“Бүкіл Парижді жалғыз алмамен дүр сілкінткім келеді…”
Поль Сезанн
Жан емессің жатып ішер жан күйлі,
Сапарың бар сандалатын сан қилы.
Боп- боз болған түрің сенің боз бояу,
Сөйлесең де бояу исі аңқиды…
Бояу азық болатындай баршаға,
Бір картина саласың сен жан сала.
Кейде өзіңе күдіктеніп қарайсың,
Кенеп кері итергенде қаншама.
Түсіне ылғи түсті бояу кіретін,
Суретшісің тек әйелі білетін,
Білетін де қиялына күлетін…
Баландықтан баяғыда өттің ғой
Пикассоны мойындамай жүретін.
Көлбеңдеген көп бояуды көз алдын
Шабытпен де, шараппен де… сезе алдың .
Тіске басу үшін емес… үңілдің
Ұғу үшін алмасына Сезанның.
Тапса осыдан табатындай бір емін,
Бояу сырын бойтұмар қып жүр едің.
Таланты үшін тірлігінде тас маңдай
Болған Ван Гог тағдырын да тіледің.
Отырғанша кейде босқа мәңгіріп,
Лақтырып қылқаламды,
Кеткің келер қаңғырып…
Одан кейін опалы күн өткізіп,
Жазардайсың бір шығарма мәңгілік.
Әлі талай азаптайды алда сын,
Тек үмітің жолда сөніп қалмасын.
Тым құрыса…тұрып-тұрып бір күні
Жеп қоясың Поль Сезанның алмасын…
Кезінде Мейірхан Ақдәулетов осы өлеңді тыңдап, «біздің қазақ бұны қазір түсінбейді» дегенін естіп едім…