ИІЛМЕЙТІН ИРАН

Иран еліне сапар жасаймын деген ойымда жоқ еді. Белгілі қаламгер-журналист, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, сыйлас ағамыз Марат Тоқашбаев хабарласты. «Иран елі шақырып жатыр, уақыт тауып барып келуіңе болады. Иран елшілігі хабарласады» дегенде бірден келістім. Енді ше, бала жастан Фирдаусидің «Шахнамасын» (Тұрмағанбет Ізтілеуов аудармасы), кірпіштей кітапты сүйретіп, оқып жүретінбіз. Енді сол Шығыс жұлдыздарының еліне, Фирдауси мен Рудакидің, Хафиз бен һаямның, Сағдидың еліне сапар шегіп келу кімнің де болса арманы емес пе?

ЖОЛ БАСЫ

Артынша Иран елшілігі мәдениет бөлімінен Әсия есімді қарындас хабарласып: «Сізбен біздің бастық кездескісі келеді, қай уақытта келе аласыз?» – деп, уақытты белгіледік.

Ертеңіне Иран елшілігі мәдениет бөлімі бастығы Саттари мырзамен кездестік. Иманжүзді жігіт екен. Иран елі, парсы поэзиясы туралы, парсы елінің қазақ мәдениеті мен руханиятына әсері жөніндегі ойларымды ден қоя тыңдады. Өзі де араласып қойып отырды. Мамандығы мәдениеттанушы екені әңгімесінен байқалып тұратын зиялы азамат екен. Төлқұжатымды алып қалып, жылы жымиып шығарып салды.

Сонымен сапарға шығатын кез де келді. Бір қиыны Тегеранға дейін жалғыз өзім барады екенмін.

Бұрын көрмеген жол, оның үстіне Біріккен Араб Әмірлігі арқылы, Дубай қаласына барып, әрі қарай өзгеұшаққа ауысып отырады екенмін. Қайтар жол да солай көрінеді. Сонымен тәуекел деп тартып кеттім.

 

ДУЫЛДАҒАН ДУБАЙ ӘУЕЖАЙЫ

Қиындықтың көкесін Дубайда көрдім. Алматыдан 4 сағат 20 минут ұштық. Түнгі 23.20-да Дубайға қондық. Астанамен уақыт айырмашылығы 2 сағат екен. Ұшақтан сыртқа шыққанда Дубайдың түнгі ыстық жалынышарпып қарсы алды. Тура бейне моншаға кіргендегі ыстық жалын.

Ұшақ алдына келіп көлденең тартылған көлемді автобусқа кіргенде ұрып тұрған салқын лептен бірден бойыңды жинап аласың.

Дубайды шөлге орнаған ертегідегі ғажайып қала дерсің.

Түнгі оттары жарқырап, көздің жауын алады. Әдемі әуежайы әлемдегі ең үлкен әуежай болып саналады екен. О шеті мен бұл шетіне жаяу жүрсең, бір-екі сағатсыз жете алмайсың. Ішінде такси де жүр.

Жылжымалы жол зырғып тұр. Көбісі сонымен кетіп барады. Қиындық бірден басталды. Бірінші терминалдан үшінші терминалға өту керек. Ол бір құдайдың азабы екен. Қайнап жатқан сан тарау жолдың біріне қате түсіп кетсең, біраз уақытыңды жоғалтып барып, шаршап- шалдығып қайта ораласың. Жөн сұрайын десең, бұл жерде араб тілі мен ағылшын тілі ғана қатынас құралы. Біздегі билік өліп қала жаздап, жанталаса қорғайтын орыс тілі бұл жерде ешкімге керек емес, бір адам да сөйлемейді екен. Ағылшын тілін үйретпеген баяғы мектебімнен бастап (біз неміс тілін оқыған едік), инсти- тутты да біраз кінәлі етіп алып, ақыры өзімді сыбадым. Басында Дубайда 3-4 сағат боласың дегенде«уақытымды қайтіп өткіземін?» – деп, Дубайдағы қазақтарды санай бастаған басым, енді сол уақытта Тегеранға баратын терминальды тауып алып, тіркеуден

өтіп үлгерудің өзі мұң болды. Бір кезде етжеңді келген, терлеп-тепшіген сары кісінің қолындағы Қазақстанның көк паспорты көзіме оттай басылды. Жетіп барып, жөн сұрасам, өзіміздің орыс ағайын екен. Көк паспорттыкөккөз орысты көргенде көкемді көргендей қуанғаным-ай… Дубайда демалып, елге қайтып бара жатқан жерлесімнің білетіні де шамалы екен. Дегенмен, әуежай қызметкерлерінің көмек көрсетуге дайын екенін айтып көңілімді демдеп қойды. Әрине, бәрі асығыс, тез қоштасып, сәт сапар тілеп кетіп қалды. «Сұрай-сұрай Меккеге барасын» – деген мақалды өте жақсы көріп, және соған имандай сеніп, өз жобаммен тарта бердім. Иә, әуежай қызметкерлеріне «3-ші терминал» дегенді түсіндіріп, ұзақ-сонар жолаушылар көшіне ілесіп кете бардым.

