ЕЛБАСЫ ЕНДІ ЕРКІН ДЕМАЛА БЕРУІНЕ БОЛАДЫ…

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
қысқа мерзімді демалысқа шықты.
Ақорда.17.05.2010.

Президентке ең сенімді депутат қалыс қалған бір депутат шығар…

Иә, Елбасы енді еркін демала беруіне болады… Парламент депутаттарының бар жұмысын жиып қойып, бас-аяғын бір аптаға жеткізбей қабылдап тастаған «Ұлт көшбасшысы» туралы заңы бұған толық кепілдік бере алады. Енді Президенттің өзі қол қойса болды. Бірақ Елбасы демалыста… Сіздер ойлағандай, көптен күтіп жүргендей еркін демалу емес… Қысқа мерзімді еңбек демалысы…
Бұл заңға 12 мамыр күні Мәжілістегі 100 депутаттың 99-ы қол қойып, біреуі қалыс қалды… 13 мамыр күні Сенат та көзді ашып-жұмғанша бірауыздан қабылдап тастады.
Қайран, нұротандық депутаттар-ай, ең болмаса біреуі сырткөздік үшін болса да: «Ау, Атазаңнан асып кеткен бұл заңымыз Елбасымыздың есіміне кір келтірмей ме? Біз Тұңғыш Президентімізді соншалықты тасқамалмен қорғайтындай, ол кісінің бүгінге дейінгі тірлігінде қылмысы көп пе? Әлде демалысқа шыққан соң ойына келгенін істемек пе? Еуропа төрінен әлемге ақыл айтып отырған төраға мемлекеттің мұнысын өркениетті өзге елдер қалай түсінеді?»-деп айта алмады-ау, сабаздар…
Дауыс бергенде де, ең болмаса біреуі сенімділік үшін қарсы болмады ғой… Біреуі ғана қалыс қалыпты. Негізі, бұрын қалыс қалғандар өз пікірі жоқтарға жатқызылып, қоғамға қауіптілер ретінде саналатын. Біздің бүгінгі заманда, нұротандық парламентте қалыс қалудың өзі қаhармандықпен бірдей… Мүмкін, сол қалыс қалған бір депутат… өзгелерден гөрі Елбасыға шын жанашыр , ел абыройын ойлайтын азамат шығар… Ертең Елбасымыз, құдай қаласа, шын демалысқа шыққан кезде әлгі қалыс депутат қана қалыс қалып, ал 99 депутат «біз шынында да «99» болған екенбіз» деп, біріншіні сынап, …екінші президент туралы заң қабылдауға көшпей ме?
Біз 2004 жылғы қазақ тіліне қарсы шыққан қаптаған депутаттардың, кейін 2007 жылғы «Тұңғыш Президентке сайлауға шектеусіз түсе беруге болады» деген Конституцияға өзгеріс енгізілгенде де, дауыс берген депутаттардың (бұнда тек 2 депутат, М.Шаханов пен Б.Әбішев қана қарсы болған) тізімін жариялағандай, бұл жолы да қалыс қалған жалғыздың есімін жариялайық деп едік, бір таныс депутат: «ол кісі дауыс беру нүктесін басып үлгере алмай қалды, сондықтан да қалыс болып саналады…»-деп, соңғы, жалғыз үмітімізді де үзді… Сонда Елбасының абыройын ойлайтын бір де бір депутат болмағаны ма? Әй, олай емес шығар…

Елбасы ешқандай жағдайда да жазаға тартылмайды дегенді қалай түсінеміз?

Әрине, қазақ мемлекетінің Тұңғыш Президентін де, Американың тұңғыш президенті Вашингтон, Түркия мемлекетін төртүл дүниеге мойындатқан Ататүрік, Қытайды қуаттан-дырған Дэн Сяопин, Малайзияның маңдайын жарқыратқан Махатхир Мохаммад, Францияны әлемнің жетекші елдері дәрежесіне жеткізген Шарль де Голль секілді ұлы тұлғаларға теңеп, арнайы заң шығарып жатқанымыздың артықтығы жоқ та шығар. Бірақ осы әлем мойындаған ұлы саясаткерлердің барлығы да, ең алдымен ұлтшыл болғанын, мемлекетқұрушы негізгі ұлт мүддесіне басымдық бергенін ұмытпау ләзім.
Ал, енді қабылданған заңның Атазаңның кейбір баптарына қарсы келетіні заң жазып отырған депутаттардан басқа сауаты бар әркімге де белгілі болып отыр.
Мынадай заң болса, Президент түгілі періштенің өзі де жолдан тайғысы келетіні анық. Ал, президенттердің, президент түгілі, қарапайым адамдардың да періште емес екені белгілі. Атазаңда Президент «Отанға опасыздық жасағаннан» өзге барлық жағдайда да, сотқа тартылмайды деп жазылған. Ал, мына «Ұлт көшбасшысы» туралы заңда бұны да алып тастап, Елбасы ешқашан да, ешқандай жағдайда да жазаға тартылмайтын болып отыр. Яғни, не істесе де… Бұл Атазаңға қайшы емес пе? Президент отанын сатса, сотталады да, «Елбасыға» елді сатып жіберсе де, ешнәрсе болмайды деген сөз ғой бұл… Сонда біздің депутат мырзалар Тәуелсіздігімізді жариялап, елімізді аяғынан тік тұрғызып, әлемге әйгілегенТұңғыш Президентімізді, ел ешқандай заңсыз-ақ Елбасы атаған Нұрсұлтан Назарбаевты неге итермелеп, неден алдын-ала күдіктеніп, қам жасап жатыр?
Бұлай ойлауға кез-келген адамның хақысы бар және солай ойлап та отыр.
Ал Елбасының өзін қойып, туған-туыстарының да (өзімен бірге тұратын) дүние-мүлкіне ешкім тиіспейді дегенді қалай түсінеміз? Өзімен бірге тұрғандардың дүниесіне тиіспейтін болса, ертең ғайыптан тайып Рахат Әлиев бұрынғы отбасына, бала-шағасына қайта қосылып, «қартайған ата-енемізге демеу болайық» деп, Дариға екеуі елбасымен бірге тұрса, Рахаңның да ( Тимурдың да) мұртын балта шаппайды екен-ау, ә…
Әлгі «Отанын сатса не болады?» деген сұрақ пен бұл «туған-туыстың» жауабын 99 депутат түсіндіріп бермесе, менің түсіне қоятын түрім жоқ. Мүмкін, мен «99 » шығармын…
Бұл заңға көптеген қоғам қайраткерлері әртүрлі пікірлерін білдіріп жатыр. Бірі қолдаса, бірі «бұдан соң саяси реформалар жасалатын болса ғана, қолдаған дұрыс, қырғыз қырқысы неге керек?» дейді. Енді біразы ашық қарсы шығып, мәлімдемелер жасауда.
Бірақ бәрінің жауабын Елбасының өзі айтады. Президент бұл заңға қол қояды ма, қоймайды ма, аз уақыттан соң белгілі болады.
Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?

Пікір жазу