Қазыбек Исаның жеке сайты

КӨҢІЛ СҰРАУ – КӨҢІЛДІ КӨТЕРІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, АУРУДЫ ЖАЗАДЫ

 

Қазақтың игі дәстүрі бар, ауырып қалған адамның көңілін сұрай баратын. Бұның бір жанға демеу, жақсы іс екенін ауырған адам ғана біледі. Бүгін Азат бауырым арнайы келіп, көңілімді сұрап, хал- жағдайымды біліп кеткенде бұған тағы да анық көзім жетті.

Азекең алдын-ала айтпай, (ешнәрсеге әуреленбесін деген болуы керек) бірден хабарласып, келе жатқандарын айтты. Қасында көмекшісі Санжар бар екен.  Демалыс күні болғасын беймаал жүрген іүйдегі ең басты қонақ күтуші (біз мейманмен бірге мейман боламыз ғой) Жәннат жеңгесі абыр-сабыр болып, әйтеуір жарты сағатта дастарханын жайып та, етін салып та үлгеді

Азекеңнің келуімен Арқадан астаналық ағайындар, «Ақ жол» көшіп келгендей болды.Әзірет баламызға ақылын айтып, өздері күзде ақ баталарын берген Шырын келіннің иіліп сәлем салғанына қатты риза болып, Иманғали немереміздің маңдайынан иіскеп, көз тимесін деп, түкіріп қойды.

Арқа-жарқа әңгімемен ауруымыз да қашып кеткендей болды. Екі айдан бері үйден шықпай жатқан мен кеше ғана Алаш арыстары туралы «Тар заман» киносын көру үшін ғана сыртқа шыққан едім. (Бұл киноны бар қазақ көруі керек). Енді міне Азекеңнің Арқадағы достардан ақ тілек арқалап келуімен аяғымнан тік тұрып кеттім десе де болады. Алла жар болсын!

Өткенде де тобығым шығып, топтан қалып, оңаша жатқанда қазақтың белгілі журналист-ақындары Сәкен Сыбанбай, Әлібек Шегебай, Бекжан Әшірбек бастаған інілерім келіп, көңіл сұрағанда, бір тұрып кетіп, Моңғолиядағы Әлемдік ақындар фестифалынан бір-ақ шыққаным бар еді…
Одан кейін өткенде Нұркен, Өмірбек, Қуаныш6 , Бауыржан  секілді кластас достарымыз  Гүлбану, Гүлмира, Элмира,, Лаурадай сұлуларды бастап келгенде де қуанып қалдық.

«Аурудың емі – саудың сәлемі» дегенді атам қазақ қалай тауып айтқан деп, риза болып отырған жайымыз бар.

Енді міне, жас жазушы Еркінбек Серікбай інім де хабарласып жатыр, көңіліңізді сұрап, кіріп шығайын деп….

Көңілдеріңізді бір Алла көтерсін!

«Бірінші байлық – денсаулық» деген сөздің мәнін ауырғанда біледі екенсің.

Дәйім, дендеріңіз сау болсын, ағайын!

Қазыбек ИСА