«Бұл не деген ғажайып алып ғимарат!»- дейсің таңданып. Жолдорбасын асынып алған денелі бір кісіден сұрап едім, ол да Тегеранға барады екен, жабыса кеттім. Ол да араб-ағылшын тілін білетін-білмейтінімді сұрады. Білмейтінімді естіген соң, қайтып сөз қозғамады. Ақыры іздеген Тегеран кассасын тауып, тіркелген соң ғана көңілім орнына түсті.

Әуежайда күтіп отырып, жолаушыларды көзбен шолып қоямын. Ішінен қазақстандық кездесіп қалса екен деген дәме ғой…Әйелі, қызы бар, бәрі хиджаб киген. Қазақтың қараторы қызына ұқсаған, бірақ хиджаб жамылған қыз да жан-жағына қарағыштап отыр. Ол да қонақ болуы керек деп топшыладым.

Дубай уақыты бойынша 3 маусым күні түнгі 01.55-те Тегеранға баратын алып лайнерге отырдық.

Ішінің өзі 400-ден аса жолаушы сиып кететін бір ауыл секілді. Әр орындықта телеэкран тұр. Неше түрлі кинолар көрсетеді екен.

Әуесеріктер аққұба келген, сары шашты шетелдік қыздар. Көптен күткен құдасын көргендей қуана күліп амандасып, асты-үстіңе түсетіні жақсы екен. Зуылдап тұр бәрі.

ТЕҺРАН

Ұшқанымызға 2 сағат өткенде, таңғы 5.15-те Техранға түстік. Астанамен уақыт айырмашылығы 1 сағат 30 минут. Енді жағдайым не болады екен деп келе жатырмын.  Қазақстандағы Иран елшілігі қызметкерлерінің айтуы бойынша күтіп алуы керек.

Қағылез келген сақалды қара жігіт қолына ағылшынша жазу жазып алып тұр екен, «дәу де болсаң, мені күтіп тұрған шығарсың?» деп қасына жетіп барып «Қазақстан» дедім. Басын қайта-қайта изеп, қуанып кетті.

Мені тұрғызып қойып, тағы біреуді іздеп тұр. Қазаққа ұқсайтын қара торы қыз да бізге жақындап, әлгімесөйлесе кетті. Ол да Тегеранға бара жатқан құрметті қонақ екен. Екеумізді ертіп алған жолбасшымыз әуежайдан шыққан соң, тағы бір жігітке жетектетіп жіберді. Ол екеумізді көлігіне отырғызып алып, қалаға тартты.

Жанымда отырған қыз Тунистен екенін айтып жатыр. Мен Қазақстаннан екенімді білдірді. Әдемі бір күліп алып, арап, фарсы тілдерін білетінімді сұрады. «Орыс тілі» деп едім, ол да білмейтінін білдірді. Хиджаб жамылған Тунис қызы тұнжырай түсті де, тұмшаланып алып, қайтып сөйлемей қойды.

Әуежайдағы қиналған қиналған ба, әдемі қыздың алдында тілім байланғанда тіл білмейтініме қатты өкіндім… Алматыға барған соң, бірден ағылшын тілін үйрену курсына жазылмасам ба деп қоямын…

Бір жарым сағаттай жүріп Тегеранға кірдік. Отары жарқыраған 16 қабатты «Эфгалан» (Теhран) қонақүйіне алып келді. Жайлы бөлмеге кіріп, жайғасқанда барып, қатты шаршағанды сезініп, қалың ұйқыға кеттім.

ТІЛМАШ ТАБУ

Таңетең тұрып, астына түссем, ағылған халық. Жан-жақтан келіп жатқан қонақтар. Бұл жерде де тілдің керектігін білдім. Өзімше ойлап келген «тілмаштың» төбесі де көрінбейді. Бәрі «фарсы не ағылшын тілін білесің бе?» деп сұрайды. Бір кезде дембелше келген сақалды жігіт жетіп келіп, «Қазақстан» деп сұрады. «Иә» дедім қуанып кетіп.

Әзірбайжаннан екен. Туған бауырымды көргендей шүйіркелесе кеттік. Бакуде шығатын «Hасс» (Хажы) журналының бас редакторы екен. Sкесі орыс тілінің мұғалімі екен, орысшасы – тәп-тәуір. Ал Иранның мемелекеттік тілі – парсы тіліне ағып тұр. Сөйтсем, шығыстілінің маманы екен. Содан кеткенше менің тілмаш інім болып шыға келді. Екеуміз түрік (қазақ- әзербайжан) тілі мен орыс тілін араластырып, жақсы сөйлесіп кеттік.

