Қазыбек Исаның жеке сайты

Аттанарда

Шабыт алып шаңыңнан, шағылыңнан,
Дауа таптым дамылсыз дауылыңнан.
Ұлы дүбір ұлыңа ұйқы бермей,
Ұзап кетіп барамын ауылымнан.

Балалардың жүретін көңіл аулап,
Барлығының барады өңі баурап…
Жүрегімнің үн қосқан дүрсіліне,
Соңғы сабақ қоштасты қоңыраулап…

Әулиелер басына барып тұрып,
Дұға оқыдым дертімді таныттырып.
Ұзақ өмір тіледі Ұзын ата,
Ұзаққа ұлын ұзатып салып тұрып…

Тарихымен таңдатқан тәмәм елді,
Даламдағы бұл да бір дара белгі –
Мұңымды да айтпай-ақ ұғынды ма,
Мұңлық – Зарлық мұңданып қала берді…

Сағымымен қоштастым сар даланың,
Сағынумен сан өлең арнағамын,
Көз жетпейтін көкжиек көңіл тартып,
Шағаласы шарқ ұрды Шардараның.

Су жағалап ну тоғай кеткен бойлап,
Жүруші едік көп бала көктемде ойнап.
Ат шалдырдам атақты Сыр бойына,
Толқынымен толқыдым өткенді ойлап …

Қаланғанша төсінде қабір тасым,
Ұлы дала, ұлыңды сағынтасың …
Қайта-қайта соңыма қарай бердім,
Құдай өзі алдымнан жарылқасын…