Біздің Парламент мүшелерінің көбісі ойына не келсе, соны айтатынды шығарды. Әрине, ауыз өзінікі деп қоя салуға болар еді, бірақ халық мүддесі , ұлт тағдырын ойыншық еткісі келетіндер Ресей тілінде сайрап жатқанда, неге біздің биліктегілердің құлдық психологиясы жойылмай қойды деген ой қаныңмен бірге басыңа шапшиды…
Өткенде, Тасбай Симамбаев деген сенатор Үкімет басшысына сауал тастады. Сауалының түрі – қазақ тілі, яғни, мемлекеттік тіл – тасбайларды да сенатор етіп отырған тасмаңдай мемлекеттің тілі «тез арада қабылданып кетейін деп жатыр» екен… Қорқынышының түрін-ай десеңші… Әлемдегі Қазақстаннанбасқа кез-келген елде, қазақтан басқа кез-келген депутат, әрине, есі ауып қалғаны болмаса, барлығы : «Мемлекеттік тіл неге тез қабылданбайды?»-деп сұрақ қояды емес пе?..
Нағып осы бізге билік басындағылардан бастап кілең өз ұлтынан жеріген нигилистерді жинап берген? «Жұрттың Ыбырайлары-Ыбырай да, біздікі кілең сұмырай!»-дегенді бір байғұс әбден күйгеннен-ақ айтқан екен де… Тасбайдың талмай телміретін Ресейінде бір депутат, мейлі, оларда федерация болса да, осылай айтыпкөрсінші, көзіне көк шыбын үймелетер еді. Ал қырғыздарға келсек, ақ қалпақты арынды ағайындар бұлай сайрайтындарды қазір алаңда атпен қуалап жүріп сабайды… Ал Өзбекстанда болса… онда симамбаев сияқтылардың сиқын елестетудің өзі аянышты…
Жалпы, осындай ел мұңын ескермей,ұлт тағдырын саудаға салар «саясаткерлердің» Парламентке қалай жол тауып баратынына таңғаласың. Халыққа казір»өздеріңнен көріңдер, осыны да сайлап жүрген» деп айта алмайсыз.
Себебі, бір партиядан жиналған бұл парламентті халық сайлаған жоқ.. Билік, Ақ Орда, сайлау заңын белден басудан социалистік жарысқа түскен әпербақан әкімдер мұрындарынан сүйреп жүріп «сайлады». Сенбейсіздер ме, баяғыдан солай. Әне бір жылы «Әділетсіз сайлау өткізіп, Әділет министрі болған» («Жас қазақ үні») Зағипа Балиева бүкіл депутаттарға, нашар оқушыларға ұрысқан қатал апайдай: Тыныш отырыңдар, әйтпесе, сендердің бәріңнің қалай сайланғандарың маған белгілі» деп зекіп қалғанда, түгел жым бола қалды. Масқара-ай, бір де бір депутат, ішінде осы талайдан тасы өрмелеп келе жатқанТасбайың да бар, «Сіз не деп тұрсыз, мені халық сайлаған» деп ауыз аша алмады –ау. Сонда қалай өзі, шынында… Бүкіл шенеуніктер мен кәсіпкерлеріміздің кез келгенінің қолынан мемлекет басшысы ұстап алып, сотқа апараалатынын өзі айтқан. Яғни, олардың бәрі қылмыскер болғаны ғой, сонда… Ал депутаттардың кез-келгенінің әділетсіз сайланғаны мынау…
Бізді өзі кімдер билеп, кімдерге заң қабылдатып отырмыз? Сайлау заңын бұзу- қылмыс. Сонда біз заң бұзғандарға заң жазғызып отырмыз ба?.. Біз қайда бара жатырмыз?
Бізде депутат сайлағанда да, ылғи ыңыршағы айналып, ұлт дегенде иіс алмастарды әдейі теріп жүріп жинағандай әсер қалдырады. Қазір Парламентте ұлтқа жаны ашитындар саусақпен санарлық.. Егер дәл қазір, айтқан жерден аулақ, билік «Біз Ресейге қосылмасақ күн көре алмайды екенбіз, қайтадан отары болайық» деп, дауысқа салып жіберсе, біздің тасбайлармен тартып отырып, Ресейден бір-ақ шығатынымыз айдан анық.. Менің осы сөзіме бір де бір адам қарсы шыға алар ма екен… Өкінішке қарай, ешкім жоқ, өйткені шындық осы. Дәлел керек пе? 2004 жылы 90 пайыз депутаттар қазақ тіліне қарсы шыққан. Оның 90 пайызы тағы да қазақтар. Ішінде тағы да Тасбай бар, олардың тізімін «Жас қазақ үні» түгел жариялаған. Тілін керек қылмағандар елін не қылсын?..
