Өрістен қайтты кеш отар,
Қойшының үні естіліп.
Келіншек буын босатар,
Керімсал есті кешкілік…
Бұрқырап сүттің иісі,
Қыраттан табын құлады.
Қайырған қойдың күйісі –
Қайырмай айтқан қыр әні…
Тұмадай тұнық көзінде
Тұншығып жатқан сыр қалып,
Бой ұрып нәзік сезімге,
Бойжеткен отыр нұрланып.
Самалы еспей даланың,
Құнығып ауа жұтар ма ең.
Бусанып, еріп барамын,
Жусаны көміп жұпармен.
Жұлдыздар көкке ілініп,
Шегіртке күйі шертілді.
Жүзіне қаны жүгіріп,
Жүзгені құмның желпінді.
Айдын көл ашып ажарын,
Құстардың тынды қилы үні.
Сүйген соң желдің назарын,
Сүйемдей өсті сүйрігі…
Елітіп сезім жетегі,
Қалқаның ойлап жайын көп…
Кездерде мұндай кетеді
Бозбала біткен шайыр боп…
Табылар жанға дәру мың.
Күйде бір салқам, көңіл сал.
Шашындай желпіп арудың
Өтеді сипап керімсал…
Жүректе қалмай қаяу-мұң,
Тұндырып тұнжыр көзге арай.
Аялағандай аяулың
Керімсал ескен кездер-ай…