Алматыда Ақынның
дүркіреген жыр кеші өтті
«осыншама оқырманы бар Қазыбек шынында да бақытты ақын»
Жақында Ақындардың астанасы Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясында Ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, «Жас қазақ үні» газеті және «Жұлдыздар құпиясы» журналының басшысы Қазыбек Исаның 50 жасқа толған мерейтойына орай «Сырымды айттым далаға» атты жыр кеші өтті. Бұған дейін ақынның туған жері Оңтүстік Қазақстан облысында, Шардара, Отырар аудандарында, Арыс пен Түркістан және облыс орталығы Шымкент қалаларында өткен ақынның мерейтойы ару Алматыда өз қорытындысын жасады.
Сахна шымылдығын Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы студенттерінің Қазыбек Исаның «Мұңлық-Зарлық мұқамы» дастаны бойынша театрландырылған қойылымы ашты.
Одан әрі қарай кештің жүргізушісі, ақын Бахыт Беделханның шақыруымен Қазыбек Иса сахнаға көтеріліп, жиылған жұртшылыққа жырдан шашу шашты.
Алғашқы сөздің тізгінін алған, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков:
«Осы біз кітап оқымайды деп оқырманды кінәлаймыз. Ал залға сыймай кеткен осыншама оқырманы бар Қазыбек шынында да бақытты ақын. Бақыт демекші БАҚЫТ деген сөзге бәріміз де, талай ұлыларымыз да теңеу іздеп таусылғанбыз. Әрқайсысымыз әр нені айтып жүргенде Қазыбек:
Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын,
Бақыт деген – БАҚЫТ жайлы ойламау!…», –деп бір-ақ ауыз сөзбен барлығымыздың аузымызды жапты. Бұны поэзиядағы жаңалық деп ойлаймын. Қазыбек жалпы болмысынан кешегі Ғабеңдерді еске салатын ақсүйек, бекзат ақын».
Жыр кешінде ақ тілегін айтып ақтарылған, өзі де биыл мерейлі жетпіске толып, елімізде тұңғыш рет бір драматургке арналған «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фестивалі өтіп жатқан Абыз қаламгер Ақын інісінің иығына шапан жауып, сый-сияпат тапсырып, ілтипат көрсетті.
«Нұр-Мұқасан» дуэтінің орындауындағы талай тойда құда балалардың делебесін қоздырып жүрген сөзін Қазыбек Иса жазған «Құдаша қыз» әні бұл кештің де шырайын аша түсті.
«Поэзия саясаттан жоғары тұратынына көз жеткіздік»
Одан кейінгі кезекте құттықтау сөзін алған «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты, Азат Перуашев ақын Қазыбек Исаны мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясы жетекшісінің: «Қазыбек Исаның мынадай дүркіреген жыр кешіне қарап отырып, Поэзия саясаттан жоғары тұратынына көз жеткіздік, өйткені ол – мәңгілік құндылық. Ал саясат деген өткінші дүние», – деген сөзі жиылған жұртты да, той иесі ақын Қазыбек Исаны да бір серпілтіп тастағандай болды. Осындай мәнді де, мағыналы сөз айтқан Азат Перуашев Ақынға жолыңыз ақ болсын деп, «Ақ жол» партиясының атынан ақ тұлпардың кілтін табыстады.
Осы бір жүрек тербетер жыр кешінде сөз алған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек ақынның ақындығымен қатар, азаматтығына айрықша тоқталып өтті. Ал, Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының 1-ші орынбасары Ғалым Жайлыбай мырза болса, ақын Қазыбек Исаның ердің жасы елуге келіп отырған бүгінгі болмысы емес, шағалалы Шардарадан ұшып келген сол бір балаң, саясатқа араласпаған кейпі жанына жақын екендігін тілге тиек етті.
Сонымен бірге бүгінгі жыр кешіне ақын Қазыбек Иса дәріс алған қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың білім-тәрбие басқармасы бастығы Арман Әбдіхалықов қатысып, аталмыш оқу ордасының ректоры, белгілі ғалым, профессор С.Пірәлиев мырзаның құттықтауын жеткізді.
Ақ тілектер ақтарылған осы бір күні Ақын «Сырымды айттым, далаға», «Бес мезгілдің бедері», «Белгісіз суретші», «Жапандағы жалғыз үй» атты өлеңдерін оқып, шөлдеп қалған өрелі оқырманын тұнық жыр бұлағына сусындатты.
