Бақыт туралы жыр

Бақыт деген мына сенің дәл қазір,
Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң…
Мұқағали

Балдауренде қиялдауды қоймаған,
Көз талдырдым мұнаралы мұнарға…
Мен бақытты шығармын деп ойлағам,
Бақыт жайлы жазған кезде шығарма.

Шалдықтырса, шала ұйқылы түндерім,
Шақырады шаңқан сәуле бір нәзік.
Бақыт құсы қонбады ма, білмедім,
Бақыт жайлы жүрмін әлі жыр жазып…

Күнімменен күмістеліп күлкім де,
Күндей мұңды… күндер күнде өтеді…
Жалғыз ғана білетінім, бұл күнде
Бақыт деген байлық емес екені…

Жарқыраса жаныңдағы жақұтың,
Қолда барды қадірсіз ғып қойған-ау….
Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын,
Бақыт деген – Бақыт жайлы ойламау! ….

45 пікір жазылған

Пікір жазу