Түнде түсіме анам кіріп оянсам,
бір ағамыз: «Анаң мен келінді мерекелерімен
құттықтап қойғын»-деп, көңілімді босатты…
Кірді анашым түсіме бүгін тағы,
Ерке күнін іздеумен жүр ұрпағы…
Күресі мен күрмеуі көп өмір ғой,
Кездесе де бермейді ұрымталы…
Кірді анашым түсіме бүгін тағы…
Наразы боп жүрсің бе тірлігіме,
Намазы көп бұзылған бұл күніме…
Қисық кетіп, қысылған кездерімде,
Түске кіріп қинайсың ұлды міне…
Жүр ме екенсің дәметіп аяулы анам,
Анық бейнең… берді ғой аян маған…
Жеті шелпек пісірді келініңіз,
Бағыштады ұл дұғасын… баяулаған.
Сүйегіңіз саудырап талай келген,
Сол баяғы Алматы арай көрген.
Ақын ұлың жүруде аман-есен,
Қайта-қайта ауылға қарай берген…
Келешекке беттеуде керегелер,
Әжені іздеп ән салар немерелер…
Теріп жүрмін терменен несібемді,
Тірі пенде барлығын көре берер.
Әперем деп үйдегі құлыншаққа,
Сен таппаған бар ұлттық қуыршақ та…
Сөйлейді олар қазақша…
Тек адамдар,
Қуыршаққа жетпей жүр қуынсақ та…
Сізге де айтып кеттім-ау арызымды,
Бұл өмірде қайтейін, бәрі зілді…
Қалам алып жүрген соң…
Қазағыма
Қайтарсам деп ойлаймын қарызымды…
Айтпақшы, апа, елуге келеді ұлың,
Алла жазса, елге есеп береді ұлың.
Мерекені мейрамдап жатыр бәрі,
Босап отыр көңілім неге бүгін?..
Өзіңізбен бірге атқан талай таңы,
Әңгімемен әкем кеш қарайтады.
«Ауылға қайт» дегенді әлі айтады…
Сексеннің де, әрине, бар айтары:
«Кемпір әпер» дегенді кемітуде,
Сізді өйткені бұл күнде көп айтады…
Кірді анашым түсіме бүгін тағы,
Жапырағын жаюмен жүр ұрпағы.
Аманатың аналық жүрегімде,
Ұмытпайды уәдесін ұл ынталы.
Кірді анашым түсіме бүгін тағы…
Үздіккенмен жетер тек үркерге әнің,
Бір кем дүние деген ғой, бір кем халің…
Жал көрсетіп, жан сырдың бүркем бәрін…
Апам еске түскенде… елуде де,
Жасыра алмай… жасымды ірке алмадым…
Шын қысқанда кім шерін шығармаған,
Әкесінің сезімін ұғар балам…
Жүрсің бе, апа, алаңдап ол жақта да…
Бір-ақ медет тілеймін бір Алладан!