Жасырғанмен… жарылғыш зат жарылмай қалмайды…

*Тілің болса- тірісің!

Қауіптің алдын алу керек!..

Әлсіз заң – әлеуметтік наразылық тудырады

     Екі-үш күннен бері «Алматыда қазақ тілінде сөйлеңіз» дегені үшін «Жұлдыздар отбасы – Аңыз Адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың сотталғанын ашына жазып жатырмыз.

Жарылқап Қалыбайдың ұсталғаны туралы хабар таратқан саясаттанушы Расул Жұмалы рас айтса, Жарылқап Қалыбай Қазақстанның ұлттық әуе компаниясының жолаушысы ретінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрағаны үшін жазықты бол,анын айттық….  Иә, онда тұрған не бар. Тәуелсіз Қазақстан аумағында Атазаңымыз бойынша кез-келген елдің азаматы да, шетел Ресейдің тілінде, не өзге тілде емес… Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеуі тиіс қой!

Ал сол үшін, Атазаңымызды талап еткені үшін Қазақстан азаматы сотталып жатса… онда «Қазақ мемлекеті Тәуелсіздік алған ба  өзі»-деген сұрақтың да туындауы сөзсіз! Иә, басы бар, миы бар, қазақы қаны бар кез-келген Қазақстан азаматы осылай ойлайды! Ал басы болғанмен мемлекеттік тілге жететін миы жоқ, жаны болғанмен… қазақы қаны жоқ, мол табысы болғанмен… ұлттық рухы мен намысы жоқ… сауатсыздар болса, онда амал жоқ!…

Атазаңды талап еткен Қазақстан азаматы Жарылқап Қалыбайдың қамалуына  кінәлі Скат компаниясы қызметкерлері жауапқа тартылуы тиіс… Әйтпесе, нағыз қазақтар қандай болатынын көрсетуіміз де қиын емес…

Соңғы мәліметтер бойынша , Скат компаниясы тарапынан “Жарылқап Қалыбай қызуқандылық жасады” деген тура кінәдан жалтару да болып жатқан сияқты… Егер Жарылқап Қалыбай:  ”Алматыда  орыс тілінде,  шүршіт тілінде немесе өзбек, т.б. кез-келген тілдерде сөйлеңіз” десе, қанша қызуқандылық көрсетсе де, ешқандай да соттау, жауапқа тарту болмас еді… Жалпы, біздің қазақтарға жетіспейтіні осы қызуқандылық емес пе? Мемлекеттік тіл үшін, Атазаңды талап етіп, бар қазақ  күресуі керек!  Ішсе де, ішпесе де! Қызу болса да, түзу болса да!..

Бар кінә – біздің  бейшара биліктен бастап, биліктен еш айырмашылығы жоқ  бейшара орыстілді оппозицияға дейін үрке қарайтын “қазақ тілінді сөйле” деген талапта болып тұр… Осыны өтірік білмегенсіп, жалған “заңшылдыққа” салынып отырғандарға таңым бар…

Егер 22 жыл бойы мемлекеттік тіл Атазаңға сай өз орнында болып, 7-баптың 2-ші тармағы- орыс тіліндегі тармақ жоқ болса, бүгінде қазақ тілін аспанда да , жерде де, бәрі білер еді де, тіл мәселесі болмас еді. Яғни, бұл 2011 жылғы Мұхтар Шаханов бастаған 138 зиялы қол қойып, қолдаушылар саны 18  мыңнан асып кеткен  Ашық хаттың маңызы күннен күнге арта береді деген сөз.

memlekettik til 2Біз секілді Тәуелсіздік алған соң, тіл мәселесін бірден шешіп алған елдерде мұндай сұмдық болмайды, болған да емес! Сондықтан бар мәселе-бар саясат тілден басталады. Мұны біздің билік білмейді емес, әдейі істемейді. Себебі біздің шенеуніктердің 90 пайызы бала-шағасымен қосылып, мемлекеттік тілді білмейді. Мысалы, кеше Елбасыға фин елшісі сенім грамотасын қазақша тапсырды. Ал қасында “қазақша сөйлегуге миын ауыстырмаса, бұл миы жетпейтін” (өзінің парламенттегі мәлімдемесі) Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәңкиіп тұрды… Білмеймін, Елбасы оған фин елшісін үлгі етіп ескерту жасады ма, жасамады ма? Әй, жасаған жоқ шығар, жасаса, осы уақытқа дейін үйреніп алар еді… Ал мұндай мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілді білмейтін – Президент кепіл болып табылатын Атазаңды көзіне де ілмейтін аянышты масқаралық әлемде тек біздің Қазақстанда ғана бар! Ал әлсіз заң әрқашанда әлеуметтік наразылыққа мәжбүрлейтіні  тарихта талай дәлелденген жағдай…

Қазақ тілін қажетті етудің қарапайым мысалы

Осыдан екі-үш ай бұрын Алматыдағы «Азия» кафесіне  түстенуге бардық. Бізге қызмет көрсетуге келген даяшы қазақ қызы ішімізде бір де бір орыс болмаса да, орысша  сөйледі?..  Ол орыс не өзге ұлт өкілі болса, мейлі екен-ау… Не үшін?  Сіз мұны ойланып көрдіңіз бе? Ал алдыңызға келген тамақты ол орысша сөйлемек түгілі , шүршітсе сөйлесе де, бас салып жей бермей, бір рет Тәуелсіз Қазақ елінің тәуелсіз азаматы ретінде талап қойдыңыз ба? –Жоқ! -Неге?  -Иә! –Жарайсыз!