Иранда бейсенбі, жұма -демалыс күндері. Жұмыс күні сенбіден басталады екен. Баяғы қазақтың «сөздің басы – бисмиллә, істің басы – сенбі» дегені босқа айтылмаған екен ғой деген ойға келдім.

Айтпақшы, бұлардың апталары ғана емес, жалпы күнтізбесі бөлек. Хижра жылы бойынша оларда қазір 1389 жыл!..

АлдыменСыртқы істер министрлігіндегі халықаралық конференцияға қатыстық. Парсы тілінде өтті, арасында ағылшын тілі де қосылып отырды. Синхронды аударманың құлақшасын киіп едік, тек ағылшын тілінде екен… Қасымдағы Әли ініме қуат берсін деп мен отырмын.

Түркиядан келген ғалым ағылшын тілінде сөйледі. Оған көп қошемет көрсетті. Конференцияда хиджаб киген әйелдер де көп. Талдырмаш қызынан таяқ сүйенген кемпіріне дейін жүр. Әли айтқан болу керек, Ирандағы әлемнің алты тілінде хабар тарататын белгілі «Саhар» телекомпаниясының тілшісі Елдар (әзірбайжан екен) келіп, орыс тілінде сұхбат алды. Иран елін шах монархиясынан құтқарушы революцияның ұлы көсемі ИмамХомейнидің бүгінгі дамыған парсы елі мен әлем тарихындағы рөлі туралы пікірлерімді білдірдім.

Имам Хомейни секілді елі үшін етігімен су кешіп, от пен суға түсіп соғысқан, 16 жыл елден тыс қуғында жүріп, ақыры монархияны құлатқан, Алла қолдап, халық соңынан ерген Ұлы Имам Хомеинидей көсемі болса, кез-келген ел бақытты болар еді дедім. Иран мемлекетіне қазақстандықтар да қолдау білдіретінін айттым. Елдар риза болып қалды.

СПИКЕРДІҢ ОРЫНДЫ ӨКПЕСІ…

Ертеңіне Мәжіліс үйіне келдік. Барлық телефон, флешка атаулыны қақпаның сыртына қалдыруға тура келді. Пирамида пішінді өте үлкен ғимарат екен. Іші түгелдей, барлық жиһазы, орындық-үстелі жасылмен боялған. Қабырғасы ақ мәрмармен қапталыпты. Төрде екі сурет, ұлы көсем Имам Хомейни мен бүгінгі елдің діни жетекшісі Аятолла Хаменейдің портреттері ілулі. Барлық үстелде компьютер мен сөйлеу, есту, аударма құралдары самсап тұр. Баспасөз баянын дайындап қою жағынан ғана кішкене кемшілік бар екен. Кімдер сөйлепт жатқанын өзің құлшынып, сұрап алмасаң, біле қоймайсың.

Мәжіліс есігінен ағылшын тілі, яғни мемлекеттік тілден өзге тіл сығалай да алмай қалды. Ал бізде керісінше, мемлекеттік тіл мемлекеттік мекемелердің бәрінің де есігінен аттай алмай жүргенін ойлап, Техранның мәжілісінде отырып терең күрсінуге тура келді…

Бір-екі кісіден соң спикер Ларежани ұзақ сөз сөйледі. Барлығы да сөзін Құран оқудан бастайды.

Парсы тілінің әуезділігі сондай, мінбедегі шешен сөйлеп емес, жыр оқып тұрғандай әсер етеді екен. Бір де бір рет қағазынақараған жоқ.

Иманды жүзі ғалым, жазушыларға келеді екен.. Өзін еркін ұстайтыны анық байқалады. Қасымдағы Әли әлсін-әлсін аударып қояды арасында. Титтей Израйль әбден еркінсіп алды дейді спикер. Неге оған Иран мен Түркиядан басқа бір де-бір мұсылман мемлекеті ескерту айтпайды, деп біраз елдерді, Малайзия, Индонезия, Әзербайжан, т.б. мемлекеттерді, араб елдерін тізіп шықты. Қанша құлағымды түргенмен, біздің ЕҚЫҰ-ға төраға Қазақстанымызды аузына да алған жоқ… «Мынау неге ел қатарлы бізге де өкпе айтпайды-ей! Шамасы бізді мұсылман елі деп ойламайды-ау, өзі…» – деп, біраз қызынып қалдым…Сөзі біткенде бәріміз орнымыздан тұрып, Аллаға мадақ айттық. Біздегідей «ду қол шапалақтау» жоқ… Бүкіл журналисттер скипер Ларежаниды қоршап жібермей қойды… Сонысына қарап, Ларежанидың салмақты саясаткер екенін бағамдауға болады. «Ресейдің Есеп комитеті төрағасы Степашинді бәріміз білеміз, өзіміздің Есеп комитеті төрағасын білесіздер ме?» деп, Әлихан Бәйменов айтқандай, мен өзіміздің спикерді ойлап отырдым…

Мәжіліс үйінің қабырғасында қаптап тұрған портреттерді спикерлер екен ғой десем, олай емес, бәрі соғыста қаза тапқан шахидтер екен.

