*Қаз-қалпында
Саясатта неше түрлі жағдайлар бола береді ғой. 2007 жылғы елімізде ең алғашқы партиялық тізіммен түсетін Парламент сайлауында Әлихан Бәйменов басқаратын «Ақ жол» партиясына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаевтың «Әділет» партиясы келіп қосылды. Біз сияқты басым бөлігі зиялылардан құралған партияға кілең заңгерлер мен кәсіпкерлер келіп, араласып кеттік. Саяси әлемде «Ақ жолдың» әйгілі аты бар, «Әділеттің» қаржылық «заты» бар. Мақсұт Нәрікбаевтың Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен Украинада бірге оқыған достығын естіп жүрген ел сол кезде неше түрлі жел сөзге ерік бергенмен, орасан зор шығын кететін сайлау алдындағы бұл қосылудың басты мәні осы еді… Сайлаудан кейін әдеттегідей әркім өз жөнімен кетті…
Менің айтайын дегенім – саясат емес… сайлау кезіндегі аспандағы айтыс. Айтыс болғанда да, саяси талас-тартыс емес, ұшақ ішінде демалып отырғанда Әлихан Бәйменов екеуміздің арамызда айтылған екі-үш ауыз өлең еді…
Көрпемізге қарай көсіліп жүрген біздің «Әділет» келгелі әріміз кіріп қалды. Сайлаушылармен кездесетін маңызды да, шұғыл жерлерге ұшақты шартерлеп ұшатын болдық. Ең алғашқы кездесуімізді қасиетті Түркістан қаласынан бастайтын болғасын, Алматыдан Шымкентке біраз адам ұшып шықтық. Түркістанға барып, әдейі жасалып қойған әкімдердің қатты кедергісіне қарамай, атты шерумен бастадық сайлау жорығын… Тіпті елбасының досы екенін айтпағанда, бір кездегі бас прокурор, жоғары сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтай ағамыздың алдында да әкімшлік тапсырмасымен келген ауданның жай прокурорының айылын тарпағанын көрдік… Заман-ай десеңші..
Сонымен, қойшы, байқамай зуылдап, саясатқа ауысып барады екенмін ғой (бәлкім бір кезде жазылар) , қайтарда, 17 шілде күні ұмытпасам, ұшақ ішінде шаруа біткен соң жайланып отырдық. Ұшақтың ұшқыштар отыратын алдында төрт адамдық жеке бөлмесі бар екен, яғни есігі жабылатын бизнес клас деуге келеді. Соған, яғни, төрге Әлихан Бәйменовпен бірге Мақсұт Нәрікбаев, дара тұлғалы қоғам қайраткері Амангелді Айталы, айтулы ақындар Ибрагим Исаев, Исраил Сапарбай секілді ақсақалдар жайғасты. Ал белгілі киноактер Асылболат Смағұлов, әйгілі әнші Кенжеғали Мыржықбаев, мен секілді көксақалдар «эконом класты» қанағат тұттық. Ұшақ ішінде түскі ас беріліп жатқан кез. Бір кезде төрге қарай сусынның күшті түрлері кіре бастады. Оны тағы да аяқ жақтағы «ас үйден» әп-әдемі әуесерік қыздар тура біздің төбемізден алып өтеді… Асылболат-Асекең екеуміз елеңдеп отырмыз, төрдегілердің бізге бұрылар түрі көрінбейді. «Мына шалдарың өздерінен басқаны ұмытып кеткен бе-ей» деп екеуміз қалжыңдай бастадық. Ал Кенжекеңнің ондаймен шаруасы жоқ. Ішетін ас-суын екі-үш рет шұқылап тексеріп көріп, талабына сай келсе, жеп алып, айналадағы ауаны «өлшегішімен» өлшеп көріп (жұтуға бола ма, болмай ма» дегендей), бәрі дұрыс болса, сағатына бір қарап қойып, ұйқсын қандыруға кіріседі.
Бір кезде Асекең маған: «Әлекеңе өлең жазып жіберсейші, қызық болсын» деді. Өзім де тамағым жыбырлап, зорға шыдап отырғанмын, лезде жазып жібердім:
Әлеке, жетпеді ғой, сәлемдемең,
Осындайда шығады өлең деген.
Шөп-шаламды жейміз деп, түйіліп қап,
Түріміз бар төр жаққа елеңдеген…
Мәкең мен Әбекеңе жеткізсеңіз,
Үміт бар ғой ойланып қалар деген..
Асекең де тыпыршып отыр мында,
Бәрібір Әлекеңе сенем деген…-
деп, екі шумақ өлеңді шай тасып жүрген әуесерік қыздан беріп жібердік.
Кіре салып, лып етіп қайта шығатын қызымыз бұл жолы кідіріп қалды… Не болар екен деп, жымыңдап біз отырмыз. Бір кезде әуесерік қыз мен беріп жіберген бір парақ қағазды қайта алып келді. Қарасам, қағаздың екінші бетінде Әлиханның жауабы бар екен:
Қазеке, білеміз ғой мінезіңді,
Бұзып қойып жүрмеңіз «режимді…»
Ас-ағаң да «боғы» емес сау сиырдың,
Сондықтан қойсай бізге ренжуді…
Әлиханның тапқырлығы мен ақындығына разы болып, күлісіп алып, қайта жаздық.
Ризамын жауапқа аға, мына.
Көп сөз бірақ келіп тұр… қаламыма.
Шайтан түсіп кетпесе, болды- дағы,
Шайырлардың шайқалған шарабына…
Ащыны айтып отырған біздер жоқпыз,
Тәтті беріп, құтылсаң, болады да…
Әсем қыздан өлеңімізді тағы беріп жібердік. Тағы кідіріс. Әуесерік қызымыз алып шыққан жауап мынадай екен:
Қазеке, өкпелеме, өкпелеңіз,
Біз сендерді қалайша жек көреміз?
Аспанда жағдаймыз не болар деп,
Жерге түссек, көрерміз деп келеміз…
Жақында қағаздарымды ақтарып отырып, осы екі парақ қағазды тауып алғанда сол бір кез есіме түсе кетті. Әлиханмен айтысқан басқа қағаздар сақталмапты. Әдемі әуесерік қызға арнап өлең жазып, жарысқанымыз, Әлекеңнің біздің өлеңімізді дереу орыс тіліне өлеңмен аударып жазып, оқып бергені бар еді. Тіпті, орыс қызға арнап, орысша өлеңді сол жерде суырып салып жазғаны біраз әңгіменің жүгі болары анық. Задынан зиялы, терең білімді, әлем әдебиеті мен мәдениетін, тарих пен философияны мамандардан артық білмесе, кем білмейтін Әлекеңнің бұл да болса, бір қыры шығар…
Табылған осы өлеңдерді жазып ала қояйын деп, қолға қалам алғанымның аяғы осы болды…
Қазыбек ИСА
24 қаңтар, 2013 жыл