«Азаулының Стамбұлдан несі кем..?»
Доспамбет жырау
Сұлу шаһар Стамбұлдың
Салтанатты мешіттері
Таңғалдырып тұр мені…
Құшақ жайып құшқан нұрдың
Ерке желдей есіп лебі…
Сүреленіп келе жатыр жыр легі…
Түркістанның түлегіне
Мешіт тансық болмаса да,
Мұншама көп құдай үйін көрмеп ем.
Жетер ме екен тілегіме
Түскендей бір жолға сара
Жүрегімді Құран үні кернеген!
Көк аспанның көшірмесі –
Көз тартады күмбез біткен
Көкке созып азанын…
Келгендеймін шешімге осы –
Келді сәтім бір кез күткен
Шырқалатын шығар енді өз әнім…
Құлшылық қып бір Аллаға
Құладым мен сәждеге ақыр –
Жазық маңдай жайнамазын іздеді…
Құдай сөзі –Құран ғана
Барлығы осы Сөзде жатыр-
Тыңдаңызшы,Сіз мені!..
О, Стамбұл, жайың қандай –
Сазым да көп саған арнар,
Көк аспан мен көк теңіздің арасы!
Жағалауда жайылғандай
Қатарласқан қара нарлар –
Қаптап тұрған кемелерге қарашы…
Иірілген қайық біткен
Күйсеп жатқан қой отары
Секілді бір көзіме ыстық көрінді…
Жайнамазын жайып күткен
Сәулетіне сай атағы
Көне шаһар, көрсет қане, төріңді!
Жетеледі жағада елес,
Жатыр теңіз шалқып әйгі
Жерұйық қой-құштар десем ел неге?..
Сам жамырап, самала кеш
Сансыз шамдар жарқырайды
Жұлдыз біткен көкте ме, әлде, жерде ме?!.
Ер Доспамбет, жырау бабам
Көрген шаһар көрікті екен,
Тәубе дейін тәңіріме мен бүгін.
Мың бір түн ғой мынау ғалам!
Бір сұлуға еріп кетем,
Шерту үшін шайыр ұлдың шер-мұның!
Қош, Стамбұл!
Күнім енді бос өтер ме,
Қимай кеттім аз-ақ күнде…
Тереңіне батып теңіз сезімнің
Түбі бірлік осы екен де…
Түсіністік ғажап мүлде! –
Түркі тілі Құдіретін сезіндім!..
Түп мекені – түркілердің
Шыныменен жеттім бе өзім,
Ұлы қазақ еліне ерен енселі!
Бір Алладан шын тілермін
Көк аспаным-көк күмбезім
Жердегі үлкен мешіт көрдім мен сені!..
Жар бола гөр, Жаратқаным!
Сахарада сайрадым бір,
Күмбірледі жүрегімде күй біздің!
Тал бойымда тарап қаным.
Жайнамаз ғой- жайлауым бұл-
Маңдайымды қара жерге тигіздім,-
Туған жерге сүйгіздім!
23 Сәуір 1995-2009.