МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ ҚОЛДАНЫЛУЫ ТИІС!

 Til Elbasy

Қазыбек ИСА, «Ақ жол» партиясы төрағасының  орынбасары: 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ  БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ ҚОЛДАНЫЛУЫ ТИІС!

 

2015 жылдың сәуір айының 11 жұлдызында Астана қаласындағы «Ақ жол” партиясының бас ғимаратында Қазақстан Президенті сайлауына байланысты «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбында өткен жиында жасалған баяндамасы

 

Мемлекеттік тіл  мемлекеттің  жері, туы, елтаңбасы және әнұраны секілді қасиет тұтып қастерлер рәміздерінің бірі.  Атазаңымызда айқын көрініс тапқан соң, оның өмірде де  сол Конституциямызға сай өз биігінде болуы бұлжымас заңдылық!  Ал Конституцияның сақталуының кепілі болып табылатын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  мемлекеттік тілді Атазаңымызға сай өз төріне биіктету үшін зор қайрат көрсетіп келеді. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың өзінің бастамашылығымен құрылған  “Мемлекеттік тілді дамыту қоры” да  нақты нәтижелі істерімен белгілі. Таяуда ғана Елбасымыз  Қытай елі марапаттаған “Жібек жолы” сыйлығының қомақты қаржысын осы Мемлекеттік тілді дамыту қорына сыйлады.
NN 1 — копия «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»-деп мәлімдеген Елбасымыз  Қазақстан халқына Жолдауында : «Қазақ тілі мәселесіне келер болсақ, бүгінде біздің тіліміз ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Одан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты және әлі де үйренуде.  Былтырға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10%-ға  өсті. Бұл да бізге біраз жайттан хабар берді. Тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 млрд теңге жұмсалды.

Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар — ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы деп білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, өзіміз соған атсалысуымыз керек,- деп қадап айтты.

Ал енді үкіметіміз осы үдеден шығып отыр ма? Түптің түбінде түбегейлі бетбұрыс жасалып,  мемлекеттік тіл мемлекеттік  деңгейде барлық жерде қолданылатыны анық. Еліміздегі ең жоғары лауазым – Президенттен мемлекеттік тіл үшін сынақ алғандай, барлық мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын кез жетті. Сонда ғана Елбасы Жолдауынада айтылғандай, 2025 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар 95 пайызға жетіп, қазақ тілі ­ ұлтты біріктіруші басты фактор бола береді.

Иә, 25 жылдан бері осы мемлекеттік тілдің аясында қыруар жұмыстар жасалды, бірақ нәтижесі қандай?.. Біздің биліктің биік бұтағында отырған лауазым иелері   қазақ тілінде қалай сөйлеп жүр? Бұлай сұрақ қоюымыздың себебі, жоғары жақта отырған көптеген шенеуніктер мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайды. Соның бірі таяуда ғана Парламент Мәжілісінде депутат Виктор Киянскийдің Тәуелсіз Қазақстанның  мемлекеттік тілінде қойған сұрағына Қазақстанның Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров Ресейдің мемлекеттік тілінде жауап берді. Өткенде Еңбек және денсаулық вице-министрі Дәулет Арғындықов та депутаттардың қазақша қойған бір де бір сұрағына жауап бере алмады. Өзі көші-қон мәселесіне жетекшілік етеді екен, ал миллионнан астам оралман қандастарымыз Ресей тілін білмейді ғой…

Республикалық тәуелсіз «Қазақ үні» газеті  ұлттық мүдде, мемлекеттік тіл мәселесін көтеруде ең алдыңғы қатарда екенін ел жақсы біледі. Мысалы газетіміз бен qazaquni.kz  ұлттық порталында да ең көп оқылатын  мемлекеттік тіл туралы  мақалаларға  біз ҚР Президенті Н.Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»,  “Қазақ пен қазақ  қазақша сөйлессін”, “Он бес  жылда  аю да қазақша үйреніп алатын уақыт болды” деген ұлағаты да, қанатты сөздерін айдар етіп  келеміз.

