Қазыбек Исаның жеке сайты

Апам мен көкем

Апам мен көкем. Суретті салған Мақсат Бексұлтанов.

Тәттілік

Жүрегімді сыздатасың, өткен күн,
Құмды ауылда қалып қойды көп белгің…
Көкем менен апама еріп бардым мен,
Көк егіске көркем күні көктемнің.
Көкем алда, иығында кетпені,
Апам артта, қалар күтіп көп мені…
Қалып қойып, әрнәрсеге алаңдап,
Жүгіремін екеуіне жеткелі…
Күріштік қой, емес онда жеке бау,
Көкем маған көрінетін өте дәу…
Тұңғыш ұлды тұңғыш ерткен егіске,
Әке-шешем сонда жап-жас екен-ау!..
Жейтін жаздай бәрімізге қоректік,
Жегенелеп, қауын-қарбыз, тал ектік.
Жетіге әлі жетпесем де, еректік-
Көкке төбем жетіп жүрді сол күні,
Көкеме мен жүргеніме көмек қып…
Тәттілігі талай жырға жүк болар,
Қауынынан қауымға үлкен құт қонар…
Көкөнісін күтіп жүріп күн сайын,
Көкөрімі- менен жеміс күтті олар…
Жаздың күні Қызылқұмды қыздырып,
Жатса- дағы жатпайтынбыз біз біліп…
Бүкіл ауыл ұйықтайтұғын тал түсте,
Үлкен жолға отырар ем үздігіп…
Қалса да артта қаншама асу, толқын, бел,
Ұмытпаймын, сол кездегі көркіңді ел…
Еркелеген қатар әке-шешеме,
Ең бақытты күндер екен сол күндер…
Үлкен жолға шығарып сап баласын,
Жемісімді көріп кетті анашым…
Көзәйнектің керек болмай көмегі,
Көкем бүгін көп ойлайды шамасын…
Сар далада сағым қуған ұл едім,
Сарылады, сағынбайды кім елін…
Оралмайды шырын күндер… білемін…
Бақыттымын дей аламын, бірақ та,
Неге менің ауырады жүрегім?..
Жетегімен көкке тартқан көңілдің,
Иә, біраз биіктерден көріндім..
Қояр емес қозған шоқтай қоңыр мұң…
Қызылқұмның ыстығына күйген ұл,
Суығына төзді талай өмірдің…
Көз алдымнан әлі күнге кетпейді,
Бетке алсам ба, сол бір әсем беткейді…
Ол жерге ешкім бүгін қауын екпейді…
Көкөністер қаптаса да көп мейлі,
Көк базарда көрдім таңдап талайын,
Көкем еккен қауынға еш жетпейді…
Бұл өмірдің ең тәттісі бала күн,
Бала күнді бақытыма баладым…
Қайда кеттің, қайта-қайта қарадым…
Қайран күндер, қайдан сені табамын?..
Тәттілік тек қауында екен қарағым…
Ащы тірлік…
Жүрегімде нала мұң…
Сыздансам да…
Сыздағанын білдірмей,
Жасыра алмай қояды айтып жанарым…
Бір-ақ сәтке оралшы сен,
Бала күн?!.
Біраз тірлік еттік біздер ел үшін,
Кейінгі ұрпақ келтірер ме кемісін…
Жылы жайда жылтыр өскен балалар,
Жылыжайдың жегенге мәз жемісін…
Балалығым, бүгін маған мұңсың тек,
Балдай қауын…
Түске кіріп жүрсің көп…
Балаларды жылда ауылға жіберем,
Тәттіліктің қайда екенін білсін деп!..

Қазыбек Иса