Қ.Исаның «Қаймана қазақ ақысын қайтару үшін жүрмін мен» дейтін «Мұрат» атты мұратты жырын оқыған ақынның алты жасар қызы Әмина елдің ерекше ықыласына бөленді.
Өз кезегінде ақын Қазыбек Иса оңтүстіктен басталған осындай дүбірлі жыр тойына келген өлең сүйер қауымға, қолдау білдірген қайраткерлерге, атпал азаматтарға алғыс айтты.
Сондай-ақ бұл кеште жас әншілердің орындауындағы ақынның сөзіне жазылған бірқатар әндердің тұсауы кесілді. Олардың арасында, белгілі әнші-сазгер Өктем Алтаевтың «Қарғым», Гүлмира Сайділдақызы орындаған Бекжан Әшірбаевтың «Сағыныш», Қ.Құрбанбай айтқан «Жарығым», Абай Аймағанбет шырқаған «Бақыт туралы жыр», атты әндер бар.
Жыр кеші ақынның сөзіне жазылған Әділбек Саринның «Қазақ елі» атты әнін әнші Серік Адайдың әуелете шырқауымен аяқталды.
Гүлмира САДЫҚ
«Ақынның кеші ашық болмайды ма, төрт жүздей адам далада қалдық»
Оқырмандар айтқан осы сөз ойландыруы керек
Алты жасар Әминадан алды жетпісті алқымдаған ақ кимешек киген аналарға дейін келген дүрілдеп өткен жыр кешінде өкпе-наз да айтылмай қалған жоқ. Ол ең алдымен Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония әкімшілігіне айтылуы тиіс. Кеш енді басталарда «Зал толып қалды, 800 адамдық қана орын» – деген әкімшілік есікті жауып алған. Оған сахнаға шығар алдында араласуға тура келген кеш иесі Қазыбек Исаның өзіне: «Мұншама оқырманыңыз бар екен, Республика сарайында өткізбейсіз бе?» деп қарсы шықты. Ақын әйтеуір біразын кіргізіп үлгерді. Соның өзінде ақынның өз отбасы мүшелері, алыстан арнайы келген қонақтар кіре алмай қалып, айқаймен екінші-үшінші рет есік ашылған.
Кеш біткенде есік алдында мерейтой иесі Қазыбек Исаны ақын Бауыржан Әлқожа бастаған ҚазҰУ-дің бір топ студенттері қоршап алды:
– «Ақын кешінің есігі айқара ашық болмаушы ма еді, Сіз кіргізіп алғанның өзінде қаншама оқырманыңыз, төрт жүздей адам далада қалдық. Бұларға ескерту жасамасаңыз болмайды ғой бұл»–деп, ренішін білдіріп жатты. Сол уақытта Филармония басшылығына телефон соққан Қазыбек Иса: «Бұл камералық концерт емес, жиналыс емес, жыр кеші ғой, есік әрдайым ашық болуы тиіс емес пе?» деп оқырмандар өкпесін жеткізді. Филармония басшылығы елге кедергі жасаған қызметкерлеріне қатаң ескерту жасайтынын айтқан ақын олар үшін өзі кешірім сұрады.
Иә, елдің мұңын мұңдап жүрген Ақынның жыр кешінің есігі ел үшін әрдайым ашық болғанға не жетсін!
М.ЕРҒАЛИ
БҮГІНГІНІҢ БИІ
Қазыбек Исаға
Есімің елге мәлім,
Би атында.
Соншама қызықпайсың,
Сый – асылға.
Көрініп тұрады ылғи
Адамдығың –
Бойдағы арың менен ұятыңда.
Ұлтының жүрегіне
Ұялаған.
Шынында –
Біздің Қазыбек зиялы адам.
Орыны оқырманның ортасында,
Көрген жоқ оны ешкім би алаңнан.
Таттырдың оқырманға
Тілдің дәмін.
Көп сеуіп кеуделерге
Гүлдің дәнін.
Бір үміт жанарыңда шырақ жағып,
Білемін –
Қабағыңда бір мұң барын.
Тартқан бір,
Тауқыметі азабының –
Жырының,
Өлеңінің,
Ғазалының
Қадірін,
Қасиетін сонда ғана
Біледі ел,
Оқыған соң «Қазақ үнін».
Байланған баяғыда арға басы.
Соғылған талай-талай жарға басы.
Бәлкім ол,
Ертіс те емес,
Есіл де емес,
Өзінің жарқыраған Шардарасы.
Заманның байқап біліп қас-қабағын,
Тақпайды жөн-жосықсыз басқаға мін.
