ЫСТЫҚТАН ҚАШҚАН ЖЫЛҚЫЛАР ҒИМАРАТҚА КІРІП АЛАДЫ…
Оразадағы ордалы Оңтүстікке сапарымыздың алғашқы бекеті Шымкент қаласы болды. Шырайлы Шымқала шаһарының тұрғындары миллионнан асып, мерейлері тасып жатыр екен… Бір күнде туған-туыс, құда-жегжатты түгендеп, ертеңіне түске таман Шардараға бет алдық. Әйтеуір шығар кезде Шымкентте денсаулығын түзетіп жатқан кластас досым Батырбекке кіріп, көңілін сұрап үлгердік. Мектептегі, Алматыдағы студенттік кездердегі қызықтарды айтып, әйелі Әлия екеуін біраз күлдіріп, көңілдерін көтеріп кеттік.
Маусымның 12-сі күні Арыс-Шардара трассасының басындағы Арыс қаласы маңында мәшинеде 39 градус ыстықты көрсетіп тұрды. Сағат 15-тің кезіндегі қайнаған ыстыққа шыдамаған бір үйір жылқы салынып бітпей қалған ғимаратқа кіріп, бөлмелеріне жайғасып алып, көлеңкелеп тұр екен. Бір жарым метрлік биіктіктегі бірінші қабатқа жылқылар секіріп кірген болуы керек.
Рөльде отырған ұлым Әзірет әдеттегідей зулап өтіп кетсе де, тоқтатып кері қайтардым. Көліктен түсіп, үй бөлмелерінде үйездеп тұрған жылқыларды жайлап телефон камерасына түсіре бастадым. Видео біткесін, «бейнесі анық болсын» деп, жақыннан суретке түсіру үшін ішке секіріп шығып кіріп едім, жылқылар мазаларын алғанды жақтырмай, біртіндеп, бірінің соңынан бірі сыртқа шыға бастады…
«Көлеңкеден шығарып алдым-ау» деп, өзім де ойланып қалдым. Бірақ, ешнәрсе етпес, ысқықта туғанбыз ғой жылқылар да, біз де… деп өзімді жұбатып қойдым. Ал жылқылардың қандай көңіл күйде болғаны, әрине, беймәлім… Былтыр бір жыл ауылға бармай қалып едім, жылқылар да танымай қалыпты, камерамнан үркіп кетті ғой деймін… Сондықтан ауылға жиі барып тұру керек деп шештім…
Қайнаған ыстықта одан бетер қайнаған қара жолдың үстінде біраз күтіп қалғандардың атынан апалары Жәннат: «Астанадан осы жылқыларды суретке түсіруге келгенсің бе?»-деп бір «шымшып» алды…
Жолда қасиетті мекен «Мұңлық-Зарлық» мазарының тұсына тоқтап, дұға оқыдық. Әлемге әйгілі қаламгер Дулат Исабековтың айтуынша қазақтың бүкіл эпостық жырлары кейіпкерлерінің ішінде екеуінің-ақ қабірі бар. Олар Қозы Көрпеш -Баян сұлу мен осы Мұңлық -Зарлық. Мұңлық-Зарлық туралы Дулат ағамыздың драмасы және осы драма желісімен түсірілген балаларға арналған анимациялық фильм бар. Менің де 1995 жылы шыққан тұңғыш кітабым «Керімсалға» кірген «Мұңлық-Зарлық мұқамы» хамсаятым бар. 2012 жылы 50 жасқа толған жыр кешімде Алматыдағы Жамбыл атындағы филармония залында Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы театр факультеті студенттерімен талантты режиссер Асхат Майемеров (қазір М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма театры директоры) осы «Мұңлық-Зарлық мұқамы» бойынша театрландырылған қойылым қойды. Ел жақсы қабылдады. Сөз сөйлеген жазушы-драматург Дулат Исабеков: «Мен мына Қазыбектің «Мұңлық-Зарлығын» көріп отырып, бұрынғыдан мүлде басқа ойларға бөлендім»-деді.
Жолда киелі Ұзын Ата кесенесіне кіріп, ата-баба, әке-шешелерімізге, ағайын-туыстарға арнап дұға оқыдық. Кіші Сейіт, Үлкен Сейіт мазарлары тұсында да әруақтарға құран бағыштадық.
Шардара шаһарына кіргесін, ұлым Әзірет нұсқау күтпей-ақ, баратын жерімізге зулап барады. «Сен Шардараны жақсы біледі екенсің ғой»,-десем , «Көке, менің Шардарада екі ай оқып, мектеп бітіргенімді ұмытып қалдыңыз ба?»-дейді. «Е-е-е, сен де шардаралық екенсің ғой»-деп, күліп жатырмын.
Жылқылар мені тосырқап қалыпты деп өкпелеп жүрсем, Шардара ауданы әкімшілігінің есігі алдындағы полицей де танымай қалып, біраз кідіртіп қойды. Аудан әкімі Болатбек Қыстауов пен аудан әкімі орынбасары Бауыржан Шомпиев бауырларыма.»Ауылға жиі келмесем болмайды екен, есік алдындағылар танымай қалды»-деп, күліп алдық.
Әкім Болатбек Қыстауов Шардара ауданының экономикалық-әлеуметтік жағдайын айтып, «Қазақ үні» газетіндегі барлық маңызды мақалалармен таныс екенін танытып, талайын талқылап тастадық.
Қызыр қонған Қызылқұмды ойып орналасқан шағалалы Шардара теңізінде шомылып, шағылын шарлап, топырағына аунап, ыстығына күйіп, бір марқайып қалдық. Әсіресе, Иманғали немеремізді шағылға аунатып, күйдіріп, суға шомылдырып, аттас атасын Алаш ардақтылары қадірлей айтып жүргендей «қара балаға» айналдырып алып, мәз болдық.