Ал бізде не болды? Арамыздағы Астанадан келген сыйлы қонағымыз, елге белгілі қайраткер азамат  Ислам Әбішев одан «неге қазақ тілінде сөйлемейтінін» сұрады? Ешқандай қымсынусыз, біз қазақ тілін емес, қайдағы адам білмейтін, ел естімеген тілді талап етіп тұрғанымыздай бәрімізге сыздана ежірейіп қарады…

Исекең  дереу кафе басшылығын шақырып,  оның қызмет көрсетуінен бас  тартатынымызды айтты. Иә, қазақ тіліне шошына қарайтын «қазақ» қызының қолынан дәм татпай-ақ қояйық деп шештік. Орнына ана тілін білетін басқа бір сүйкімді қыз келіп, қызмет жасады.

Осыдан кейін бір-екі  айдай өткенде Исекеңмен бірге тағы да Пугасов мейрамханасында бас қосып қалдық! Тағы да сол жағдай қайталанды! Қазақ қызы қазақша сөйлемейді не сөйлей алмайды! Бұл не деген масқара! Біз 22 жыл бойы Тәуелсіз елміз бе, әлде, әлі де Ресей отарымыз ба? Біз тағы да оның қызметінен бас тарттық… Қызық болғанда оны ауыстырған әзірбайжан жігіті қазақшаға ағып тұр…

Енді осылай қайталана берсе, әлгі қазақша білмейтін «қазақтарды» мейрамхана басшылары жұмыста қалдыра ма? Оларға келушілердің көп болғаны керек емес пе?

Ал бір мейрамханада түгел орысша, ағылшынша, өзбекше, т.б. тілдерде ән шырқалып тұрды да, қазақша бір де бір ән айтылмады. Исекеңнің:  «Неге қазақша ән айтпайсыңдар? Сонда қазақ әні Қазақстанда айтылмағанда қай елде айтылуы тиіс?»-деген қатқыл сұрағына мейрамхана басшылары ешнәрсе дей алмай: «қазақша ән таспалары жоқ» деп жалтарма жауап берді. Ондай сылтауға  қоя салатын Исекең бе, дереу жүргізушісін жіберіп, біз түстеніп болғанша 20 дана қазақша ән таспасын алдырып, мейрамханаға тарту етіп кетті…

Бір қызығы, біздің жоғары билік қарапайым  мейрамханалық  межедегі  патриотизмге де  жете алмай келеді. Себебі бізде мемлекеттік тілді білмейтін министр, әкім, шенеуніктерің толып жүр… Бізге мынадай мемлекеттік тілге миы жетпейтін министр немесе әкім керек емес деп қашанғы  айтамыз?  Қашан біздің тілімізге жауап бере алатын  шенеуніктерге ауыстырады оларды…

Негізі қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл туралы мықты заң қабылдап, Атазаңның 7- бабынан орыс тілі туралы 2-ші тармақты алып тастамай, көрген күніміз осы!  Жайлап болса да, жарылатын затты  жасырып, «мина емес» дегеннен , оның жарылмай қалмайтынын… естен шығармайық!  Ең басты мәселе – қауіптің алдын алып, мемлекеттік тілге байланысты тиісті заңдық шараларды жасау – кезек күттірмес дүние. ХIX ғасырдың өзінде зар заман ақындарының заңғары Мүрат  Мөңкеұлы  ”Мен қауіп еткеннен айтамын!”-деп босқа зарлаған жоқ…  Жаман айтпай-жақсы жоқ, ертең  ұлттық мүдделердің  ең жанды жері –  мемлекеттік тілге байланысты наразылық шегіне жететін болса,  басты жауапкершілік – бүгінгі билікте болатынын ұмытпайық!

 Қазыбек ИСА.

www.qazaquni.kz

2 пікір жазылған

  • Бар кінә – біздің бейшара биліктен бастап, биліктен еш айырмашылығы жоқ бейшара орыстілді оппозицияға дейін үрке қарайтын “қазақ тілінді сөйле” деген талапта болып тұр… Осыны өтірік білмегенсіп, жалған “заңшылдыққа” салынып отырғандарға таңым бар…

  • Сәлеметсіздерме!!! «Естімеген елде көп»- демекші, мына мақала мені шалқамнан түсірді. Сонда біз әлі де «қазақ тілінде сөйле»- деп талап еткеніміз үшін заң алдында жауап беруіміз керек пе? Ана тіліміздің мынандай бейшара жағдайда тұруы менің жүрегімді ауыртты. қанында қашан да «қазақ»деп тамыры соғып тұратын біздің осындай ұлы ағаларымыз шындықты айтып шырылдап жүргенде, неліктен жазықты болу керек? Қысқасы, ақиқатты айтып, ар алдында адал болу керек. біз ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ сөйлеуге міндеттіміз. Жас ақын Н. Құрмановтың өлеңінен үзінді
    Бар ойым санмды ойға бөлейді екен,
    Жастарым болашаққа сенеді екен
    Атам қазақ тілі шықпаған жас балаға
    Итаяққа су құйып береді екен
    Бізде сол ШАЛА ҚАЗАҚ МӘҢГҮРТТЕРГЕ
    Итаяққа су құйып беру керек екен!!!!

Пікір жазу