіреді күндей сұлу күні-түн…

Қайықшының қабағына байлапты-ау,

Мұның барлық үкілеген үмітін…

 

Қырға шықса, қырына алар ел несін,

Жидырады  жебей соққан жел де есін…

Көл айналған көкала үйрек қанаты,

Сусылымен   басар көңіл пернесін…

 

Айлы түннен әуен тыңдап әрқилы,

Айкезбедей   ай астында шалқиды.

Айдындағы ай сәулесін аулаумен,

Аймаңдай қыз  көз алдында қалқиды…

 

Жетім жігіт жетілмейді деп пе едің…

Жабығады есіне алса, өткенін.

Күрсінісі күндік жерге жеткенін,

Сезеді ме тәкаппар қыз көп-көрім…

 

Қаттылыққа қайран жүрек көнеді,

Тәттілікті тек түсінде көреді…

Ащыкөлде өскен соң ба, бұл тірлік,

Ащылығын аямай-ақ келеді…

 

Қызылқұмға өте алмаған  шағында,

Шағалалар жеткізбейді шағылға…

Жағалауды жағалаудан жалықпай,

Сары бала сарғаяды сағымға…

 

Бозарғанша ішкен кезде бозаны,

Бозбаланың өзек өртер өз әні…

 Арғы бетке асырардай айқайын,

Күні бойы көкке даусын  созады…

 

Көрінгенде көркем тоғай әр талы,

Көркеміне іңкәрлығы артады.

Талып ұйықтап кеткен кезде тал бойы

Таңғы шапақ тағы да алға тартады…

 

Тағдыр кімге тастай қойсын көпшікті,

Өгей ұлдай өнебойы өксітті…

Өмір бірақ… өріс аша бастады,

Қайықшы шал…

Қайынатасы боп шықты!..

 

Азабы мен ғажабы да тең келер,

Тіршілікке сүйген жарың өң берер.

Жаратқанның жар болғанын көрді ғой,

Жарылқасын Алла, деумен келген ер…

 

Шынға айналып аңсаған бар елесі,

Көрінді алдан көрікті өмір белесі…

Жағалауға келгенде қол ұстасып,

Күтіп тұрды… Ұлы Бақыт кемесі!

                                                                    Қазыбек ИСА

                                05 қазан 2013 жыл

*Сыр бойындағы ауыл

4 пікір жазылған

  • Негізі, бұл өлең – бүгінде бұл өмірде жоқ әке-шешемнің өмірі ғой… Жатқан жерлері жайлы болсын жарықтықтардың… Өткенде Астанадан келе жатқанымда пойызда таңғы жеті жарымда түсімде өлең жазып жатып оянып кеттім. Содан бірден жалғастырып жазып шықтым… Кезінде “Айқын” газетіне берген сұхбатымда :”Менің ең жақсы өлеңдерімнің көбісі пойызда, екінші сөреде жатып жазылған” деп едім. Бұл да, соның бір жарқын көрінісі болғандай. Өзім соңғы шумақтың соңғы екі жолын жазғанда еріксіз көзімнен жас шығып кетті…

  • Арғы беттен тапқаннан соң айымын,
    Күні бойы соған жету жайы – мұң…
    Өзенге емес… қайғыға бұл батады…
    Қайықшы шал қалдырмаса… қайығын…

  • Ұлы Сырдың жағасына жабысып,
    Отырады кеткендей бір бағы ұшып…
    Бітпейді деп бүгінменен бұл өмір,
    Жұбатады толқындар да жарысып…

Пікір жазу