Көшелерде де тұтас қабырғаларға дейін алып тұрған соғыста елі үшін құрбан болған батырлар суреттері. Міне, нағыз патриотизмге баулу деп осыны айт! Ал бізде ше, арақ-шарапты жарнамалаған «хуторянкалардың», т.б. суреттері төбеңнен төніп, жібермейді…

Ираннан үйренетіндеріміз көп екен.

 

ХАСАН ХОМЕЙНИМЕН КЕЗДЕСУ

Кешке біз жатқан «Эфгалан» қо­нақүйінің 16 қабатындағы мейрамханада ұлы көсем Имам Хомейнидің немересі Хасан Хомейнимен кездесу өтті. Қара шекпен жамылған, қаба сақалды көркем кісі екен. Хасанға елдің қошемет-қолпашы сұмдық. Құран оқыды. Уағыз айтты. Саясат туралы, халықаралық жағдайдағы Иран мемлекетінің рөлі туралы сөйледі. Соңынан Хасан Хомейнидің қолын алып қалу үшін ұзақ-сонар кезек пайда болды. Қасына жетуің қиын. Біреу біреуге жол берер емес, бәрі қонақтар. Хомейниді қоршап алған Иран азаматтары кезек сақтап жіберіп тұр. Әли тілмашыма «бір-екі ауыз тілдесіп, тілек айтатын парсы сөздерін үйретші»,-деп едім, қиналғандай түр білдіріп, «қазақша айта беріңіз, бәрі өз тілінде сөйлеп жатыр ғой, ол түсінеді»- деп, шығарып салды. Тұра берсем, кеш қалатынымды аңғарып алға ұмтылдым. Тоқтатқандарға «Қазақстан» деп қоямын. Көбісі жол беріп, Хасан мырзаның алдынан бір-ақ шықтым.

 «Ассалаумамағалейкум»,-деп, қос қолдап амандастым. « Әзербайжаннан ба?»-деп сұраған Хасанға: «Қазақстаннан, Қазыбек Иса, шайырмын,» -деп, Иран елі иен Имам Хомейни туралы жақсы лебізімді білдірдім. «Иран Ислам Республикасы мен ұлы көсемі Имам Хомейнидің ұлағатты ісі жасай берсін!»-дедім. Ол ықыластана бас изеп, парсы тілінде жауап қатты. Қаптаған фототілшілер мен телеоператорлар түсіріп алып жатты. Біреуден жөн сұрап едім, «Jamaran.ir» деп сайтын ұялы телефоныма жазып берді. Болгариялық Ахмет те қайта-қайта ұялы телефонына түсіріп, «өте жақсы» деп қояды.

Аса мәртебелі қонақ келгенше үстел басында Әли тағы бір ұзын сары жігітпен таныстырған еді. Ахмет Юсуп Болгарияның София қаласындағы Ғылым академиясында істейтін философ ғалым, түрік жігіті екен. Шәй ішіп, шеке жіпсіп, көңілдене бастағанда Техранда теңселіп, өз елінде жүргендей еркін жүретін Әлиге қарап: «Сенің түрің Шешенстан президенті Рамзан Қадыровқа ұқсайды екен,» деп едім, қарқылдап күліп алды. Ахметтің де көңілі қалмасын деп: «Сенің түрің Франция президенті Никола Саркозиден аумайды екен» деп едім, екеуі де ішін басып құлай күлді. «Мені қайдам, оны тура таптыңыз» деп қояды Әли Рзазаде. Сөйтіп, аяқ астынан екі інімді «президент» етіп алып, көңілдендіріп қойдым. Обалы не керек, кетер-кеткенше екеуі «Қазыбек муалим» деп, айтқанымнан шықпай шауып жүрді. «Муалим деген сөз бізде ұстаз деген сөз. Сіздерде де солай шығар. Біз құрметті үлкен кісілерді солай атаймыз» дейді Әли. Мен де разы болып қалдым.

Сол жерде отырғанда, баяғы Тунис қызы кездесе кетті. Аппақ маржандай тістерін көрсете жымиып, сыпайы амандасып, бас изеп өте шықты. Біздің жанымыздағы үстелге барып жайғасты. Байқап отырмын, жасы 29-ға келсе де әлі бойдақ жүрген Әлидің көздері жанып барады. «Кім? Кім өзі?» деп сұрап қоймайды… «Тунис қызы. Дубайдан бері бірге келдік» – дедім. «Таныстырайын ба? Парсы тілін жақсы біледі»,-деп қоямын, тап бір ол қыздың тізгіні өз қолымда тұрғандай. Фуршет кезінде тамақ алуға қатар тұрғанда таныстырып та үлгердім. Әрине, олардың не деп жатқаны түсінбеймін. Сәлден соң Әли інім көңілсіз оралды. «Маған Ливиядансың ба? – дейді»-деді томсырайып. «Онда тұрған не бар?»-деймін көңілін жұбатып. «Иә, соны айтам-ау. Парсы тілін жақсы білетін ғалым екен. Ұнап қалды,» – деп, жымыңдай бастады Әли мырза. «Тойға шақыруды ұмытпағын бізді?» деп қоямын тамырын басып. «Қазыбек муалим, өзіңіз құда болып барасыз ғой» – дейді Әли де әзіл жарыстырып. Сөйтіп аяқ астынан Тунистен келін тауып мәз болып қалдық.

ТЕХРАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

Алматыдан шығардан бір күн бұрын «Тәтті шөл» кітабым дүкенінде қалса, ала кетейін деп «Жазушы» баспасына барғанда Есенғали Раушанов ағама кіріп шыққан едім. Ол кісі қашан хабарлассаң да, шетелде жүретін адам ғой. Әйтеуір бұл жолы орнынан табылды. Бірден Ирандағы таныстарының теле­фонын іздеп, Теһрандағы қазақ радиосы қызметкері Жапарбайдың телефонын берді. «Кітапты қайтесің? Ол жақта біз­дің кітаптарды «кәпірдің кітабы» деп оқымайды»,-деп бетімді қайтарып тастады. Одан кейін Есенғали ағам Ирандағы ең үлкен қиындықтарды ескертіп, інісін сақтандырып қойды… «Арақ ішуге болмайды! Темекі тартуға болмайды! Артық жүріске тағы болмайды!» – деді, маған тап бір осы «болмайдылардың» бәрін болдыру үшін бара жатқан қауіпті қылмыскерге қарағандай сынай қарап. «Дұрыс екен» деп күліп қойған болатынмын.

Есағамның берген телефонының пайдасы енді тиді. Қоңырау соғып едім, ар жақтан таза қазақ тіліндегі сөзді естіп, қатты қуандым. Жапарбайдың інісі екен, сәлемімді жеткізетінін айтты. Сол күні кешке келген Жапарбай Техран аралап жүрген бізбен жолыға алмай, ертеңіне Айша келін екеуі келді.

«Барлық елден ең кемі үш-төртеуден келгенде Қазақстаннан неге жалғыз адам жіберген?»-деп сұрады Жапарбай. Менің бұл мәселеден хабарсыз екенімді білген соң өзінше топшылау жасады. « Әнебір жылы 8 адам келген еді. Бірақ Имам Хомейниді еске алатын Жұма намазға, яғни сапардың ең басты рәсіміне біреуінен басқа бәрі бармай қалып, базар аралап, қашып кеткен. Оның үстіне астанадан келген біреуі «артық жүрісімен» көзге түсіп, бірге келген бір келіншекпен көшеде ұсталып, біраз шу болған. Соның әсері болар»,-деді. Ішімнен Есенғали ағамның ерекше мән берге «болмайдылары» еске түсіп, бекер айтпаған екен ғой деп қойдым.

– Есенғали Раушанов пен Ғарифолла Әнес келіп, Кургандағы қазақтардың ауылына қонақ болып кеткен- деді, Жапекең әңгімесін жалғап. -Парсытанушы профессор Өтеген Күмісбаев ағамыз да жиі келеді. Ол кісі Исфахан, Шираздарды аралады. Сізге де уақытты кеңге салып келу керек еді. Тарихи қалаларды аралап қайтар едіңіз. Келесі жолы ойыңызда болсын,- деп, ескертіп қоюды ұмытпады.

Ертеңіне Жапарбай жаңа сатып алған Техранда құрастырылатын француз көлігімен қаланы біраз аралатып, үйіне шақырды. Айша келіннің шәйін ішіп алған соң, Жапарбаймен бірге істейтін көкшетаулық Еркетай екеуі қонақүйге әкеп тастады. Жақында ғана үйленген Еркетайдың Иранда жүргеніне 5 жыл болыпты. Бір үйдің кенжесі, яғни еркетайы Техранға үйреніп қалған. Бірақ екі көзі төрт болып, жолға қарап отыратын әке-шешесі үйрене алмай құлақ етін жейді екен. Екеуіне де кітабымды сыйлап, «Парсы аруы» атты су жаңа өлеңімді оқып бердім. «Жас қазақ үні» газетін алып, «сәт сапар» тілеп, қоштасып кетті.

« МИЛАД» МҰНАРАСЫ

Ертеңіне Теһранның шетке орналасқан әлемдегі биіктігі бойынша төртінші орын алатын «Милад» телемұнарасына шықтық. Ғажап салынған екен. Бүкіл Теһран алақандағыдай көрінеді.

