Аңызақ пен аңызды атырабы,
Терең ойға теңіздей батырады.
Шардараның толқыны шабыт беріп,
Шағалалар алысқа шақырады.
Ән мен дәнді жерден мін таппағасын ,
Мақтанасың, болған соң мақта басым,
Алтыннан да асырса ат бағасын…
Шабандоз боп кетуге шақ қаласың…
Көк аспанның астында шағыл кешсең,
Көк теңізге айнадай тап боласың…
Су қуатын аймаққа тартып әйгі,
Бағаналар сап түзеп, сән құрайды.
Көне кенттен көктеген көркем қала –
Шардараның шамдары жарқырайды…
Табанымның ізі бар әр тасыңда,
Табындырып қоясың, тартасың да…
Құмстаннан айналдың гүлстанға,
Құрыш білек жандардың арқасында.
Жаушықұмда жау күткен ыза небір
Ұмыт болып, еңбекпен қызады өңір…
Қоссейттен аттансаң құран оқып,
Ұзын ата тілейді ұзақ өмір…
Балық өрсе байлық боп көл түбінен,
Қызыл жыңғыл – қырдың бұл көркі білем…
Шөл далаға секілді күретамыр,
Сырдария сыр айтар толқынымен…
Маң даланың мыңғырған маңайы мал,
Табысқанның дәл мұнда әр айы бал…
Жиде гүлдеп кеткенде жиі келсең,
Тораңғылы тұтасқан тоғайы бар…
Сана оятар сарғайған сағанасы,
Көктеп кетер көк тірер бағанасы.
Шыбығынан шыр жиған шырын сорып,
Шыбықтасаң кетпейді бал арасы…
Қызылқұмда сезініп жер ыстығын,
Барады ысып көңілім тегіс бүгін.
Шама келмей шабытқа, шалқимын мен,
Бас айналар бақыттан кеңістігім!
Тек туған жер жазады жүрек емін,
Текті ақынның қадірін біледі елім.
Төрт бұрышын дүниенің шарлап келіп,
Төрт қақпаңа мен сенің тірелемін!..
https://vsviagrav.com/ – viagra