Қазыбек Исаның жеке сайты

КЕДЕН ОДАҒЫ «КЕРЕМЕТ» ЕКЕН?..

ТАЛҒАТҚА ТАҢДАНУҒА БОЛМАЙДЫ…
ҚАЛИХАН АҒАМ ҚАЛАЙ «КІРІП» КЕТКЕН?..

Біздің биліктің бірнәрсені бүлдіріп алып, халыққа «ал, қабылдаңдар» деп тастай салатынына еті үйренген елміз ғой. Дүбара доктринасы басылмай жатып, ел тәуелсіздігін тығырыққа тірейтін Кеден одағы деген шықты. Бұның шуы доктринаның дүрбелеңінен де зор болайын деп тұр… Өйткені , жоғарыда отырғандар төмендегілермен – егемендіктің егесі – халықпен есептесуді өздеріне ар көрген болуы керек, Кеңес одағына… жо-жоқ… Кеден одағына кіріп кетіпті… Яғни, «пойыз кетіп қалғанына» біраз болған екен…
Өткенде, Мұқтар Шаханов жетекшілік ететін «Тәуелсіздікті қорғау» комитеті бастап, 200-ге таяу партиялар мен ұйымдар, зиялы қауым өкілдері Кеден одағына кіруге қарсылық танытып, мәлімдеме жасады. Оған қосылып, қол қоюшылар да күн санап көбеюде. Тіпті, таяуда «Отанды қорғау» атты ұйым да құрылып, олар да Кеден одағына қарсылығын білдіріп, көшеге шығуға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Әзірше, доктрина дүрбелеңі кезіндегідей «Мен қол қойған жоқпын» деп, тайып шығатын жаңа «досхандар» шыға қойған жоқ.. Бірақ «кеден одағы «керемет» деп, шаң жуытпай отырған жаңа «есімдер» пайда болуда.
Осы Кедендік одақты насихаттаушы топ таяуда Алматыда жиын өткізді. Кеден одағының «кереметтігін» түсінбей жүрген халыққа сауатын көрсетіп, «дәріс оқуға» біраз мәдениет пен ғылым қайраткерлері кірісіпті. «Ликбез» мұғалімдерінің» қатарында әртіс Талғат Теменов, ғалым Мұрат Жұрынов, қаламгерлер Қалихан Ысқақ пен Марфуға Айтқожа т.б. бар екенін мемлекеттік телеарналар қайта-қайта көрсетіп жатты…
Әрине, әртіс (тағы да әртіс…) Талғатқа таңғалуға болмайды. Ол кезекті ролін «ойнап тұр» және ойнай береді де… Ал, салмақты суреткер, қабырғалы қаламгер Қалихан ағамыз қалай бұл топқа кіріп кеткеніне түсінбедік. «Ресеймен жетпіс жыл бірге өмір сүрдік, бір-бірімізді жақсы танимыз», – деп, Қалихан көкемнің көңілі босап тұрғанын көріп, «орыстың қайыс ноқтасын сағынып қалған екен ғой» демеске лажымыз қалмады. Ал, бұрынғы Ғылым Академиясын жоятын қаулыға қол қойғандардың бірі, енді бүгін осындай жиындарда ғана академиктігін көрсетіп жүретін Академия президенті Мұрат Жұрыновтың айтуынша, мұртымыз майланып, Ресейге ет сатып, қарық болады екенбіз… Шамасы, бұл кісінің көзінен Кеңес Одағы кезіндегі мыңғырған малдың елесі кетпей жүргендей. Адам қолы жасаған апаттардан жүздеген адамы, табиғи тажалдардан сан мыңдаған малы қырылып жатқанда, қамбасында сыйғыза алмай жатқан еті бардай қауқылдағаны қызық екен…
… Бұл кісілердің сөз саптасына қарағанда өздеріне-өздері сенімсіз секілді. Біреуін біреу желкелеп әкеп, зорлап айтқызып тұрғандай көрінсе, біреуі осындай тапсырма алғанға масайрап, тақылдап тұр…
Әрине, әркімнің не десе де өз еркі… Бірақ , сан ғасырдан соң, ата-бабалардың төгілген қанының өтеуіне берілген Тәуелсіздіктің тағдыры да осы Кеден одағына байланысты болып тұрғаны айқын. Бұл туралы, яғни Кеден одағының 2017 жылы Кеңес Одағына айналатынын ресейлік саясаткерлерің ашық айтып отыр. Мысалы, Павел Бородин… Оған біздің ұлтшылдарды аңдығыш «ұшқыр» билігіміз «мыңқ» деп жауап қайтарар емес. Ресей Үкіметбасы Путиннің орынбасары Шуваловтың қасында Шүкеевіміз неге төменшіктейді? Ресей саясаткерлері өз мүддесін, империялық мүддені ғана ойлайды. Олар өйткені, ұлтшыл. Ұлтшыл болған соң ұлты үшін, мемлекеті үшін құрбан болуға бар. Мысалы, шовинист Жириновскийді ел қатты қолдап, ол Ресей думасында вице-спикер болып отыр. Ал біздің нигилист «саясаткерлеріміз», мысалы, мемлекеттік hәм ана тілінде бір ауыз сөз білмейтін Ғани Қасымовты кім қолдайды, биліктен басқа?.. Оған тек зейнеткер шал Нидің оң қабағы керек сенатор болу үшін.Ол ғана емес, нұротандық депутаттардың тоқсан пайызына халық даусынан гөрі биліктің назары қымбат. Өз ұлтына берілгендігіне қарап бағаласаң, маған Қасымовтан Жириновский жүз есе артық…
Біздікі «Мен қауіп еткеннен айтамын» деген Мұрат ақынның заманынан бітпей келе жатқан зар ғой…
Айтпақшы, ағаларымыз «тырнақ астынан кір іздемесін» деп, «кіріп кеткен» деген сөзді тырнақшаға алып отырмыз. Әйтпесе ертең кейбіреулер «мен қайда, қалай, қай жерге… кіріп кетіппін», – деп, дау шығаруы мүмкін ғой…