Көрдім мен жауыздықты ауыздықтап,
Жолынан жалмауызды – жасқағанын.
Айтады ойын бүкпей – сөзін ашық.
Керенау –
Көрсоқырдың көзін ашып,
Үнемі ұлылықты ұлықтаған,
Болған соң сұлулыққа өзі ғашық.
Отырсаң –
Лайықсың төр басына,
Сөзіңнің тәнті болдым жорғасына.
Еліңнің қайғысы мен мұңы сенде,
Келген соң – 50 деген
Ер жасына.
Заманының ахуалы – күйіне еріп,
Асыл сөз –
Алқымыңа жиі келіп…
Баяғы Казыбек атаң секілденіп,
Сөйлей бер –
Бүгінгінің Биі болып!
Серік Тұрғынбекұлы,
Астана,
04.10.2012 ж.
Ұлттық мүддені ұлықтай білудің өрелі өнегесі
Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы !
Сізді 50 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздің бүкіл саналы ғұмырыңыз ұлттық журналистика мен әдебиетімізді өркендетуге арналып келеді. Жастайыңыздан қаламды қару еткен талантыңыздан туған шығармаларыңыз әдеби ортаның сын таразысынан өтіп, оқырмандардың жоғары бағасына ие болды. Сіздің шығармашылығыңыз қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, сыр тұнған жырларыңыз жылағанды жұбатып, құлағанға қалқан болатын рухани сүйенішке айналды.
Сіз, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, көрнекті қаламгер, журналист, баспасөз бен мәдениет саласының майталманы ретінде елімізге кеңінен танымалсыз.
Өзіңіз ұйымдастырып, тұңғыш бас редакторы – директоры болған, ұлттық ой-сана үрдісін өрбітуге үлкен үлес қосып келе жатқан «Жас қазақ үні» газеті аз уақыт ішінде көпшілік іздеп жүріп оқитын республикалық газет мәртебесіне көтеріліп, еліміздің танымал басылымының біріне ғана емес, бірегейіне айналып отыр.
Қоғамның қандай да бір құбылыстары, жылт еткен жаңалықтары Сіздің газет назарынан тыс қалған емес. Әсіресе, замана ағымына қарай егемен еліміздің жаңа құрылымындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді байсалдылықпен, парасаттылықпен, ұлтжандылықпен жазып, халқымызды бірлікке, татулыққа шақырып, ізгілікке үндеп келеді.
Мұның бәрі Сіздің бойға біткен іскерлігіңіздің, жоғары жауапкершілік сезіміңіздің, адамдарға деген сергектігіңіздің, ұлттық мүддені ұлықтай білуіңіздің, халыққа кіршіксіз қызмет етуіңіздің өрелі өнегесі деп білемін.
Құрметті Қазеке, Сізді өміріңіздің бесінші белесіне көтерілген мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық пен құт-береке, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, тың ізденіс, толайым табыстар тілеймін!
Ізгі ниетпен
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Қуаныш АЙТАХАНОВ
Азаматтық арын. Ақындық дарын. Қаламгерлік қарым
Құрметті
Қазыбек ЖарылҚасынұлы!
Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
«50 деген жасыңыз – еңселі Ердің шырайы» деп халқымыз айтқандай, бұл айтулы белеске жігерлі де жалынды, тәлімді де тәжірибелі қалпыңызда жетіп отырсыз. Қалың көпшілік Өзіңізді азаматтық арынын ақындық дарынымен, қаламгерлік қарымымен қатар өрген талантты журналист, өрелі редактор, іскер басшы ретінде жақсы таниды әрі ерекше бағалайды.
Тәуелсіз еліміздің ұлттық баспасөзінің бүгіні мен ертеңі жолындағы шығармашылық және қайраткерлік еңбегіңіз жана берсін. Тынымсыз, толассыз ізденістер үстіндегі алар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз көп болғай.
Деніңізге саулық, отбасыңызға бақ пен береке, қаламыңызға шабыт тілеймін.
Ізгі ниетпен
Астана қаласының әкімі
Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ
Поэзия патшалығында өзіндік орны бар тұлға
Ардақты абзал Қазыбек !
Сізді бергенінен берері көп жасқа келген мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Мен Сізді кең пейіл, дархан жүректі, поэзия патшалығында өзіндік орнын тапқан, ақындығына азаматтығы сай ұлтжанды тұлға ретінде жақсы білемін.
