Шексіз қуат бойында бар сақталған,
Шау тартқанмен шағың жоқ шаршап қалған.
Хат жазасың қос ұлға әскердегі,
Мейір төгіп икемсіз саусақтардан.
Жырдың сиқыр сазына құрсаулы есі,
Тұңғыш ұлдың тыншымай жүрсе әуресі,
Дертің меңдеп кетсе де, демеусің сен,
Көкірегіңде сөнбейді күн сәулесі.
Тауқыметін тірліктің үйіп-төккен,
Көтересің көңілден құйып көктем.
Аспан-жердің арасы аядай боп,
Аялы жанарыңа сиып кеткен.
Болмайды бір жаныңда маза деген,
Тәтті тартар тәрбие азабы ерен,
Қара жердің қайғысын көтеретін,
Қайран ана жүрегі – ғажап әлем.
Келер күннің кез қылар қандайына,
Тірлік енді татып жүр таңдайыма.
Жолым болмай, жол соғып жүрген кезім,
Жолдар салып кетеді маңдайыңа…
Ізгі бейнең көрінер көркем, әсем,
Бүгін бақуат бол, апа, ертең есен,
Өмірге айтар өкпем де азаяды,
Өзіңе кеп бір мезет еркелесем…
Бала көңіл анашым, дана көңіл,
Ұлыңды ойлап жүрмісің дала көңіл.
Әжіміңді көбейткен сайын сенің,
Парызымды молайтып барады өмір…