Ашып айтарымыз, қазақ тіліне қарсы шығушылар, өзге ұлт өкілдері емес, өз өгейлеріміз. Біз бұл туралы талай айтып та, жазып та келеміз. Тағы да қайталаймыз. Мысалы,  әкімдіктегі, министрліктегі, парламенттегі, ұлттық компаниядағы, т.б. мемлекеттік мекемедегі өзге ұлт өкілдерін  айтпағанда, өз ана тілі мен мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер (парадокс емес пе)  тіл басқармасы қызметкерлері қазақ тілінде қағаз апарса, түсінбейді де, „Орыс тіліне аударып әкел” дейді. Оған „Бұл мемлекеттік тіл” ғой десең, „Бізде бәрі екі тілде ғой” деп, заңымыздағы осал тұсты  алдыңа тарта қояды.  „Онда өзің аударып ал!”-десең, „Мен мемлекеттік тілді білмеймін?”- деп, сауатсыздығына  ұялмай, қайта мақтанғандай түр көрсетеді… Оған табанының бүрі бар санаулы қызметкер ғана: „ Сенің өз ана тіліңді, қазақ тілін білмеуге, өкінішке орай, құқың болса, менің де шетел тілін, Ресейдің тілін білмеуге құқым бар. Ал менің мемлекеттік тілді білгенім  үшін ғана маған неге артық азап, артық жұмыс – тегін аудармашылық жұмыс жүктелуі керек? Керек болса, ақша төлеп, өзің аудартып ал” деп айта алады… Ал 99 пайызы бір күрсініп алып, негізгі жұмысын жиып қойып, жыл бойы „аудармашылықпен” айналысады…

Көрнекті орыс жазушысы К.Паустовский : «Ана тілін білмеу-ұлтқа жасалған опасыздық» деп жазды сол кездің өзінде… Біздің орысшыл қазақтарымыз  неге осы орыс данышпанының сөзін ескермейді?..

Мемлекеттік тіл деген сөз – ол тілдің өзге тілдерден артықшылығы, яғни қазақшаласақ, үстемдігі деген сөз. Бұл барлық дамыған мемлекеттер үшін әркім әліппедей білуге тиісті артықшылық!  Бұны біз күніге жүз рет, мың рет қайталай беруге тиіспіз!

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы “Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да  себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі” -дейді. Ал “Өз ана тілінде тәрбиеленбеген бала өз халқына қызмет ете алмайтыны” (Жүсіпбек Аймауытұлы) анық жәйт.  Ал мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы мемлекеттік тілде ең болмаса, демалыс сұрап, арыз жазуға сауаттары жетпейтінін  кезінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі  мәлімдеген болатын…

Расын айту керек, Президентіміз ана жылы  Германияға барғанда NNқазақша сөйлегенін көріп… Еуропа төрінде мемлекеттік тіліміз  естілді-ау деп, қатты разы болдық. Иә, одан соң Астанадағы Азиаданың  ғажайып ашылу салтанаты таза қазақ тілінде өтті. Тек ағылшын тілінде жүгіртпе жолдар жүріп отырды. 2011 жылы  өткен Ислам конференциясына төрағалық еткен  Президентіміз  Н.Назарбаев тек қазақ тілінде сөйледі.   Ұлттың еңсесі көтеріліп қалды. Бұл енді мемлекеттік тілді білмейтін, білетін барлық басшыларға үлгі болуы тиіс…

Президенттен бастап, Үкімет,  Парламент төрағаларынан бастап, министрлер, әкімдерден, барлық басшылардан бастап, тек мемлекеттік тілде сөйлесе, біріншіден, миллиардтар жұмсалса да, маңдымай жатқан (себебі қажеттілік жоқ) мемлекеттік тіл дамиды. Екіншіден, мемлекеттік тілді білетін қаншама қазақ пен қазақстандыққа жұмыс табылады.

Малайзия 1963 жылы тәуелсіздік алғанда Малай ұлты 40 пайызға да жетпейтін еді. Бірақ соған қарамастан Малай халқы енді малай емес, қожайын ұлт екендіктерін сөзбен ғана емес, нақты іспен дәлелдеп, мемлекеттік тіл, яғни қожайын тіл – Малай тілі деп жариялады. Сонымен қатар, қаншама жыл отарда болғандықтан, малай ұлтына басымдық берілді. Бұндай тарихи заңдылыққа 60 пайыздан астам болса да, өзге ұлт өкілдері парасатты түсіністікпен қарады. Малай ұлты 45 жылдан кейін, 2008 жылы ғана 50 пайызға жетті. Ал біз Тәуелсіздік алғанымызға қазір 25 жыл болса да, қазақ халқы 70 пайызға жуықтады…