Қызылқұмы да, Сырдарияны бөгегеннен пайда болған Шардара теңізі де (жергілікті ел Шардараны теңіз дейді) әдемі үйлескен жерде салынған әсем «Алтын жағажайдың» ажары Анталияңнан артық болмаса, кем емес! Иә, бір әттеген-айы, бағасы да… Анталияңнан артық болмаса, кем емес екен… Жергілікті тұрғындардан гөрі шет қалалықтардың көптігіне қарап та бұған көзің жетеді…
Міне, нағыз туризмнің өрісі мен жемісі ретінде дамытатын өңір осы – шалқыған Шардара!
Өзіміз өскен Қызылқұм ауылында қарашаңырақтағы Нұралы ініміздің және көршіміз Тәшкенбай көкеміздің ауызашарларына қатыстық. 15 маусым күні ауыл мешітінде жамағатпен бірге қасиетті Ораза айт намазын оқыдық. Имам Битас молда уағыз айтты. Ел ағасы, еңбек ардагері, ауыл биі Жұмабай Исым Ораза Айт мейрамына ақ тілек айтып, маған сөз берді. Мен де қадірлі жамағатты қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтадым:
– Айт намазын ауылда оқу сәті түскен сайын қуанамын. Екі жыл бұрын да осылай ауылда қарсы алып едім Айт мейрамын. Ана бір жылы ақиық ақын Мұхтар Шахановтың мерейтойында киелі Түркістанда айт намазын оқығанда да қатты қуанып едік. Биыл, өткенде 25 мамырда «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесінің барлық мүшелері мен белсенділері Түркістанға келіп, жылда өтетін дәстүрлі ауызашарымызды бердік. Он екі айдың сұлтаны Рамазан айында тұтқан Оразаларыңыз қабыл болсын! Қасиетті Қадір түні тілеген арман-мақсаттарыңыздың орындалуын Алла нәсіп еткей! Иманымыз бен жиғанымыз Айт мерекесінің берекесін арттыра бергей! Дініміз берік, діліміз мықты, тіліміз төрде, еліміз мақтаулы, жеріміз сақтаулы бола беруде жұмылып қайрат көрсете берейік. Ұлттық мүддемізді ұлықтап, озық салт-дәстүрімізді сақтай білейік! Тәуелсіз Қазақ Елінің сәулеті мен дәулеті арта бергей!
Сыртқа шыққанда кластасым, «Желтоқсан Ақиқаты» қоғамының Шардара аудандық филиалы төрағасы Сапаралы Ахмет жолығып, хал-жағдай сұрастық.
-Екі күннен бері екі ауызашарға қатыстым. Елдің бәрі бар, кластастарым сені мен Шалқар екеуің жоқсыңдар ғой,-деп тиісе кеттім.
-Біздің Шалқар екеуміздің аузымыз берік емес қой, -деп күмілжіп қалды.
–Денсаулықтарың нашар ма еді сендердің?
-Жоқ, жақсы, құдайға шүкір, -деді жардай болып ыңыранып, екі иығынан деп алып, ырсылдап.
-Онда ақыл-естерің дұрыс емес екен ғой! Оразаны не денсаулықтары нашар, не ақыл-естері дұрыс еместер ғана ұстамайды! Он екі айдың бір айында ғана Алланың разылығы үшін мұсылман парызын орындап, кеш батқанша тамақ жемеуге шамаларың жетпей ме? Сексендегі кәриялар да, жап-жас балалар да ұстап жатыр ғой-деп, түйреп алдым. Елдің бәрі күлді.
-Өй, сен Астанадан ауылға бізге ұрысуға келгенсің бе?-деп ыржалаңдап күліп, құтылды…
15 маусымда таңертең шығып бара жатып, мамырдың 16-сында, Оразаның басталар күні Қызылқұм ауылы әкімі болып сайланған ініміз Нұралының кеңсесіне кіріп шықтық. Бұл кеңсеге осы Қызылқұм кеңшарын 1974 жылы ашып, өз қолымен тұрғызып, өркендеткен елге белгілі ағамыз Батырбай Сейдановтың кезінде, осыдан отыз жылдай бұрын бір кіргенім есімде бар, содан кейін енді кіріп тұр екенмін, Нұралыға ақ тілегімізді айтып, батамызды беріп шықтық.
Қайтар жолда таңғы сағат 10-дардың шамасында өткендегі жылқылардың сол ғимаратқа қайта кіріп алғанын тағы көрдім. Бұл кез – күннің аса ыси қоймаған шағы. Соған қарағанда, жылқылар тек ыстықтан ғана емес… биылғы қуаңшылықтан шөптің бәрі қурап кеткесін, ғимаратты паналап жүр-ау деп те ойлап қойдым… Олай болса, жылқылардың көзіне не бетіммен қараймын деп, тоқтамай өтіп кеттім…
Арыстық Әуелханның газетімізге құрғақшылық туралы мақала жазып жүргені бекер емес екен… Дегенмен, небір қиындықты көрген ел бір жаздық қуаңшылықты да көтеріп аларына сенемін. Жаратқан ием жақсылығынан жазбасын дейік!
Қасиетті Ораза Айт мерекелеріңіз құтты болсын!
Алла жар болып, Алаш аман болсын!
Қазыбек ИСА
Астана-Алматы-Шымкент-Шардара-Қызылқұм-Алматы
Qazaquni.kz
17 маусым 2018 жыл.