Теһран біздің Алматы секілді айналасын тау қоршап жатқан көркем қала екен. 17 миллион халқы бар, яғни біздің республика халқынан көп. Төрт жүз тоқсан үш метрлік биіктен қарап тұрсаң, шаһардың бүкіл сәулеті әдемі көрінеді. Соншама халқы бар қалада көлік кептелісі деген жоқ, ағылып жатыр. Көбінесе, екі-үш қабатты айналма жолдар. Алматыға әкім кезінде де, Астанада да Иманғали Тасмағамбетовтың айналма жолдарды көбейткені тегін емес екен-ау деп ойладым, Теһранның төбесінен қарап тұрып… Осы биіктікте тұрып суретке түстік. Ирак пен Сауд Арабиясынан келген, сәлдесінің төбесіне дөңгелек сақина бастырып қойған араб шейхтары мені қайта-қайта қолқалап, бірге суретке түсе бастады. Кеше де екі-үш жерде солай болған. «Неге бұлай?» – деп ойлап қарасам, әзірбайжандар да, түріктер де, ирандықтар да , бәрі арабтар секілді бір түстес көрінеді. екен де, бұлардың «шетелдігі» – қазақ, мен болып тұр екенмін.

Жалпы, Иран біздің Қазақстан секілді қазба байлықтарға бай екен. Мұнай мен газ бұнда тіпті арзан көрінеді. «Ең түкпірдегі ауылда да газ барып тұр, өте арзан. Ал бір долларға сегіз литр бензин аламыз,»- дейді Жапарбай бауырым. Мен ойша мұнайы Ираннан да көп Қазақстандағы бензин бағасын елестетіп, іштей күрсініп қойдым…

Иран Ислам Республикасы 31 жылдық даму мен өркендеу арқасында Біріккен Ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы есебі бойынша әлемнің 182 мемлекетінің ішінде үздіктер қатарында, үшінші орында. Әрине, БҰҰ-ның бұл есебінде адам дамуы индексі бойынша – өмір сүру ұзақтығы, білім сапасы және жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім деңгейі, яғни, экономикалық-әлеуметтік даму­дың барлық көр­сеткіштері қам­тылатыны белгілі. Сонымен қатар бүгінгі Ираныңыз әлем бойынша ядролық технологияда 8-ші орын, аэроғарыштық технологияда -9, лазерлік техникада -10, алдыңғы қатарлы медицинада-10, ғылыми олимпияданың жеңімпаз елдері ішінде – 10, киноөндірісінде – 14, на­но­технологияда-15, әлемдік тех­нологияда – 17, ғылыми өндірісте 24-ші орынды бермей келеді. Ал есептей беріңіз…

Түске таман Теһранның тау бөктеріндегі «Шиян» деген жерге келдік. Өте көркем, демалыс орны екен. Осы жердегі мешітте бесін намазын оқыдық..

Екінді мен ақшамның арасында Иран президенті Махмуд Ахмединеджат баспасөз мәслихатын өткізді. Адам өте көп болды. Журналистер парсы және ағылшын тілдерінде сұрақтарын жаудырып жатты. Иран президентінің имиджі әдеттегідей қарапайым, үтік көрмеген дейтіндей, жеңіл күртеше секілді ықшам пиджаг. Қысқа бойлы түрі бізге біртүрлі қораштау көрінеді екен. «Біздің Шымкенттің байбатшалары көрсе, жұмсағысы келеді ғой мынаны…»-деген ой келеді. Әдеттегідей екпінінен танар емес. Америкадан бұрын Израйльды біраз жерге апарып тастады… «Израйльды бір жылдың ішінде жоямыз!»-деген әйгілі сөзін тағы да қайталады. Өзіне халықтың ықыласы деген керемет, жүргізбейді. Қоршап алған елден зорға сытылып шықты. Соның өзінде сөйлеп барады…

ШАХ САРАЙЫНДАҒЫ ШАЙ

Ертеңгісін қала аралауды шах сарайынан бастадық. Мұхаммед шах Иранның соңғы шахы. Ақ мәрмәрмен қапталған сарайдың салтанаты керемет. Бұл 1978 жылы Ұлы Ислам төңкерісі көсемі Имам Хомейни Теһранға кіріп келе жатқанда Мұхаммед шахтың шетелге қашқанға дейінгі тұрған сарайы. Екі қабатты үйдің төбесі ашылып жабылады екен. Сол 1978 жылғы кезіндегідей қаз-қалпында сақталған екен. Сол кездің өзінде Жапонияның бізге кейін жеткен музыкалық аспаптары шах сарайында тұрғанын көріп таңғаласың. Кіре берістегі кең де, сәнді холға кіргенде екінші қабаттың төрт қапталы түгел бірінші қабаттан көрініп тұрады. Бұл керемет биік сән-салтанат танытады екен.