Өзіңіздің жауһардай жарқыраған жырларыңызбен қоғамда ізгі құндылықтар орнықтыру ісіне сүбелі үлес қосудасыз.
Бүгінде бар күш-жігеріңізді жұмсап, Жас қазағымыз үшін атқарып жүрген қызметіңіз ел жүрегінен лайықты бағасын тауып келеді.
Құрметті Қазеке !
Елуден асқаннан соң да шығармашылығыңыз кейінгі ұрпақ өнеге ретінде айта жүрер тың бастама, жобаларға толы болсын!
Қашан да сәттілік серігіңіз болсын, деніңізге саулық, адами және азаматтық бақыт, отбасыңызға бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілеймін!
Құрметпен
Мемлекеттік қызмет
істері жөніндегі
агенттігінің төрағасы
Әлихан БӘЙМЕНОВ
Жалынды мақалаларыңыз талайды ұйқысынан жұлқып оятты
Құрметті
Қазыбек Жарылқасынұлы!
Сіз ердің жасына лайық абырой, бедел биігіне ерен еңбегіңізбен шығып отырсыз. Мерейлі белесіңіз құтты болсын!
Сіздің кәсіби жолыңыз өзге әріптестеріңізге қарағанда бөлекше өрнегімен ерекшеленеді. Әуелі көркемсурет-графика факультетін бітіріп, еңбек жолыңызды Өзіңіз туып өскен Қызылқұмның орта мектебінде мұғалім ретінде бастап, 1991 жылдың тұсында «Жас қазақ» газетінде журналистиканың аламанына ат қостыңыз.
2000 жылы Өзіңіз бас болы, «Жас қазақ үні» газетінің тұсауын кестіңіз. Елдің жоғын жоқтасып, кем-кетігін түгендескен бұл басылым аз уақыт ішінде қазақ оқырманына өтімді болды. Өзіңіздің «қаймана қазақ ақысын қайтару үшін» деп жазған жұлынды да жалынды мақалаларыңыз талайды ұйқысынан жұлқып оятты. Сіз осылай әр уақытта ұстанымына берік, сертіне адал сөз сарбаздарының сапында екеніңізді дәлелдей білдіңіз.
Сіздің әр жылдары жарық көрген «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл» атты жыр жинақтарыңыз елімізде лайықты бағасын алды. Өлеңдеріңізді оқи отырып, баяғыда Өзіңіз өрнектеп бастаған суретші мамандығыңыздың ақын ретіндегі әдемі суреткерлігіңізге ерекше әсер еткенін байқауға болады.
Қазыбек Жарылқасынұлы!
Шыққан биігіңіз ешуақытта аласармасын. Өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Жас қазақ үні» газеті өз үнін, айбыны мен асқақтығын жоғалтпасын. Шығармашылық жолында шабыт тілейміз!
Ізгі тілекпен
Мәдениет және ақпарат министрі Дархан МЫҢБАЙ
Орақ тілді, өткір мінезді, «Мықты қазақ» деген атың бар
Қадірменді Қазыбек Иса!
Ердің жасы – елуге толған мерейтойыңыз құтты болсын!
Сіз дарынды ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Мәдениет және қоғам қайраткерісіз. Жұртшылықтың алдында «Мықты қазақ» деген атыңыз бар. Мұндай үлкен дәрежелерге өзіңіздің асқан қабілетіңізбен, төккен теріңізбен, қажымас қайратыңызбен, орақ тілділігіңізбен, өткір мінезіңізбен жеттіңіз. Сіз ұлттық мүддені қорғау жолында жан аямай еңбек етіп келесіз. Сонымен бірге Сіз мемлекетімізде ана тіліміздің лайықты орын алуына, «қазақстандық ұлт емес», «қазақ ұлтын» сақтап қалуға бар күш-жігеріңізді салудасыз. Сіздің «Жас қазақ үні» газетіндегі мақалаларыңыз жұртты рухтандырып, жалпы қауымға ой салады.
Алдағы уақытта да Отанымыздың тәуелсіздікті нығайту, тағы да «Федерация», «Одаққа» кіріп кетпеу жолындағы қызметіңізде табысқа жете беруіңізге шынайы тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, игілік, отбасыңызға баянды бақыт, еңбекте тасқынды табыстар тілеймін.