Сенатор мырза «елімізде бәрі орыс тілін біледі» – дейді беті бүлк етпей… Симамбаев өзі білсе болдыекен да…Ал, миллионға жуық оралмандар мен емге бір орыс таппайтын ауылдардағы (ондай ауылдардысолтүстік қазағы, астаналардан алысқа шықпайтын Симамбаев өмірі көрмесе керек) қазақтарды, өзбектерді қайда қоямыз. Бұлардың саны үш миллион орыстың санынан әлдеқайда асып кетеді. Санақ қанша жерден өзге ұлттар пайдасына бұрмаланса да, бұл белгілі жайт. Сонда 23 пайыз орыстар үшін 77 пайыз өзге халықты жерге ұру керек пе, Симамбаев мырза?
Өз ана тілі мен мемлекеттік тілді білмейтін министрлер болса ,өздерінің соры, не үйренсін, не қызметін тастасын.
Кеше Кеден одағына кіру – Кеңес Одағына кіру деп, мыңдаған адам мәлімдеме жасады. Оның ішінде мүйізі қарағайдай саясаткерлер, экономистер, ғалымдар, зиялылар бар. Солардың бәрі сауатсыз екен де, біздің Симамбаев сияқтылар көреген көрінеді. Тасбайың тіпті «бірыңғай валютаға көшу керек» деп, теңгеміздің басына су құюға асығуда…Симамбаев сияқты біздің депутаттар бір күні тәуелсіздігімізді тәрк етіп, «күйсеп» тұра беретін түрі бар.
Тасбайдың тағы бір орысшылдығы – тың игеруді қазақты өсіру деп, «көрегенділік» көрсетеді де, өшіруге арналған саясатына көрсоқырлық танытады. Тың игерудің астарында қазақтың құйқалы жерін құртумен бірге, шеттен шектен шыққан қылмыскерлерге дейін қаптатып, қазақтың жазира жанын да «жырту», яғни ұлттық тінді, діл мен дінді, тілді құрту екенін қазір сенатор түгілі сауаты бар кез келген оқушы біледі…
Жалпы қазаққа Тасбай дегеннің кім екенін қысқаша таныстыра кетейік. Әкімшілік алғаш енгізілгенде Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданын( Симамбаев кеткен соң Шал ауданы болды) басқарды. Қалай басқарғанын «Мегаполис», «Караван» т.б. газеттерді парақтай қалсаңыз білесіз. Қырғыздың «Принц» дегенөндірістік-инвестициялық орталығымен сыбайласып, 3,5 миллион долларды ауданының мойнына ілгені үлкен шу болған. Кейін артына шала байланғандардың Астанаға қашатын әдетімен сенатор болып кетіп жаны қалған. Содан Тасекеңнің тасы өрмелеп, әлі күнге дейін, төрт шақырылымда да сенатор болып келеді… Оның Сергеев ауданын сергелдеңге салған «жыры» бұнымен ғана бітпейді. Қырғызға «кеткен» қыруар қаржыны іздеп, қолды болған мыңдаған гектар жерді даулап, экс-әкімдерін «қауіпті сыбайлас жемқорлар» қатарына қосқан жерлестері Президент
Н. Назарбаевқа дейін ашық хат жазып, біраз шабылды («Мегаполис» газеті). Әйтеуір депутаттық «қалқан» ғана әзірше құтқарып тұрған болса керек.
Әдеттегідей, қазақ тілі дауысқа түскен сайын қарсы болатын, енді міне, түспесе де, қарсы шыққан сенатор Симамбаевтың жиі қозғап, қолдайтын тақырыптары- депутаттарға зейнетақыны көбейту (қара халық не болса, ол болсын), ақшаны легализациялау ( неғып бітпейтін тығып тастаған ақша ол), шенеуніктердің бизнеспен айналысқан отбасына орден беру (басқаларға бермесе де болады), т.б. қарапайым сайлаушылардың күйіп тұрған талабына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, жеке басын күйттеген бірдеңелер… Осындай, елге, тілге қарсы сауалдармен де, тасбайларға біздің тасмаңдай мемлекетте… депутат бола беруге болады екен ғой…
Иә, біздің Қазақстанда бәрі де болады…