Сарайдың айналасы ат шаптырым гүлзар. Өте үлкен хауыз да осында орналасқан. Сарай алдындағы мұражайға айналған екі қабатты сәнді үйдің де сәулеті керемет. Аулада кафе орналасқан екен. Сонда отырып үшеуіміз шай іштік. Арғы-бергі тарихты сөз еттік. Менің есіме сақ патшайымы Томирис пен парсы патшасы Кир заманынан бастап, Иран-Тұран дәуірі түсіп отырды. Тәуекел хан тұсында қазақтың бас батыры болып, қызылбастың қолбасшысы Шарахты жекпе-жекте жеңген Алатау батыр бабамды еске алып, аруағына бір сиынып қойдым…

«Иран елі ежелден біздің көршіміз, сондықтан сендерді мен шаймен сыйлайын»- деп, алға түсіп кетіп, шай алғызған Әлиден қалысқысы келмеді ме, әлде, шах ауласындағы шайдың буы желпіндірді ме, Ахмет: «Сапарымыз біткен соң, Болгарияға барайық, бару-келу билетін бір-ақ аламын»,-деді. «Мынауың қайтеді-ей» дегендей, оның бас-аяғына қайтадан бір қарап алдық. «Жоқ, алдымен Бакуге бару керек» деді Әли берілгісі келмей. «Біздің қазақтар қонағын етпен сыйламаса, көңілі көншімейді. Әлижан, сен бар, етке тапсырыс бер. Шахтың шайын ішкесін, етін де жеп кетейік. Ал қонақ шақыруды Алматыдан бастаған дұрыс шығар. Қазақ елі бүкіл түркінің қара шаңырағы емес пе?» – деп, «екі президенттен де» асып түстім. Екеуінің де бұған келіспеске амалы қалмады. Бірақ жолбасшымыз келіп «елдің бәрі әдеттегідей сен үшеуіңді күтіп отыр автобуста » деп шақырып кеткен соң, етті Алматыдан бір-ақ жейтіп боп орнымыздан тұруға тура келді…

Шахтың сарайынан соң бізді Имам Хомейнидің үйіне алып барды. Имам Хомейни тұрған қала орамы түгел мұражайға айналған. Көсемінің табаны тиген жерлердің өзіне табынып жатқан халықты көріп таңғаласың. Имам Хомейни құдіреті неде деп ойлайсың. Ұлы көсем тұрған үй шағын бір бөлме ғана екен. Шах сарайының қасында оның бір ас бөлмесінен де кіші. Сонда алып сарайдың иесін мына шағын үйдің иесі жеңгеніне қарап, халықтың сенімі кімде болса, сол құдіретті екен ғой дейсің ой түйіп… Ал біздің елде ғана емес, шетелдерден де алтын сарайлар тұрғызып алған шонжарларымызға халық сенер ме екен, артынан ерер ме екен деп, еріксіз ойға батасың… Хомейнидің қайтыс болған үйі де сол күйі сақталған. Кереуеттің үстінде Құран мен жайнамаз жатыр. Келіп, тәу етіп жатқан елде есеп жоқ.

Бар күшін халыққа арнаған ұлылардың өмірі де мәңгілік екенін паш етіп тұрғандай парсы көсемнің парасатқа толы ұлы ерлігі…

ИМАМ ХОМЕЙНИ МЕШІТІ

немесе ИІЛМЕЙТІН ИРАН РУХЫ

Төртінші маусым, жұма күні жұмысымызды Имам Хомейни мешітінен бастадық. Қаншама тексеруден өтіп, ақыры керемет үлкен мешітке де бас сұқтық.

Ұзындығы мен ені бірдей, үлкендігі алып стадиондардан да асып түсетін мешітке 50 мың адам сиып кетеді-ау деп болжадым. Ал сыртттағы халықтың саны да осыдан көп болмаса, кем емес. Тыстағыларды үлкен экраннан көрсетіп тұр.

Алдымен «Имам Хомейни рухы» деген рухқа толы керемет ән шырқалды. Биік сахнадағы әншіге бүкіл мешіт қосылғанда барлық Иран аспаны ән шырқап тұрғандай, бүкіл елдіХомейни рухы тербеп тұрғандай әсер етеді екен. Одан соң Иран Президенті Махмуд Ахмединеджат шыққанда бүкіл мешіт іші қошеметтен дүрілдеп кетті. Ол әдеттегідей жалынды түрде бір сағаттай сөйледі. Бүкіл мешіт толы халық тік тұрып тыңдады. Арасында «Америка жойылсын! Израиль жойылсын!» деп ұрандайды. Таратып жүрген синхронды аударма бес тілде: араб, ағылшын, француз, испан, орыс тілдерінде. Одан соң Хомейни немересі Хасан Хомейни шыққанда халық тіпті дуылдап кетті. Кеуделерін ұрып, дабыл қаққандай дүңкілдетіп тұрып алды. Бұл жерде кешегі президент сайлауының салқыны сезілмей қалған жоқ… Басында елдің құрметі деп ойлап қалсақ, кейін Ахмединеджатты жақтаушылардың сайлау кезінде оппозиция жетекшісі Мусавиді қолдаған Хасан Хомейниге деген қарсылығы екенін білдік. Сол күйі Хасан Хомейни сөзін бітірген­ше дуылдап тұрып алып, шығарып салды. Ал сахнаға Аятолла Али Хаменеи шыққанда бүкіл мешіт іші төңкеріліп кеткендей болды. Бұнда да Америка мен Израильге қарсы лағынет айтылды. Халық отырмаған күйі құрмет көрсетті Хаменеиге. Сағат 14.00 болғанда, Жұма намаз басталды.