Ізгі ниетпен
ҚР Дипломатия қызметіне
еңбек сіңірген қайраткер,
Астана «Мемлекеттік тіл» қозғалысының
төрағасы Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ
Әкiм ақынды құттықтады
Жерлесіміз, дарынды ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткерi, «Құрмет» орденінің иегері, «Жас қазақ үнi» газетiнiң Бас директоры Қазыбек Исаның 50 жасқа толуына орай М.Шаханов пен Т.Медетбек бастаған бір топ ақын-жазушылар Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара, Арыс, Отырар аудандарында болып, киелі Арыстанбапқа түнеп, қасиетті Түркістаннан тілеп, жыр кештерін өткізгені белгілі. 21 қыркүйекте облыс орталығы Шымкент қаласында болып өткен кездесу кешi алдында Қазыбек Исаны облыс әкiмi А.Мырзахметов арнайы қабылдап, құттықтады.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда дүркіреп өткен жыр кешiне белгiлi қаламгерлер Д.Исабек, К.Әмірбек, М.Байғұт, Қ.Бегманов, сазгер Қ.Құрманәлі, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасы орынбасары, ОҚО филиалы жетекшісі А.Орман, Социалистiк Еңбек Ерi Б.Шүкiрбеков, облыстық мәслихат депутаты Ө.Мелдехановтар қатысып, ақынға ақ тілегін ақтарды. Облыс әкiмiнiң орынбасары Б.Әлиев мерейгерге облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасын табыс етіп, шапан жауып, сый-сияпат тапсырды.
Ақын тойы Алматыда жалғасын табады.
Қазыбек Иса ағаның өлеңдері және ортада өзін өзі ұстауы маған жалпы ұнайды. мен ең алғаш менің ауылым Отырар ауданы, Ақтөбе совхозына келгенде көргенмін. Маған ұсынған кітабы өте керемет!
Қазыбек Иса мырза!!! Оңтүстікке келер болсаңыз, Шымкентте 75 жылдық тарихы бар Оңтүстік мемлекеттік педагогикалық институтына , яғни киелі. қара шаңыраққа келіп, барша институт ұжымымен және де студенттер қауымымен өз шығармашылығыңызбенен бөліссеңіз…
Сізге тек тілеріміз шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!!!
Рахмет, Назекрке! Отырар киелі өлке ғой. Шымкенттегі Жастар орталығы мен Кітапханалар да шақырып жатыр. Пединститутқа да міңдетті түрде барамын. 8-777-200-9646
өте жақсы! рахмет аға! жаңа жеке сайтыңыз құтты болсын!!!
Арайлым
Арайлым десе – Арайлым!
Көркіңе сенің көз алмай қалқам қараймын.
Жарқ ете қалып жолыққан сұлу сен енді,
Шықпайсың естен, қиялдан, түстен талай күн…
Арайлым десе – Арайлым!
Бір нәзік сезім – жүректі билеп тұрар күш,
Қайтемін енді, қияға қашан шығар құс?..
Көрікті қызға табыстап кеткен ақынды,
Көкеме айттым мың алғыс!
Шәйіңе емес, сезімнен нәзік терледім…
Кездеспей жүрген көркемім менің сен бе едің…
Шәйіңе шөлім қанғанмен, қалқам, Арайлым,
Көркіңе қатты шөлдедім!..
Не деген керемет жыр! Шын жүректен, шынайы сезімнен шыққаны көрініп тұр. Ән жазғым келіп кетті. бірталай әнімді танымал әншілер айтып жүр…
Ән жазуға рұқсат. Ауызша тыңдаған екі-үш композитор да ән жазайық дейді. Қай жақсысы менікі.
ЖЫЛАМАСЫН АҚҚУЛАР .
Қос Аққулар ақ айдынның бетінде,
Жүзетұғын тәңертең де , кешінде .
Сылаң қағып, кейде олар жарысып
Бірі озып, бірі қалып кейінде .
Қанатымен суды есіп тынбастан,
Тұмсықтарын тірейді кеп иықтасқан.
Мойындарын созғылайды жоғары
Күн көзіне шағылысып-жұптасқан.
Көрген жандар қызығады қайран қап,
Екеуінің жүзгеніне сайрандап.
Қауырсыны үлбірейді нәп-нәзік
Сұлулықты бұлар алған-қайдан ап?
Бір есерсоқ аңшы келіп оқ атты,
Көлден Аққу бір сыңарын жоғалтты.
Судың бетін қызыл-ала қан еткен
Надандарды неге құдай жаратты.
«Гәккулейді»үнімен ну жағалап,
Қанатымен судың бетін сабалап.
Жалғыз Аққу тәңіріне жылайды
Жауыз болған адамдарын табалап.