Мемлекеттік тілді қолдауға қарсы шығатындар  өзгелер  емес, өзіміз деп жоғарыда айттық. Ал сын сағаттарда парасатты кәріс қызы Клара Хан, Украин Мәдениет орталығының төрағасы Валентин Лымаренко және Николай Щербинин, Алла Платонова секілді орыс ұлтының озық ойлы өкілдері мемлекеттік тілді қолдап шықты.  «Қазақ тіліне қарсылық -қазақ халқына қарсылық» деді Клара Хан ханым. «Қазақстанда қазақ тілі үстем болуы тиіс!» Кез-келген мемлекет мемлекеттік тілсіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің өмірі, мемлекеттің бейнесі. Бізде ол –Қазақ тілі. Бұл – Қазақстан Республикасы! Сондықтан мемлекеттік тілді бәрі білуі керек!» деп мәлімдеді Валентин Лымаренко. «20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес, орыстар ренжімеуі керек! Мемлекеттік тілді білмегендер, елді қалай басқарады?» деді орыс Николай Щербинин. Ал орыс қызы Алла Платонова 2011 жылы Көкшетауда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында: «Қай мемлекетте тұрып өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге, құрметтеуге міндеттісің! Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау. Қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып, бірақ тілін менсінбеушілер елдеріне кетсін!» деді. Бұны  орыстың ойлы қызы Алла Платонова айтты…

boris-anikin-1   Ал өскемендік белгілі ақын, «Золотое перо России» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Борис Петрович Аникин (суретте) : «Я член союза писателей России. Автор нескольких поэтических сборников. Я упорно изучаю казахский язык. Считаю, что каждый человек, который проживает в Казахстане, должен знать государственный язык, чтить культуру и обычаи этой великой нации. Сам Лев Толстой и Достоевский, приклонялись перед тюрками. Анна Ахматова потомок последнего хана Золотой Орды Ахмата. Казахи великий и воинственный народ. Призываю всех изучать казахский язык!!!» -деп жазады.  https://www.qazaquni.kz/?p=27285

Яғни, өзге ұлт өкілдерінің барлығы Мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін түсініп, ынтымақтастық көрсетіп отыр.

Елбасымыз айтқандай, ынтымақ пен тату бірлік жолында  мемлекет құраушы ұлт ретінде жоғары жауапкершілікті арқалаған  қазақтарға   өзге этнос өкілдері  алғыс айтып, мемлекеттік тілді үйренуге міндетті екенін сезінуі тиіс.  25 жыл мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлемеген Президентке рахмет айта отырып, енді елдің бәрін мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттейтін заң қабылдауға  олардың өздері мүдделі болуы тиіс.

Ал нақты істің партиясы  – “Ақ жол”  мемлекеттік тіл мәселесінде бар мүмкіндігінше өз үлесін қосып келеді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет  шетелде қазақ тілінде сөйлеген саяси партия – “Ақ жол”.  Былтыр күзде Қытай Коммунистік партиясының шақыруымен Бейжіңге ресми іссапармен барғанда Қытай Парламентінде вице-спикермен кездесуде   «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекеттік тілде сөйлеп, қытайлық әріптестерін әбден састырды…  Ал 2012 жылы ақжолдықтар жасаған Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын Үкіметіміз өткізбей тастады. Бұл туралы кезінде  баспасөзде сын мақала жазылды да.   Ал мемлекеттік тілді қолдау туралы қоғамда резонанс тудырған әйгілі 138-дің хатына Азат Перуашевтан бастап, “Ақ жолдың”  Орталық Кеңесінің 23 мүшесі қол қойып, осы Үндеуді қолдаған  Мәлімдеме жасаған жалғыз партиямыз.  Біздің партияның саяси бағдарламасында Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен Қазақстан Конституциясы және ел тарихынан сынақ тапсыру ұсынылған.  Сонымен бірге  «Ақ жол» партиясы Үкіметке бүкіл  еліміз  бойынша мемлекеттік тілде жаппай диктант жазу туралы депутаттық сауал жолдап, бұл ұсынысты биыл Үкімет қолға алайын деп отырғанын айтуымыз керек.  Ал ұлттық мүдде мен мемлекеттік тіл мәселесі, Алаш арыстары туралы талай рет депутаттық сауалдар жасап келеді.

Қорыта айтқанда, Мемлекеттік тіл мемлекеттік  деңгейде барлық жерде қолданылуы тиіс!  Мемлекеттік тіліміз  мемлекеттік мәртебесіне сай болуы үшін әрқайсымыз  нақты іс жүзінде өз үлесімізді қоса берейік!

Сондықтан да, 26 сәуірде Қазақстан Президенті сайлауында ақжолдықтар  руханиятқа қамқор рухы биік тұлға, әлемдік деңгейдегі саңлақ саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа  үлкен үміт артып отыр.

Ең басты баламасыз бағымыз ел Тәуелсіздігі болса, Көк түріктер қағанатынан қанат қағып, әйгілі  Алтын Орда мен биыл 550 жылдығы мерекеленгелі отырған Қазақ хандығына қазық болған Мәңгілік ел идеясын мұрат еткен Елбасымыз ел сенімін биікке көтеріп, Алаш аманатын арқалай  береді деп сенеміз!

qazaquni.kz

1 пікір жазылған

Пікір жазу