Елінің жарқын болашағы үшін етігімен су кешіп, 16 жыл от пен оқтың ортасында күресіп, Иран Ислам Республикасын орнатқан Имам Хомейни рухы бүкіл Иранды кернеп тұр. Халықтың оған деген ықыласында шек жоқ. Ешқандай заңсыз-ақ, ұлт көсеміне деген ұлы махаббат. Әрбір ирандықтың жанарында «ел,жер, тіл, дін, діл» деген сөздер жалындап тұр. Осы ұлы ұғымдардың біріне тіл тигізген немесе ұлт көсемін мінегендердің сол жерде күні қараң болатыны анық.. Міне, нағыз-патриотизм! Ешқандай заңның керегі жоқ екен ғой дейсің, ұлт рухы кернеп тұрғанда. Ал, ұлттық рух, мемлекеттік патриотизм жоқ жерде, халықтың емес, қарабастарының қамын ойлаған әлемдегі ең жағымпаз парламент Елбасының да қарсылығын құлақтарына да ілмей, «Ел басы» туралы заң қабылдайды… Ұлттық мүдделерге, мемлекеттік тіл туралы заңға бастарын да ауыртпайды…

Маусымның 5-і күні таңғы 5-те Теһран­нан Дубайға ұшып шықтым. Дубайдың кере­меттігіне тағы да көз жеткіздім…

Қайтадан 3 терминалдан 1-ші терминалға өтудің ұзақтығы 1-2 сағатқа созылды. Осы жерде Теһранға «Шығыс елдері тарихы» атты конференцияға келген ҚазҰУ-дің профессоры, тарих ғылымының докторы Кеңес Қожахметов ақсақалды- қазақ шалын көргенде әкемді көргендей қуанғанымды айтсаңшы…Екеуміз тіркеуден өтіп алған соң шәй іштік. Ақсақалдың талайды көрген тарлан екені көрініп тұр… Ағылшын тілінде нан сұрап жей алады екен, Дубай кафелеріндегі сатушы қыздармен әзілдесіп қояды.

Осыдан отыз жылдай бұрын бұл жер тек түйелер жүрген шөл дала болғаны белгілі. Кейін мұнай бағасы қымбаттай бастаған соң жер астындағы ел байлығын ел игілігіне тиімді жаратқан Біріккен Араб Әмірлігі мемлекеті Дубай секілді жаңа заманның ғажайып қаржы ордасын салып алған. Шетелдіктердің қанжығасында кетіп жатқан өзіміздің мұхит мұнайымызды, қыруар қазынамызды ойлағанда «қаншама қазақстандық Дубайлар қанша қалталарда кетіп жатыр екен ғой…»-деген ащы өкініш өзегімді өртеп тұрды… «Енді қанша жыл қанша Дубай қанша қалталарда шетелдерге кетеді екен»-деп ауыр ойға баттым.

Тарихшы ғалым Кеңес ақсақал талайды біледі екен. «Жас қазақ үні» газеті – жақсы көретін газетім»-деп, ұшақта біраз сырдың ұшын шығарды. ҚазҰУ-де шығыс факультетінің ашылуына үлес қосыпты. Әмірлік әуежайының кереметтігін сөз еттік. Өзіміздің Алматы әуежайының аухалын, шетел банкіне (Амстердамм Сауда Банкі) қарызын қайтара алмай, жабылып қалғалы тұрғанын өкіне әңгімеледік. Мұнайы тасып, қазынаның үстінде отырған Қазақстанның қызғалдағынан басқа қызығы жоқ Голландияның бір банкіне 38 миллион доллар қарыз арқалап, бас аэропортының басына бұлт үйірілгенін түсінбей дал болдық…

«Бір Алла жарылқасын әйтеуір» деп, бір құдайға тапсырып, булығып отырғанда Алматыға келіп қалғанымызды да білмей қалыппыз…

Аэропортымыздың мүліктері сот шешімімен қатталып қойса да, құдайға шүкір, әлі жабыла қоймапты…

Ел аман, жұрт тыныш болсын…

Қазыбек ИСА

Алматы-Дубай-Теһран-Дубай-Алматы.

2 пікір жазылған

  • Сапарыңыз жақсы болыпты. О л жақта әйел заты барса қалай киініп жүреді бізде ашық журеміз гой, сол жағын білейін деп едім. Мен барсам онда калай журемин сонда бетімізді жаппаймыз гой. Сол жайында білгім келеді. Мүмкін болса mail-ге жазып жиберсеңіз.

Пікір жазу