Алланың рақымымен «Иманғалидың атасы» болдық!
«Адамның бір қызығы бала деген»- деп, Ұлы Абай айтқандай, адам ұрпағымен мың жасап, бақытқа кенеледі ғой. Біздің шаңырағымызда да тұңғыш немереміз, Иса әулетінің тұңғыш шөбересі, тұңғыш ұлымыз Әзіреттің тұңғыш ұлы дүние есігін ашты! Немеремізге ат қойған атасы, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер Ислам Әбішев пен біздің ойымыз бір жерден шығып, ел ардағы, рух сардары Иманғали Тасмағамбетов ағамыздың Алты Алашқа қадірлі есімін ырым етіп, ИМАНҒАЛИ деп, қойып едік, Алла жар болсын деп тілейміз!
Бұрын ел «Иманғалидың інісі» деп қалса, марқайып қалып жүретін едік. Енді осы уақытқа дейін азды-көпті біраз атағымызға ең сыйлы ат қосылып – «Иманғалидың атасы» боп шыға келдік, бір Алланың рақымымен.
Бұл үлкен қуанышымыздың хабары Мәскеудегі Имекеңе де жетіп, әр қазаққа болсын деп жүрген дара Иманғалидан бала Иманғалиға Ақ бата келіп жетіпті. Нартұлға ағамызды әрдайым Алла қолдап, жұлдызы жарқырай берсін дейміз!
Енді осы тұңғыш немереміз, періштеміз Иманғали Қазыбек Әзіретұлын қырқынан шығарып, бесікке салып, ата-әжелерінің ақ батасын алған соң, Аллаға шүкір деп отырмыз. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп, «Көп тілегі – көл» болар деп, ерекше қуанышымызды елмен де бөлісіп, халықтың да батасын алсақ деген ойымыз бар.
Қазыбек Иса
Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ:
Кішкентай аттасыма өмірдің бар игілігі мен
бақыт, береке тілеймін!
«Қазақ үні» газетінің басшысы
Қазыбек Исаға
Құрметті
Қазыбек Жарылқасынұлы, Жанат Ботайқызы!
Қай отбасында да, өмірге сәбидің келуі зор бақыт әрі шексіз қуаныш. Міне, осындай шаттығы мол сәт сіздердің әулеттеріңізде де орын алып, орта толтырып жатыр екен. Ұзағынан сүйіндіргей! Кішкентайдың бауы берік болып, қызығына кенеле бергейсіздер.
Әрине, біз бала есіміне қашанда ерекше мән беріп, жақсылық шақырған дана халықтың ұрпағымыз. Бұл ретте, нәрестелеріңізді «Иманғали» атап, маған көрсеткен үлкен құрметтеріңіз бен ыстық ықыластарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Ендеше, осынау кішкентай аттасыма өмірдің бар игілігі мен ізгі жолын, бақыт пен берекенің молын тілеймін. Сіздерге инабатты немере, тұтас елімізге арда азамат болып өссін.
Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға сарқылмас шаттық тілеймін!
Құрметпен, Иманғали Тасмағамбетов
Мәскеу
7 наурыз 2017 жыл